⛅
1°C
Қонаев
Сенбі, Қаңтар 31, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home БАҚ

    ЖУРНАЛИСТИКАДАҒЫ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ: қауіп пен мүмкіндік

    14.11.2025
    in БАҚ, Барлық жаңалықтар
    ЖУРНАЛИСТИКАДАҒЫ  ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ: қауіп пен мүмкіндік
    0
    SHARES
    22
    VIEWS

        Жер-жаһан жасанды интеллект жүйесіне бас ұрды. Жаңа технологияға ешкім тосырқап қараған жоқ. Әп-сәтте адамзат арасында кеңінен тарап, теңдесі жоқ жаңа зерде бүкіл тіршілік тамырына орнығып, тіпті адамның өзін басқаратын дәрежеге жетті. Адамзат технологиялық төңкерістің зардабы бар ма, пайдасы қандай деген заңды сауал да қойып үлгермеді. Енді аз уақытта жанымызда жүрген замандастарымызға, экранның арғы бетіндегі әңгімелесуші дос-жаран, туған-туыс, көрші-қолаң, құрбы-құрдасқа сенім артудан қалатын сияқтымыз. Өйткені, санамызда мына бейне өзі ме, өзі емес пе деген сауал менмұндалап тұратын күдік-күмәнға толы заман келе жатыр. Жасанды интеллект технологияның бүкіл саласына төңкеріс жасағанымен адамның ойлау қабілетін, сана-сезімін толық игеруі мүмкін бе? Адамгершілік пен ар-ұятты, гуманизм құндылықтарын қайда қоямыз? Жүріс-тұрысың мен сөйлеу мәнеріңді айнытпай қайталап, көкейдегі сауалыңа секунд ішінде жауап дайындайтын бұл не қылған ғажайып? Жасанды зердеге байланған жұмыр жердің келешегі қандай? Адам күшімен атқарылатын сан саланың жұмысы, мыңдаған мамандық жойылғаны ма? Оның ішінде, классикалық журналистика не күй кешпек? Жер бетін жасанды зерде жайлаған заманда халық кімге сенеді? Адамның мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын, екеуара отырып, сұхбат құра­тын, туындаған мәселемен мұқият танысып, мән-жайды анықтау үшін тау асып, су кешетін дәстүрлі журналистика тығырыққа тірелгені ме? Телеарналар мен газет-журнал, радиолар ғылыми төңкеріс жасаған жаңа технология жетегінде кете бере ме? Жалпы алғанда, жасанды зерде қорықпай қолданатын көмекші құралымыз ба әлде жаппай қорғанатын қас жауымыз ба өзі?! Осы және өзге де сауалдар төңірегінде 20-ға жуық пленарлық отырыс пен шеберлік сабақтарынан тұратын «Astana Media Week – 2025» атты үш күндік кезекті форумда кеңінен талқыланды.

    Маңызды шараның ашылуында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаты оқылды. Министр құттықтауында барлық форум қатысушыларына жалынды сәлемін жолдай отырып, дәстүрлі жиынның биылғы тақырыбы жасанды зердеге бағытталғанын атап өткен. «Биылғы медиа-аптаның күн тәртібіндегі маңызды тақырыптың бірі – жасанды интеллектіні пайдалану мәселесі. «Artificial Intelligence» (AI) технологиялары бүгінде көптеген БАҚ-та виртуалды жүргізушілер мен цифр­лық ассистенттер құру, аударма, субтитр жасау, контентті автоматтандыру және деректерді визуализациялау үшін кеңінен қолданылып жүр. Бұл сала масс-медиа алдында тың мүмкіндіктер ашып қоймай, журналистерге жаңа талап жүктейді. «Astana Media Week» аясындағы пікірталастар саланың өзекті мәселелерін шешуге мүмкіндік береді деп сенемін», – деп жазылған министр құттықтауында.
    Басқосуда заманауи медианың бүгіні мен келешегі, цифрландыру дәуіріндегі өзекті мәселелер, ақпараттандыру, медиаэтика және сенім, салалық журналистика, деректі фильм түсіру­дегі жаңа формат, телевизия трансфор­мациясы, нарықтағы контент тақырып­тары кеңінен талқыға түсті. «Ұлтқа қызмет ету – медиа миссиясы» деп аталған ауқымды форумда бірінші сессия отырысына ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов қатысты. Вице-министр өз сөзінде цифрлық ортаға бейімделумен бірге жалған ақпаратпен күрес мәселесі әлі де шешімін таппай келе жатқанын, ChatGPT, жасанды зерде мүмкіндіктерін қанша жерден кеңінен қолдансақ та, басты мақсат халық сеніміне селкеу түсіріп алмау екенін баса көрсетті. Сонымен бірге, ол Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан жасанды зердеге байланысты ауқымды жұмыс қолға алынғанын, қазіргі таңда Жасанды интеллект туралы Заң жобасы Парламент қабырғасында қаралып жатқанын жеткізді.


    «Жасанды интеллект пен цифр­ландыру кезеңіндегі журналис­тиканың жаңа бағыттары: қоғам сенімі және өркендеу» атты тақырып аясында өткен алғашқы басқосуда «Euronews» телеарнасының Қазақстандағы бюро жетекшісі мен халықаралық тілшісі Боян Бркич пен Денис Локтье құнды пікірлерімен бөлісті. Шетелдік қонақтар Қазақстандағы ақпарат құралдарының рөлін, жұмысы мен беделін бағалай келе, цифрландыруға байланысты назар аударатын мәселелерге де үңілді. «Жасанды интеллектінің шеңгелі бүкіл әлемді шарпып отыр. Біз оны айналып өте алмаймыз. Бүгінгідей ақпараттық соғыс өрті тұтанып тұрған шақта біз жаңа технологияны тиімді пайдаланғанымыз өте маңызды. Қалай десек те, дәстүрлі БАҚ-тың орнын алмастырады дегенге келіспейміз. Ауылдағы апаның жанайқайын немесе кез келген тұрғынның мұңы мен мұқтаждығын жасанды интеллект жүйесі түсіне алар ма екен? Әрине, жоқ. Ал ондай мәселені кәсіби журналист қана түсінеді, сезінеді және дер кезінде көтеріп, ақпарат құралдарына ұсына біледі. Сондықтан, газет-журнал мен телеарна тілшілерінің рөлі қай кезде де жоғары болып қала береді», – деді спикер Денис Локтье. Оның сөзінше, жасанды зердені газет секілді дәстүрлі медиада жеделдік үшін қолдануға болады, алайда көмекші құрал ретінде қараған абзалырақ. «Бірақ қайталап айтамын, ЖИ-ден соң (жасанды интеллект) газетке жарияланатын мақаланы міндетті түрде дұрыстығына көз жеткізіп, бірнеше қайтара тексеріп алу керек. Қазір ақпарат агенттіктерімен, баспасөз баянымен, басқа да пресс-релиздермен жұмыс істейтін БАҚ өкілдері жұмысын жылдамдату үшін ЖИ жүйесін пайдаланғанда техниканың да қате жіберетінін ұғынатын кез келді. Тексеріп алмай, ақпаратты тікелей жіберетін болсақ, бұл біздің журналист ретіндегі жеке беделімізге ғана емес, көрермен мен оқырмандардың БАҚ-қа деген сеніміне де нұқсан келтіруі мүмкін. Жасанды интеллектінің басты қаупі сол, желіде тараған жалған жаңалықтармен бірге контентке өтірік ой қосып жіберетіні де бар», – деді шетелдік спикер.
    Пленарлық отырыста Өзбекстан Ұлттық медиа қауымдастығы бас директорының орынбасары Санжар Устабобоев өз еліндегі БАҚ-тың жұмысы жайында ақпарат берсе, отандық «Жетінші арна» телеарнасының бас директоры Илхам Ибрагимов журналистиканың жаңа бағыттарына тоқталып, қоғам сенімін арттырудың негізгі аспектілерімен таныстырды. «ЖИ өнімдері журналист зердесін алмастыра алмайды. Өйткені, ЖИ ұсынатын ақпараттың 20 пайызы қате. Егер сіз бір ақпаратты бірнеше ЖИ-ден сұрасаңыз, олар бір-біріне ұқсамайтын әртүрлі мәлімет береді. Сондықтан, мен мұндай мәліметтің дәстүрлі БАҚ-тан жарияланғанын қаламаймын», – деді «Жетінші арна» басшысы. Шарада түркиялық спикер Мехмед Заһид бүгінгі ақпарат құралдарын жасанды интеллектіге бейімдеу үдерістері мен онда кездесетін түйткілдер жайлы сөз қозғады.


    Жиынның келесі бөлігі жасанды интеллектісі бар цифрлық медианың пайда болуы мен дамуына арналды. Онда ұтымды пікір айта білген «Atameken Business» телеарнасының бас директоры Қанат Сахариянов ЖИ қолданған кезде ұлттық мүдде мен мемлекет қауіпсіздігі басты орында тұруы керегін, осы орайда қазақ тілді контент санын арттырып, мәліметтер базасын қалыптастыру кезек күттірмейтін мәселе екенін әңгімеледі. Басқосуда жасанды зерде арқылы дайындалған материалдарға арнайы таңба қою мәселесі де көтерілді. Бұл тақырыпқа спикерлер қазірше қажеттілік тумағанын, бірақ болашақта автор немесе дайындаушы ретінде белгілі бір норма қалыптасатыны жайында сөз етті.
    Медиафорумның келесі тақырыбы әдеп-этика турасында өрбіді. «Медиа­этика – сенімнің іргетасы» деген тақырыпта ҚР Парламенті Сенаты­ның депутаты Бибігүл Жексенбай, «Qazaqstan» телеарнасының директоры Болат Мүрсәлім, Алматы қаласынан «Alatau Aqparat» медиахолдингінің бас директоры Ержан Қалымбайұлы бастаған білікті спикерлер сөз сөйлеп, ой-пікірлерімен бөлісті. Мұнда да жасанды зерде тек журналистердің жұмысына көмекші құрал екені, әр редакция шығармашылық жұмысы мен ақпарат таратуда белгілі бір нормаға сүйеніп, арнайы ереже бекітіп, сол негізден ауытқымауы туралы айтылды. Тіпті, ел бойынша осындай ереже бекітудің маңыздылығы да әңгіме арқауына айналды. Ұлттық арна басшысы Болат Мүрсәлім бұл орайда телеарнаның арнайы әдістемелік құралы – «Редакция стандарты» кітабымен таныстырып өтті. «Көрермен телеарналарды әлі де сенімді ақпарат көзі ретінде қабылдайды. Осы сенімді одан әрі арттыру мақсатында Ұлттық арна биыл «Редакция стандартын» қабылдады. Құжаттың нақты кәсіби ықпалы бар. Әр қызметкер үш жыл сайын аттестациядан өтіп, білімін осы стандарт негізінде дәлелдеп отырады», – деді ол. Еске салсақ, дәл осы медиаэтика тақырыбы көктемде өткен Орталық Азияның екінші медиафорумында талқыланып, мемлекеттер арасында ақпараттық қауіпсіздікті нығайту шара­лары кәсіби тұрғыда сөз болған еді.
    Форум ары қарай Қазақстанның Халық жазушысы Төлен Әбдіктің тағылымды әңгімесімен жалғасты. Журналистермен кездесуде қаламгер адамгершілік, ар-ұят бүкіләлемдік құндылық екенін әңгімелеп, жер бетіне ортақ рухани байлық, гуманизм идеялары жөнінде сыр шертті. «Ешқашан да бір ұлтты бір ұлттан жоғары не төмен қоюға болмайды. Адамның бәрі тең. Өкінішке қарай, қазір осындай келеңсіз көріністер байқалып қалады. Әлемнің тыныштығын осындай жаман көзқарастар бұзады. Бұл орайда тарихи тұлғаларға арнайы тоқталғым келіп отыр. Тарихи тұлғалардың кейбірі қаныпезер, кейбірі ақылман, ізгі жандар болды. Біз өкінішке қарай кейбір тұлғалардың сол қатыгездігін үлгі тұтып жүрміз. Жастар әр тұлғаның тек жақсы жағынан ғана үлгі алса деймін», – деген жазушы ұлт шеңберімен шектеліп қалмай, әлемге ортақ құндылықтарды игеруге шақырды.
    Басқосудың екінші күніндегі қызықты тақырып сенім дағдарысы туралы болды. Мұнда PR және медиа саласының кәсіби мамандарынан құралған қауымдастық төрағасы Ақерке Берлібай модераторлық етіп, «Сенім дағдарысы: бұл коммуникацияның жаңа дәуірі ме?» деген тақырыпта бірнеше спикерді сөйлетті. Олардың қатарында Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Жанна Арынбекова да ой-пікірін ортаға салып, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Панельдік сессияда Жанна Сержанқызы ел ішінде медиаға деген сенімді арттыру үшін нақты алгоритмдермен жұмыс істеу керегін алға тартты. «Халықтың сенімін орнату үшін ашық диалог құрудың маңызы зор. Нақты ақпарат пен жедел түсіндіру шараларын ұйымдастыру қоғам мен билік арасын жақындастырып, сенімді арттыра түседі», – деген Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы өңірдегі іс-тәжірибесімен бөлісіп, кризисті жағдай туындаған кезде тығырықтан шығу жолдарын айтты. Өңірлік коммуникациядағы жұмысын таныстырып, тұрғындармен күнделікті кері байланыс орнату, ақпараттық ашықтық пен сенімге негізделген ортақ мәдениет қалыптастыру туралы ойларын жеткізді. Сенім дағдарысы тақырыбында Жанна Сержанқызы­нан бөлек, Lada.kz сайтының медиа­менеджері Бағлан Айдашов, «Freedom Ticketon» компаниясының коммуникация жөніндегі директоры Азамат Атагелді, ҚР Сыртқы істер министрлігі мен ҚР Ішкі істер министр­лігінің ресми өкілдері Айбек Смадияров пен Шыңғыс Әлекешов ұсыныс-пікірлерімен бөлісіп, халықтың БАҚ-қа сенімін нығайту бағытындағы идеяларын әңгіме арқауына айнал­дырды.
    Жасанды интеллект және журналис­тика тақырыбын қаузаған форум түйінінен ұққанымыз, бүкіл ғылымға төңкеріс әкелген теңдесі жоқ бұл жүйе қанша жерден қарыштап, шырқау биікке шықса да, адам санасын, адам күшін алмастыратын мүмкіндікке жете алмайды. Ауылдағы апаның жанайқайын, көшеде қалған кісінің мұңын, жолдың жырын, тұрмыстың түрлі саласындағы қордаланған мәселені жеткізуде жасанды зерденің шамасы келмейді. Демек, дәстүрлі БАҚ-тың, телеарна мен газет-журналдың дәурені болашақта да өз биігінде ары қарай жалғаса бермек.
    Медиафорумда қатысушылар панельдік сессиядан бөлек, жекелеген спикерлердің шеберлік сабақтарынан да мол мағлұмат алып, тәжірибе жинақтап, білім-біліктіліктерін ұштады. «Қазмедиа» орталығында өткен апталық жиын қорытындысында үздік баспасөз хатшыларына марапат ұсынылды. Кешқұрым «Үркер» жалпыұлттық сыйлығының жеңімпаздары анықталып, қара үзіп шыққан үздік журналистер мен мерзімді басылым, сайт жетекшілеріне бір миллион теңгенің сертификаты табысталды.

    Қуаныш ТҰНҒАТАР

    Астана қаласы

    Ұсынымдар

    Алматы облысында «AMANAT» партиясы депутаттарының форумы өтті

    Алматы облысында «AMANAT» партиясы депутаттарының форумы өтті

    2 years ago
    Экокәсіпкерлікке жол ашады

    Экокәсіпкерлікке жол ашады

    2 years ago
    Алматы облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы фракциясының кезекті отырысы өтті

    Алматы облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы фракциясының кезекті отырысы өтті

    4 months ago
    Облыс әкімі ардагерлерді құттықтады

    Облыс әкімі ардагерлерді құттықтады

    3 years ago
    Алматы облысының дәрігерлері Лондонның үздік клиникаларының жұмысымен танысып қайтты

    Алматы облысының дәрігерлері Лондонның үздік клиникаларының жұмысымен танысып қайтты

    1 year ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>