Бұл әулетте тегін адам жоқ. Отанасы Қазан шаһарының әйгілі дамолласының қызы. Үлкен ұлы – теңдессіз математик, кіші ұлы – жезтаңдай әнші, сазгер. Үлкен қызы – ағылшын тілінің маманы, полиглот! Кенже қызы – айтулы қаламгер, сөз зергері. Отағасы – от пен судың адам айтқысыз азабын тартқан, он бес жыл әскери тұтқын болған соғыс ардагері. Тоқсанның төріне жетіп артында таусылмас тағылым, өлмес өнеге қалдырып, өмір жолын аяқтаған тағдырлы кісі.
Сәдір ӘБДІРАХМАНҰЛЫ. Орта бойлы. Домалақ жүзді. Жинақы. Жүріс-тұрысы ширақ, қимылы шапшаң ақсақалдың айтқан әрбір сөзі бәтуәлі. Қысқа. Бірақ өте ұғынықты. Артық сөз сөйлемейді. Тағдыры тоқсан тараулы жанның жүрегі сондай жайдары болғанымен, жүзінен ашық-жарқын күлкінің жұрнағы да білінбейтінін байқап қалдым. Бес жыл немістердің концлагерінде, он жыл кеңестік тұтқындар лагерінде «жазасын өтеген». Демек, бұл өзі сол тар қапаста қалыптасқан мінез бе деген де ой келген әуел баста, жо-жоқ, олай емес екен, қанында бар, туа біткен болмыс сияқты.
Олар он күн айдауда, аштықта жүріп, Еуропа шекарасынан екі қолын бірдей көтеріп өткен. Сіңірі талып, қолын түсірген тұтқын табан астында қаумалап, қоршап келе жатқан жендеттің оғына ұшып, ит-құстың жемтігіне айналып, жол бойында көмусіз қалып отырған. Содан немістер тұтқындарды қойдай қуалап келіп, аумағы атшаптырым үлкен шошқа қораға қамайды. Төрт күн… Талғажау болсын деп бас-басына бір-бір бөлке нан тастайды. Советтің тұтқын жауынгері Сәдір Әбдірахманұлы азапты сол төрт күнде бөлке нанның бір түйірін үзіп аузына салмаған. «Аштан өлсем де жемеймін» деген. Неге? Өйткені қораның бұрышында қорсылдап, қоңырсып, сасып-мүңкіп қиына домалап шошқалар жатқан. Нан қасиетін тұтқынның тауқыметінен, аштықтың азабынан жоғары қойған қазақи болмысты айтсаңызшы! Ардагер атаның өз аузынан естіген сол бір әңгіме, тіпті, эпизод дейінші, санамнан еш өшпейді. Осы күнге дейін көз алдымда, ұмыта алмаспын.
Сәдір ата екеуміз ең алғаш Алматының иығындағы, Алатаудың бөктеріндегі Отан соғысы ардагелерінің республикалық клиникалық госпиталінде танысқанбыз. Өте бауырмал жанмен шын ықыласта шүйіркелестік те қалдық. Менің әкем де соғыста тұтқынға түскен, концлагерьден қашқан, партизан. Сұраса келе, әңгіме үстінде ол кісінің аталас інілері атақты заңгер Сәкен Өзбекұлы мен белгілі кәсіпкер Еркетай Әбназарұлын өте жақсы танитынымды естігенде, сондайлық сабырлы атамыздың бетінің ұшына қан жүгіріп, балаша қуанғанын көрсеңіз! «Айналайын, олар менің бауырларым ғой» дей берді. Ең қызығы, Сәдір ата әріптесім – «Егемен Қазақстан» газетінде бірге қызмет істеген Гүлзейнеп Әбдірахманованың әкесі болып шықты. Ал керек болса!
Он бес жылдан соң абақтыдан шығып, елу жылдан соң Жеңістің елу жылдығына орай біржолата ақталып, Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері мәртебесіне қол жеткізген 4-Украина-Батыс майданының байырғы қатардағы жауынгері Сәдір Әбдірахманұлы туралы 10 минуттық фильм (кеңейтілген сюжет) дайын болды. «Интерньюстің» студиясында судай жаңа шығарманы әдеттегі дағдымен дөкей басшылардың басын қосып, талқылап жатқанбыз.
9 мамыр. Кеңшар басшылығы ауылдағы соғыс ардагерлерін кеңсеге шақырып, сый-сияпат жасайды. Ардагерлер риза. Көңілді. Араларында әскерге бәрімен бірге аттанған, сол соғыстың от-жалынын теңдей көрген ауылдастары Сәдір Әбдірахманұлы ғана жоқ.
Кең көше. Көңілді топтан саяқ қалған құрдасы Ж. есімді ардагер ауылдағы жалғыз «неміс тұтқыны» Сәдір Әбдірахманұлының көкпен көмкерілген ақшатырлы үйінің маңынан өтіп барады. Кенет, көк қақпаның тұсына жеткенде көңілді Ж. тоқтай қалып, бір деммен немісше «Айн, свайын, драйын…» деп дауыс көтеріп, қадам басып жүріп береді. Бұл көрініске тұтасып өскен жүзім жапырағының арасынан байқатпай сығалап қарап тұрған бейкүнә Сталиннің солдатына бұдан артық азап болар ма? Экранды толық жапқан жауынгер жанары… Жас тамшысы…
«Ғалым, тоқтатшы…» деген бірінші директор Олег Кациев орындығын төңкеріп жібере жаздап отырған орнынан асығыс тұрды. Қаны қызу, атасы кавказдық жігіт емес пе, қалтасынан темекісін асығыс алып сыртқа беттеді. Екінші директор Джерри Хоффман да аудармашы арқылы мән-жайды жақсы түсініп, түйсініп, сүйсініп отыр екен. Оның үстіне жасыратын несі бар, Голливудта қызмет істеген кәнігі америкалық «қасқыр-режиссер» деген аты бар, басын шайқап, қолынан түспейтін кофе қайнатқышын көтеріп, Олегтің соңынан ілесті. Оның аудармашы қыз Әселге бағыттап, «Куашстн… куашстн» деген құлағымызға таныс сөзі ілінді. Джерридің жиі қайталайтын, бәлкім, «ең жақсы көретін» екі сөзі барын офистегі баршамыз білетінбіз әрі аудармашысыз-ақ түсінер едік: оның бірі – куашстн (сұрақ), бірі – икскьюз ми (ғафу етіңіз). Түсіру тобы Ғалым, Ержан, Дима, сюжет авторы өзім емеспін бе, жымыңдасып, іштей басшыларды әбігер еткен шығармашылық бұл жеңісімізге масаттанғандай леппен бас сарапшылардың ізін ала сыртқа шықтық.
Олегіміз темекі түтінін будақтатып жіберіп: «Не деген нақұрыстық?! Немістен – бір, Сталиннен – екі, ол аздай өзі туып-өскен ауыл адамынан, ардагерден – үш, оңбай таяқ жеп қорлық көретін азамат не жазды тағдырға? Басқа-басқа соғысты көрген азамат әріптесіне неге сонша қатыгез, неге оның жанын түсінбейді? Миыма симай тұр» деп туласын-ай кеп.
Джерри (аудармашымен): Тамаша. Маған сюжет ұнап бара жатыр. Кейіпкердің өмір жолы өте күрделі. Қасірет басым. Мені ойлантқан жайт. Адамдардың бойында туатын қызғаныш әртүрлі сипатта болып келеді. Ол әртүрлі себепті жағдайлардан туады. Сұрақ: Біздің бас кейіпкерге сол жалғыз жерлесі неге сондай ауыр көзқараста? Олар бір елде ұзақ жыл бірге тұрған, әскерге бірге аттанған, бір-бірін жақсы таниды ғой. Ол неге саяси тұтқынның жанына тиетіндей қылық танытты? Сұрақ?
Мен: (асығыс) Бұл жерде – адам факторы. Өйткені, олар ауылдағы майдандастарымен, ауыл ақсақалдарымен үнемі карта ойнайды. Карта деген қызылкеңірдек айқас, білесіз бе? Ж. үнемі ұтылады. Ызақор… «Тұтқын» ұтады, өйткені ол есепке жүйрік… Сіз іздеген, Джерри, қызғаныш сол жерде жатқан шығар?!
Джерри: О-оо!.. (қуанып кеткендей) Міне, міне… сюжетте сол момент жоқ!..
Ғалым: Ақсақалдардың бақтың ішінде карта ойнап отырған кадрлары бар ғой бізде… Мәтінге сол туралы бірауыз сөз қосып жіберіңіз, – деді демек оның жарасы жеңіл дегендей маған бұрылып.
Бұл кезде Олег Кациев те сабасына түскен: «Джерримен келісемін…» «Соны мен білмеді дейсіз бе… қарта ойнау, асық ату, доп тебу қоғамға қайшы деген моральдық шектеу-тәрбиесімен өскен кеңестік журналист белгілі сол бір кедергілерден аттап өтпей, тауқымет-тағдыры зор азаматты «жаманға қимай, әдептен озбайын» деген сыпайылығым еді ғой…» «Қатемізді» түзедік… Мәуелі алмабақтың саясында қазақтар картаны қызына ойнап жатты…
Соғыс барысындағы біз біле бермейтін қатігездіктер туралы сол кезде ашық, жариялы түрде жаңадан айтыла бастаған. Мәселен, жап-жас жауынгерлерді «наркомның жүз грамымен» қыздырып алып, мина төселген даладан жүгіртіп өткізіп, кеңестік танкілерге жол ашу немесе екі адамға бір мылтық қағидасы, яғни, оққа ұшқан досыңның қаруына ие болу деген сұмдықтың көкесі емес пе?… Соңғысын Сәдір атаның өз аузынан естіп едім! Басынан бақайшығына дейін мұздай қаруланған жауға мылтықсыз топ қалайша қол көтермейді, қалайша тұтқынға түспейді?!
Айтпақшы, кейіпкері «бомба» болған сол сюжеттің соңында Отан солдатының қызы Гүлзейнеп Сәдірқызының былай деп баяндайтыны бар:
– Алматыдан салып ұрып ауылға, Ақтерекке, жетсек жасыл желекке малынып, үйдің қабырғасы түгілі төбесіне дейін жапырақтан көрінбейтін туып-өскен өз үйімізді танымай қалдық. Үйдің төңірегі жап-жалаңаш… Әкем жарықтық тірнектеп жер тырмалап жүріп отырғызатын, одан оны ала-жаздай баптайтын жүзім жапырақтарын, түрлі ағаш бұталарын түгін қалдырмай қиып, отап тастапты. Сөйтсем, бар гәп үйдің бұрышындағы көрнекті жерге бес жұлдызы салынған «Бұл үйде Ұлы Отан соғысының арадагері Сәдір Әбдірахманұлы тұрады» деп жазылған сөзі бар тақтайшада екен ғой…
Жарықтық әкем өміріндегі сол бір төңкеріс жасалған – «ақталған» оқиғадан соң да еш «өзгермеді». Сол қалпын, сөзшеңдігін, есепке жүйріктігін, көзінің саяси ашықтығын, зиялылығын – ауыл пошташысы емес пе, өмірінің соңына дейін сақтап қалды.
Голливуд кинорежиссері, аркаталық Джерри Хоффман тағдырлы соғыс ардагерінің сарапшылық түзетуден соң сомдалған бейнесіне тесіле, мұңая қарап отырып масайрап, үнсіз ғана баршамызға ортақ «түсінікті тілмен» бас бармағын шошайтқан еді.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ. «Егеменнің» есігінен араға 17 жыл үзіліс салып екі рет еніп, сол ұжымнан зейнеткерлікке шыққан мен үшін бұл шаңырақтың қадір-қасиеті ерекше, өлшеусіз. Ал енді Гүлзейнеп Сәдірқызы өзі айтқандай, бұл құтты мекенге «тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан». Газеттің даңқты басшылары Сапар Байжановтан бастап, бүгінгі сенатор, белгілі ғалым Дархан Қыдырәліге дейінгі редакциялық өмірде қолынан қаламы түспей қызмет еткен. 45 жыл!!! Балғабек Қыдырбекұлы, Көрік Дүйсеев, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Нұрлан Оразалин, Уәлихан Қалижан, Ержұман Смайыл, Сауытбек Абдрахманов, Еркін Қыдыр… Тарих парағын осынау тау тұлғалармен бірге парақтаған Гүл-әпкеміз! Қазіргі «Егеменнің» ұжымы – жас буыны Гүлзейнеп Сәдірқызын «Әпке» атауы да тектен тек емес-ау!
Жүзі жылы, жан жүрегі жадырап тұратын алғашқы танысқан адамын сөзімен де, ісімен де табан астында өзіне баурап ала қоятын бұл бір мейірімді жанды осы қылығына орай етене жақын тани қойдым десеңіз, қателесесіз!
Етене жақын әріптесіңнің өзін танып білу күрделінің күрделісі екенін өз басым осы жолдарды жазу үстінде шын ұққандаймын. «Егеменде» қатар жүріп, редакцияның «бір сыныбында, бір партасында» қатар отырып, қалам тербеп жүргенде, әзілі аузынын түспейтін білікті журналист әпкемізге әзіл арнап «Гүл-әпке біздің «Егеменнің» Денсаулық сақтау министрі» деуші едім. Оның сыры бар. Облыстағы бір меншікті тілші емнен күдер үзіп, «өмірімен қош айтысып қойғанда» Алматыға келіп, газеттің «денсаулық министрінің» қарауына түсіп, медорталыққа барып, екі апта жатып, кеселінің диагнозы да өзгеріп, құлан-таза айығып, шауып кеткеніне өзіміз куәміз. Сол екі аптада «біздің министр» науқаспен бірге жүрді. Дәрігердің тілін табу (медицинадан жетік хабары бар адам ғана дәрігердің тілін табатыны ақиқат!) екінің бірінің қолынан келмейді. Бірақ, ол Сәдірқызының қолынан келетін іс! «Соқтасы солқылдаған сыздауық» (26.07.2003 жыл) атты бір ғана мақаласының Қазақстанда «Жер қозғалтқан дүмпуін» әлі ұмытқанымыз жоқ. Денсаулық сақтау саласын жайлаған немкеттіліктің, біліксіздіктің, парақорлықтың асқынған түріне осындай «диагноз» қойған жөн болар деген зерттеліп, жазылған проблемалық өткір мақаласы салалық мәртебелі кеңселерге сабақ болды. Министрдің арнайы бұйрығымен ауылдан қалаға дейінгі денсаулық саласына қатысты барлық мекеме, басқарма аяғынан тік тұрып, «Егеменнің» сол күнгі мақаласын тауып оқып, «сауаттанып, сабақ» алғаны бар! Ғажап! Әйтсе де, біздің өзіміздің «денсаулық министрі» туралы айтып, танып жүгеніміз ұзын-сонар хикаяттың бер жағы ғана екен.
Өмірде де, шығармашылық сатылардың биігіне көтерілуде де еш өзгеріссіз, мінсіз мінезбен бүгінде 70-тің өріне шыққан «Егемен-әпкенің» кәдімгі қаламгерлік есеп беру науқанына сай шығарған «Қанекей, қалам сөйлеші…» атты кітабына үңіліп, әр параған ақтарған сайын Гүлзейнеп журналистің өз саласының нағыз ақтаңгері екеніне таңдандық, һәм тамсандық!
Көпшілігіміз математикалық тепе-теңдік, физикалық құбылыстар тепе-теңдігі туралы құлағдармыз. Құдай-ау, қазақ тілінде гормондар тепе-теңдігі туралы естігеніңіз бар ма? Естімесеңіз, гормондық тепе-теңдіктен бастап, олардың генетикалық бүліну жолдары арқылы барлық үрдісті жіктеп, жілік-майын шағып, оқырманға түсінікті тілмен бұтарлап, қазып-жазып, дәлдікпен бұлжытпай баяндап берген осы Гүлзейнеп Сәдірқызы! Қазақ журналистикасында бұл салаға дендеп кіріп, әр бабына ден сала, «ем сала» отырып түгендеп жазып, ақиқаттың пердесін түрген де осы әріптесіміз Гүлзейнеп Сәдірқызы! Кезінде басы ауырған, балтыры сыздаған жанның алдымен «Егемендегі» «министрге» келуі табиғи құбылыс саналатын. Келінінің босанатын күні жақындаған алматылықтар да ол кісінің «қабылдауына» кезекке тұрды. «Министріміздің» ең бір жақсы қасиеті – еш бәлсінбейтіні. Себебі, медицина оның – төл тақырыбы. Қандай бір жиында, яки кездесуде болсын, Алматының атақты медицина профессорлары, академиктері әпкемізге ізгілікпен ілтипат жасап жататын. Ол білікті, білгір тілшіге, медицина саласын дәрігермен теңдей меңгерген қаламгерге құрмет-тін! «Суретшінің қатесі қашанда көзге ұрып тұрса, дәрігердің қатесін жер жасырады» деп шындықты шырылдатқан қаламгерге құрмет-тін! Шіркін, қаламның күші!
«Бұл жаңалықтың маңыздылығы – келтірілген химиялық ұқсастық арқылы қатты заттардың реакцияға түсу қабілетін болжау және бәсекелес реакцияның ретті түрде жүруін болжау, ең маңыздысы – қатты заттарға (минералдарға) таңдамалы керекті еріткіштерді болжаудың физикалық-химиялық негіздері мен жалпы қағидаларын ұсыну. Мысалы, алтынды ерітуге қандай еріткіштердің тиімді екенін осы келтірілген химиялық ұқсастық арқылы табуға болады. Қазақ ғалымы Оспановқа дейін бұл мәселелер әлемде… шешілмеген.» Медицинадан бір мезетте секіріп химия ғылымының түпсіз-тұңғиық кеңістігінен бір-ақ шыққан Гүзейнеп шығармаларынан аяқ астынан миың тынығып-ақ қалады дейінші!.. Бір сөзбен айтқанда, осыдан-ақ кемелденген қаламгер үшін газет жанрының, тақырып таңдаудың оң- солы болмағанын аңғарасың. Ал енді қай салаға қалам тербесе де, оны жетесіне жеткізіп, зерделеп, әрі ерекше сөз өнерімен зерлеп, оқырманға сондайлық ұғынықты етіп жекізуде Гүлзейнеп әпкеміз алдына жан салмаған.
Бірақ қарымды қаламгер медицина немесе химия тақырыбының майын тамызып, өзге ғылыми салаларға қалам тербеумен ғана шектелмеген. Күй-құдірет иесі (Нұрғиса), би падишасы (Алтынай), сахна жұлдыздары (Әмина, Майра, Бағдат, тағы басқалары), өнерлі зергер (Сәуле) туралы жазған толғауларын оқып көріңізші, сүйсінесің-ай, сүйсінесің!
Әсіресе, қоғам өзгеріп, адам баласы жаңаға құлшына ұмтылып жатқанда, Шерағаң ешқандай ономастикалық комитетсіз-ақ бар қазақтың атын-жөнін бір күнде-ақ ауыстыруға ұйытқы болып, «Егеменге» келген кезеңдегі Гүлзейнеп Сәдірқызының бөлім бастығы Қайнар Олжаймен келісіп, кеңесе отырып жазған дүниелері де өз алдына бір төбе. Қаламгердің журналистика іліміндегі нағыз тынысының ең кең ашылған тұсы да осы шақ: Ол – Ленинградқа барып-келіп Жамбыл мен Әлия атауларының тарихи қалада қайта орнығуына тікелей өзі қайсарлықпен үлес қосқан қайраткер қыз!
Даңқты редактор, мемлекет және қоғам қайраткері Балғабек Қыдырбекұлының қадірлі Шерағамыздың қолынын қысып тұрып: «Гүлзейнеп айналайын, кезінде сені тілшілік қызметке алмап едім. Шерхан келгелі газеттен жазғандарыңды оқып, саған обал жасаған екенмін деп ойлап жүрдім. Бірақ менің жіберген қателігімді мына Шерхан түзеді. Шерханға рахмет!», – дегені де осы тұс. Журналист Гүлзейнеп Сәдірқызына журналистика мэтрі берген бұдан артық баға бар ма екен? Мұндай бағаға бұрын-соңды қатардағы қаламгер ие болды ма екен? Иә, біздің Гүлзейнеп Сәдірқызы – шығармашылық келбеті шын келіскен осындай тұлға!
Айтпақшы, әйел жанының академигі, жазушы Гүлзейнеп Сәдірқызының көркем әдебиеттегі әйел қауымы туралы «Аққу ғұмырлы тағдыр», «Махаббатым жүрегімде», «Тау тұлға», «Айбибі», «Әйел жаны» әңгіме-кітаптары туралы бұл үзік мақалада сөз қозғамадық. Жүрексінгеніміз де ақиқат. «Торғай сойса да қасапшы сойсын» дейді ғой, ол – аузын айға білеген әдебиет сыншыларының үлесіндегі іс деп ұйғардық.
Түйін:
Бүгінгі бұл әулеттің арқа- сүйер азаматы Еркінбек қажы туралы бірауыз сөз қозғамай өтсек, онымыз күпірлік болар. Жұбы жарасым тапқан Ерекең мен Гүлекеңнің ұл-қыздары Жанар, Шынар, Ұлан әулеттің көркі, үйлі-баранды. Жарасымды отбасының сәні де шырайы да көз алдарында құлдыраңдап жүгіріп жүрген немерелердің күлкісінде. Кезінде былайғы жұрт астанамыз Алматыға Ұзынағаштан, Талғардан, Есік пен Қаскелеңнен ат арылтып келіп жұмыс істеген. Біздің Ерекең сол тұста неше жыл Алматыдан Ақтерекке (140 км) ақ «Жигулимен» қатынап, күнделікті барып-келіп қызмет істеді. Сол бір шақырымдарды есептесек, жер шарын экватор арқылы алты рет айналып шыққанмен тең екен! Қарымды қаламгер Гүлзейнеп Сәдірқызын әрдайым қанаттандырып жүретін Ерекеңнің өзі де сөз өнерінен қаражаяу емес. Баукеңнен бастап, Абай мен Жамбыл, Төле би, Майлықожаның айтқандарын мысалға алып, сөз арасында әңгімесін тұздықтап жіберетінін қайтерсің?! Мұндай өнерлі, өнегелі отбасында қаламгер Гүлзейнеп Сәдірқызы, әрине, шығармашылық шепте, сөз майданында сондықтан да қауіпсіз! Сондықтан да белгілі көсемсөзші айтқандай, қаламгер мылтығы көздеген нысанасына әрқашан да атылуға дайын!
Алға, өмірі – «Егемен», ұстазы – Шераға Гүл-әпке!!! Жазар көбейсін!
Талғат СҮЙІНБАЙ




