Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы облыстық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев және «Бакай-1» ЖШС директорының орынбасары Жансая Әліпбаева сөз сөйледі. Тілеухан Әбілдаев өз сөзінде МӘМС қорына келіп түскен барлық қаражат ай сайын тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүзеге асатынын жеткізді.
Спикердің айтуынша, 2025 жылы облыстың денсаулық сақтау саласының бюджеті 145,3 млрд теңгені құрады, оның ішінде 58,7 млрд теңге – МӘМС-ке, 86,6 млрд – ТМККК-ге бөлінген. 9 ай ішінде өңір тұрғындары МӘМС бойынша 40,6 млрд теңгенің медициналық көмек қызметін пайдаланған.
- Есепті кезеңде шығындардың басым бөлігін стационарлық медициналық көмек 29,5 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 704 414 млн теңге – бұл күндізгі стационарлардың қызметтері. Құрамына қымбат тұратын диагностика түрлері, бейінді мамандардың консультациялары, сондай-ақ зертханалық талдаулар кіретін КДҚ жоғары сұранысқа ие. Атап айтқанда, есептік кезең ішінде сомасы 26 756 млн теңгеге 235 компьютерлік томография қызметтері және сомасы 330 млн теңгеге 24 436 магниттік-томография қызметтері көрсетілді. Сонымен қатар стоматологиялық қызметтер саны да артып келеді. 9 ай ішінде 2 млрд теңгеге 302 мың қызмет жасалды. Күн сайын МӘМС есебінен жоғары технологиялық операциялар жасалады, олардың біреуінің орташа құны 6,2 млн теңгені құрайды. Жыл басынан бері 1,2 млрд теңгеге 194 жағдай бойынша ЖТМК көрсетілді. Тағы бір маңызды бағыт – амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету. Биылғы жылы ТМККК және МӘМС шеңберінде АДҚ-ға 13,2 млрд теңге қарастырылған. Азаматтардың арасында сұранысқа ие оталар – кардиохирургиялық, нейрохирургиялық және лор оталары. Жалпы 2025 жылдың аталған кезеңінде 940 млн теңгеге ЖТМК арқылы 167 ота жасалған, – деді Тілеухан Әбілдаев. Келесі сөз кезегін Жансая Әліпбаева тілге тиек етті. Айтуынша, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Көктөбе ауылында орналасқан «Бакай-1» медициналық орталығы тұрғындарға кең спектрлі қызметтер ұсынатынын баяндады.
- Қазіргі таңда біздің медициналық ұйымға жалпы тіркелген тұрғын саны шамамен 7 мың адамды құрайды. Олардың ішінде 4562– әйел, ал 2456 – ер адам. 0-ден 15 жасқа дейінгі балалар саны – 829, ал «Д» есепте тұратын тұрғындар саны – 739. Көрсетілетін қызметтерге тоқталсақ, жалпы тәжірибелі дәрігер кеңесі. Балалар дәрігері кеңесі. Невропатолог, оториноларинголог, онколог-маммолог, хирург-травматолог, уролог, эндокринолог, психиатр, психолог, гинеколог, дерматовенеролог, гастроэнтеролог кеңестері. УДЗ қызметтері (барлық түрлері). Цифрлық рентген, флюорография, ФГДС аппараттары. Лабораториялық қызметтер. Сонымен қатар стационарлық ем алу мүмкіндігі де қарастырылған. Неврология, хирургия, травматология, урология және гинекология бөлімшелері тәулік бойы консервативті және оперативті ем көрсетуде. Травматология бөлімшесінде термиялық және химиялық күйік салдарына діңгекті жасушалар отасы жасалады. Бұл жоғары технологиялық медициналық көмекке жатады. Күндізгі ем-шара кабинеті демалыссыз жұмыс істейді. Тіркелген тұрғындарға МӘМС және ТМККК жүйесі бойынша толық көлемде медициналық қызмет көрсетіледі. «Д» есепте тұрған науқастар АДҚ жүйесі арқылы тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Бұл тұрғыда «Ауруларды басқару» бағдарламасы бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл жүйе созылмалы аурулары бар науқастарды (мысалы, артериалды гипертензия, қант диабеті) қолдауға бағытталған, олардың өмір сапасын жақсартуға және асқынулардың алдын алуға арналған. «Бакай-1» медициналық орталығы тіркелген тұрғындар арасында МӘМС жүйесі туралы ақпараттандыру жөнінде күнделікті қарқынды жұмыс жүргізеді, – деді ол.
Баяндамашылардың айтуынша, кардиохирургиялық оталарға 411 млн теңгеге 60 ота жасалған. Орташа алғанда бір отаның құны 4,4 млн теңгені құрайды. Ал нейрохирургиялық отаға 375 млн теңгеге барлығы 61 ота жасалған. Оның орташа есебі 5,6 млн теңге. Лор отасына – электромагниттік есту аппараттарын имплатациялау бойынша 86,5 млн теңгеге 11 операция іске асырылған. Қор қызметінің маңызды бағыттарының бірі – халықты МӘМС жүйесімен қамту. «Сақтандыру» ақпараттық жүйесінің деректері бойынша, өңір тұрғындарының 83,2%-ы сақтандырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда сақтандырылмаған азаматтар санының 4,6% төмендегенін көрсетеді. «Тіркелген халықтың тізілімі» ақпараттық жүйесінің деректері бойынша, облыста медициналық ұйымдарға 1 639 893 адам тіркелген. Халыққа медициналық көмекті 75 медициналық ұйым көрсетеді, оның ішінде 24-і – мемлекеттік, 51-і – жекеменшік. Әлеуметтік маңызы бар аурулар тізіміндегі 4 аурудың түрі (қант диабеті, балалар церебралды сал ауруы, сүйек-буынның дәнекер тінінің жүйелі зақымданулары, ревматизм) динамикалық бақылауға жататын аурулар тізіміне ауыстырылады. Бұл ауруларға медициналық көмек МӘМС аясында көрсетілетін болады. Сонымен қатар динамикалық бақылауға жататын аурулар бойынша медициналық көмек те 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап МӘМС шеңберінде ұсынылатын болады. 2025 жылдың 10 айының қорытындысында Алматы облысы бойынша медициналық көмек алуға қатысты пациенттерден қорға СРМ жүйесі арқылы 3181 өтініш түскен екен. Оның 1342 – шағым. Құрылымы бойынша қарайтын болсақ, өңір тұрғындары негізінен емханалардағы медициналық қызметтің сапасына, консультациялық-диагностикалық қызметтерді ұзақ күту және стационарлардағы сапасыз медициналық көмекке қатысты шағымданған. Қор диалогқа ашық екенін және азаматтарды олардың құқықтары бұзылған немесе медициналық қызметтерден бас тартылған жағдайларды хабарлауды ұсынады. Өтінішті Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, msqory.kz сайты және Telegram-да @ Saqtandyrýbot арқылы қалдыруға болады.
Тоғжан Жолдығали




