Қарасай ауданындағы «Анаға құрмет» музейінде Тәуелсіздік күніне орай рухани-мәдени шара өтті. Онда Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, белгілі суретші, журналист Жанұзақ Мүсәпір «Менің анам – Ұлжамал» атты портретін музейге тарту етті. Сондай-ақ «Өмір сыры» атты кітабының тұсаукесер рәсімін өткізді.
Ұлжамал Мамытқызының 100 жылдығына орай өзі негізін қалаған галереяда «Ана – ғұмырдың бояулы жалғасы» атты көрме көпшілік назарына ұсынылды.
Шараға еліміздің зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері мен суретшінің тума-туыс, дос-жаран, әріптестері қатысты. Салтанатты рәсімде сөз бастаған ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаев өнерсүйер қауымға ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың жүрекжарды құттықтауын жеткізді. «Шығармаңыз арқылы қазақ әйелінің қайсарлығын, парасатын, табандылығын дәріптеуде және аналардың отбасы мен ұлт алдындағы рөлін ұлықтауға үлкен үлес қостыңыз. Қалың оқырманға жол тартқан «Өмір сыры» кітабыңыз – осы бағыттағы ұзақ жылғы ізденістің нәтижесі. Бұл еңбек қоғамда рухани құндылықтарды одан әрі жалғастыруға оң септігін тигізеді деп сенеміз. Кітаптың тағылымға толы терең мазмұны тұлға ретінде өсуге және ұрпақ тәрбиесіндегі жауапкершілікті сезінуге тың серпін береді», – делінген құттықтау хатта.
Одан кейін облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев өңір басшысының ыстық лебізін жеткізе келе, қазақ мәдениеті мен өнеріне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан Жанұзақ Керімбекұлының ана келбетін бейнелеген көркем туындылары ұлттың рухани болмысы мен ата дәстүрі дәріптелген асыл қазына екенін айрықша атады.
ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен Ұлжамал ананың келісті келбетінен қазақ әйелінің сұлулығы мен қайсарлығы сезілетінін, оны бейнелеудегі суретші шеберлігіне тәнті болғанын жеткізді.
Гүлзат АЗАТҚЫЗЫ




