Ауыл әкімдері – елдімекендерді дамытудағы негізгі қозғаушы күш, жергілікті мәселелерді шешуге жауапты тұлға. Әкімдердің жұмысы өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын көтеру, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру және тұрғындармен тығыз байланыс орнату арқылы көрінеді.
Жуырда Астанада өткен ауыл әкімдерінің диалог-платформасында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдімекендерді басқарып отырған азаматтардың ең алдымен халықпен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік қызметші екенін атап өтіп, оларға айрықша сенім білідірді.
Айтулы жиында Мемлекет басшысы ауылды өркендету, ауыл әкімдері институтын одан әрі жетілдіру міндеттерін айқындады, сондай-ақ еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды мәселелеріне кеңінен тоқталды. Президенттің айтуынша, ел бойынша 2334 ауыл әкімі сайланған. Олардың орташа жасы 43-ті құрайды. Жаңадан сайланған әкімдердің үштен бірі – бұрын мемлекеттік қызметте болмаған азаматтар. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ауылдағы сайлау саяси партиялардың аймақтардағы жұмысына тың серпін берді. Алғашқы Жарлығым да ауылды дамытуға арналды. Биыл Үкімет алдағы бес жылға арналған өңірлерді дамыту тұжырымдамасын бекітті. Ауылға қомақты инвестиция тартылды. Қазіргі ауыл әкімдерінің 60 пайызға жуығы осы қызметке алғаш рет сайланды. Бұл – жергілікті билік құрамы біршама жаңарды деген сөз. «Әкім болдым, толдым» деп отыруға болмайтыны түсінікті. Әкімдер өздерінің мықты басшы екенін іс жүзінде дәлелдеуі керек. Уәдесін орындамайтын, міндетін дұрыс атқармайтын ауыл басшысын қызметінен босату тетіктері қарастырылуы қажет. Ондай әкімдер халықтың талабымен немесе саяси партиялардың ұсынысымен жұмыстан шығарылуға тиіс», – деді.
Басқосуда Қасым-Жомарт Кемелұлы ауылдардағы оң өзгерістерге тоқталып, әкімдердің жұмысын жақсарту бағытында нақты міндеттер қойды. Атап айтсақ, Президент 2022 жылы халыққа ұсынған сайлауалды бағдарламада ауыл мәселесіне айрықша назар аударды. Соған сәйкес Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленді. Қазіргі таңда осы құжатқа сай нақты жұмыс атқарылып жатыр. Жиында Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов, Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев, сондай-ақ өңірлерден келген ауыл әкімдері сөз сөйледі.
Диалог-платформаға қатысқандардың аталған жиыннан өзіндік ой түйіп қайтқаны анық. Солардың бірі – Балқаш ауданы Құйған ауылдық округінің әкімі Ғалымжан Тықыров. Ол форум туралы былайша пікір білдірді: «Маған ауыл әкімдерінің мәртебесін нақты көтеру туралы тапсырма ерекше әсер етті. Ол жергілікті басқарудың тиімділігін арттырып, әкімдердің жауапкершілігін күшейтеді. Сонымен қатар салықты ауылда қалдыруға қатысты ұсыныс құптарлық. Бұл елдімекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін береді. Мемлекеттік қызметкерлерге жасалатын қолдау олардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, жұмысқа деген мотивацияны арттырады. Бұл ауылдағы кадр тапшылығын шешуге де өз ықпалын тигізеді. Президенттің «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген ұстанымы – біздің жұмысымыздың темірқазығы. Әрбір орынды ұсынысқа құлақ асып, халықтың талабын құрметтеу – әкімнің парызы. Форумдағы ашық диалогтар да осы мәдениеттің маңызды екенін көрсетті. Өйткені сын да, ұсыныс та даму үшін қажет. Қазір бізде ауыл тұрғындарымен ашық диалог алаңы қалыптасты. Барлық мәселені ашық талқыға салып, шешуге күш саламыз. Сонымен қатар форумда Мемлекет басшысы ауылды өркендетуге жеке инвесторларды көптеп тартуды тапсырды. Қазір осы бағытта өнімді жұмыс істеп жатырмыз. Биыл ауылға 2 млрд теңге көлемінде инвестиция тарттық. Ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын арттыру, инфрақұрылымды жаңарту, цифрландыру жобаларын іске асыру, халықтың тұрмысын жақсарту – менің негізгі міндетім. Президент жүктеген тапсырмалардың барлығы Құйған ауылында кезең-кезеңімен, сапалы әрі нақты жүзеге асатынына толық сенімдімін».
Қазіргі өркениетті заманда қоғам сәт сайын құбылып, сағат сайын өзгеріп жатыр. Сондықтан әкімдер өзгермелі нарыққа бейімделуі тиіс. Ол үшін жобалық менеджментке ауысқан дұрыс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әкім мемлекеттік деңгейде жасалып жатқан өзгерістерді жергілікті жерде жүзеге асыруға қабілетті, кәсіби тұрғыдан білікті әрі еңбекқор басшы болғанда ғана сайлаушылардың сенімін ақтай алатынын сан мәрте тілге тиек еткен еді. Ауыл әкімдері де іргелі істерді қолға алу үшін тұрғындар сенімінің маңызды екенін айтады. Бұл турасында Кеген ауданы Кеген ауылдық округінің әкімі Ернат Ысқақ былайша ой бөлісті: «Әкім ауылдың көркеюіне, тұрғындар тұрмысының жақсаруына жауапкершілік арқалайтыны анық. Алайда қолында кейбір құзыреттің жоқтығынан осы жұмыстарды өз деңгейінде жүзеге асыра алмай жатады. Мемлекет басшысының бұл мәселеге назар аударып, ауыл әкімдерін ашық диалогқа шақыруы өте орынды. Форумда ауыл әкімдеріне хаттамадан тыс сөйлеп, өз ұсынысын ашық айтуға мүмкіндік берілді. Айтылған ұсыныстарды жауапты министрліктерге шешуді тапсырды. Бұл ауыл әкімдеріне үлкен үміт пен сенім сыйлады. Ауыл халқының әлеуетін көтеру және шалғай өңірлердің өзекті мәселесін шешу үшін мұндай форум өткізіліп тұруы өте қажет деп ойлаймын. Ауыл еліміздің өркендеу көрсеткішінің басты тетігі болғандықтан, Президенттің әкімдер жұмысын жандандыруға назар аударуы – құптарлық іс. Себебі ауыл әкімдерінің құзыретін күшейтпей, ауылды дамыту мүмкін емес екенін уақыт дәлелдеп берді. Бұл ретте Президент ауыл әкімдеріне құзыреттілікті күшейте отырып, жауапкершілік жүгін де екі еселеді. Артылған сенімді ақтау үшін жайбарақаттықты қойып, бар күш-жігерді салып жұмыс істеу қажеттігін түсіндім. Өйткені қолында нағыз сенім мандаты болғанда ғана әкім іргелі істерді атқара алады».
Бүгінде елімізде ауылдық аймақтарды дамыту жаңа деңгейге көтерілді. Президенттің «Ауыл – ұлтымыздың өзегі» деген тұжырымынан кейін бұл сала ұлттық қауіпсіздік пен экономикалық өсудің стратегиялық бағытына айналды. Форумға қатысқан әкімдер осы бағытта еңбек етуді басты қағида ретінде қабылдағаны байқалады. «Аталған форум, бір жағынан, әкімдердің есеп беруі болса, екінші жағынан, ауылды дамытуға қатысты нақты шешім қабылданатын стратегиялық басқосуға айналды. Мұндай форум ауыл мәселесін эмоциямен емес, дерек пен нақты жоспармен шешуге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы өз сөзінде коммуникация және көшбасшылық қабілетті арттыру қажет екенін атап өтті. Ауыл әкімі халықпен ашық сөйлесе алатын, түсіндіру жұмысын жүргізетін, сын-ескертпені дұрыс қабылдайтын, ұсыныстарға құлақ асатын шынайы көшбасшы болуы керек деп білемін. Халықпен тұрақты диалог орнатып, мәселелерді «қағаз жүзінде» емес, жергілікті жағдайды ескере отырып шешу қажет. Президент баяндамасынан түйген ой – ауыл енді «әлеуметтік жүктеме» емес, ел дамуын қамтамасыз ететін стратегиялық ресурс. Мемлекет басшысы әкімдердің жауапкершілігін күшейтумен қатар, оларға нақты құқық беру қажет екенін де айтты. Бұл – орталық пен ауыл арасындағы алшақтықты қысқартатын дұрыс қадам», – деді аталған алқалы форумнан алған әсерімен бөліскен Жамбыл ауданы Қарақыстақ ауылының әкімі Мәлік Қасымбаев.
Президент сөзіне жүгінсек, алдағы уақытта бюджет және заңнамалық базаны бекітуде ауыл әкімдеріне қаржылық дербестік берілмек. Бұл ауыл бюджетін жергілікті қажеттіліктерге жұмсауға мүмкіндік туғызады. Яғни әкімдер орталықтан тапсырма күтпей-ақ, ауылішілік мәселелерді өздері шеше алады. Қазір бюджеттік өтініш ұзақ жүреді, ауданға, облысқа барады, қайта оралады. Ал егер белгілі бір өкілеттік ауыл әкімдерінің қолына берілсе, жұмыс әлдеқайда тез жүреді. Шешілмей жүрген мәселені бір жыл күтпей, бір айдың ішінде орындауға болады. Сарапшылардың айтуынша, әкімнің өкілеттігі артқан жағдайда, ауыл инфрақұрылымын жөндеу, әлеуметтік нысандарды дамыту, жер қатынастары, жол, су, жарық мәселелері сияқты маңызды бағыттар өз шешімін табады. Демек, ауылға қарап, әкімін танитын уақыт алыс емес. Өйткені құзырет берілген жерде өзгерістердің орын алуы – заңдылық.
Ерзат АСЫЛ




