Тәуелсіздік күніне және «Ауыл» партиясына 25 жыл толуына орай Қонаев қалалық кітапханасында «Ауыл нақыштары» атты фотобайқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Аталған байқау ұлттық құндылықтарды ұлықтауға, фотожурналистика арқылы мәдени сабақтастықты нығайтуға және ауыл өмірінің жарқын бейнесін қалыптастыруға бағытталған. Салтанатты шараға «Ауыл» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Қанат Бекиев, облыстық мәслихат депутаты Болатжан Саймасайұлы, «Ауыл» партиясының белсенді азаматтары мен құрметті қонақтар қатысты.
–Жыл өткен сайын байқауға қатысушылар қатары көбейіп, ауыл өмірінің өзіндік көркі мен болмысын тереңірек танытуға жол ашып келеді. Сол арқылы туған жердің табиғаты мен мәдениеті, ауылда тынымсыз еңбек етіп жүрген қарапайым жандардың еңбегі көпшілік назарына ұсынылуда, – деді Қанат Бекиев.
Фотобайқау жеңімпаздарының жұмысымен филиал кеңесшісі Ержан Базарбайұлы таныстырып өтті.
– Биылғы республикалық фотобайқауға еліміздің әр аймағынан 678 адам қатысып, 3366 фотосурет ұсынылды. Жұмыс барысында туған өңірдің көпқырлы келбеті, табиғаты, адамдары мен мәдениетін айшықтайтын шығармалар сарапқа салынды. Аталмыш байқау «Ауыл пейзаждары», «Еңбек адамының фотопортреті», «Фоторепортаж» номинациялары бойынша өтті. Алматы облысынан 20-дан астам қатысушы бақ сынады. Олардың ішінде Қуаныш Секерқожа, Дәурен Әбутәліпов және Жеңіс Ысқабайұлының еңбектері қазылар алқасы мен «Ауыл» партиясы көрермендерінің жоғары бағасын алды, – деді ол.
Қатысушыларға «Ауыл» партиясының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Егізбаевтың Алғыс хаты, «Ауыл нақыштары» фотоальбомы мен партия логотипі бейнеленген қолсағат табысталды. Сондай-ақ салтанатты шарада кәсіпкерлер мен меценаттар, ардагер-теміржолшылар, облыстық ветеринария саласының басшылары, фермерлер және мәслихат депутаттары «Ауыл» партиясының мерекелік төсбелгісімен марапатталды.
Байқау жеңімпаздары қатарынан көрінген Алматы облыстық «Алатау арайы» газетінің Кеген ауданындағы меншікті тілшісі Дәурен Әбутәліповті ұжым атынан құттықтай отырып, әріптесімізге шығармашылық табыс тілейміз!
Өз тілшіміз
Қонаев қаласы
