Перейти к содержимому
Главная страница » Бақылауды күшейту қажет

Бақылауды күшейту қажет

    Облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясының депутаттық фракция жиыны өтті. Басқосуға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев, депутаттық фракция мүшелері, басқарма басшылары, онлайн режимде аудан-қала әкімдері қатысты.

Жиынды облыстық мәслихат­тағы «AMANAT» партиясы фракциясы­ның төрағасы Ләззат Тұрлашов ашып, жүргізді. Күн тәртібінде «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдардағы Алматы облысы бойынша сайлауалды бағдарлама­сын іске асыруда Жол картасының орындалуы туралы облыс әкімі­нің баяндамасы тыңдалды. Аймақ басшысы қазіргі таңда бағдарламада көрсетілген іс-шаралардың басым бөлігі орындалғанын, бірқатары іске асырылуда екенін, Жол картасы аясында жоспарланған іс-шаралар­дың облыстық әкімдіктің қатаң қада­ғалауында тұрғанын атап өтті.
– «AMANAT» партиясының Алматы облысы бойынша сайлауалды бағдарламасы – аймақты өркендетудегі басты құрал. Бұл құжат халықтың көкейкесті мәселелерін шешуге және облыстың теңгерімді дамуына ықпал етуде. Соңғы жылдардағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің оң динамикасы – осының айқын дәлелі. Мәселен, соңғы үш жылда 1,2 триллион теңгеге 189 жоба жүзеге асырылды, – деді Марат Елеусізұлы. Сонымен қоса облыс әкімі «AMANAT» партиясы тарапынан қолға алынып жатқан «Жер аманаты», «Ауыл аманаты», «Қарызсыз қоғам» секілді тың жобалардың ел игілігіне қызмет етіп жатқанын айтты.
Жиында «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру Жол картасында орындалмау қаупі бар нысандар туралы да сөз болды. Марат Елеусізұлы партия жұмысы­ның тиімділігін арттыру үшін нақты ұсыныстарын ортаға салды. Ол өз сөзінде:
– Соңғы жылдары өңірлерде атқарылған жұмыстар айтарлықтай нәтиже беріп жатыр. Дегенмен әлі де көп мәселені шешу қажет. Бастысы – партия бағдарламасының әр тармағы нақты жүзеге асырылып, халыққа шынайы пайдасын тигізуі керек. Біз тұрғындардың қажеттілігін әрдайым бірінші орынға қоямыз. Осы мақсатта халықпен кері байланысты күшейтіп, әрбір сұраққа жедел әрі сапалы жауап беруіміз қажет, – деп аймақтағы әрбір жоба ашық әрі әділ жүзеге асуы үшін бақылауды күшейту қажеттігін алға тартты. Қатысушы депутаттар облыстық жауапты басқарма басшыларына Жол картасының орындалу барысына, сапасына қатысты сұрақтар қойып, бірқатар өзекті мәселелерді көтерді.
Фракция жиынында «AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты кеңесінің төрағасы Меруерт Молдашеваның есебі тыңдалды. Ол өз сөзінде бүгінде партия құрамындағы әйелдердің үлесі 75 пайыздан асатынын, ал 4 мыңнан астам бастауыш партия ұйымының ішінде 2,5 мыңға жуық әйел басшылық қызмет атқаратынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл – әйелдердің партия өміріндегі белсенділігін және олардың қоғамдық пікір қалыптастырудағы рөлін айқындай түседі.
– 2023 жылы партияның Әйелдер қанаты құрылып, нәзік жандардың көшбасшылығы мен құқықтарын қорғауға бағытталған он негізгі басымдық анықталды. Бұл жүйелі тәсіл гендерлік мәселелерді шешуге және нақты өзгерістерге жол ашты. Осы бағытта түрлі маңызды жобалар жүзеге аса бастады. Соның ішінде қыз-келіншектерді қоғамдық өмірге, саяси көшбасшылыққа тарту, олардың әлеуметтік-экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған «Томирис» жобасын айрықша атап өтуге болады. Бүгінде аталған жоба аясында көптеген бастауыш партия ұйым жетекшілері партиялық оқыту және көшбасшылық бойынша онлайн оқытудан өтті, – деді Меруерт Сағындыққызы.
Жиынды қорытындылаған «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Қуат Сұлтанұлы фракция мүшелеріне партияның сайлауалды бағдарламасының сапалы іске асуын бақылауға белсенді атсалысу қажеттігін айтып, фракция жұмысын жандандыру жайлы ұсынысын жеткізді. Жиын соңында қаралған мәселелер бойынша тиісті хаттамалық шешім қабылданды.

Ерзат АСЫЛ