Міне, 2026 жыл да табалдырығымызға келіп, есігімізді қағып тұр. Журналистер үшін бұл – ерекше қауырт кезең. Келесі жылы газетіміз қанша таралыммен шығады, оны кімдер оқиды деген сауалға жауап алатынымыз да осы тұс. Осыған байланысты ежелден ең алғашқы сүйенеріміз ұстаздар қауымы болғандықтан, Қарасай аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Еркінбаеваға жолығып, саланың жетістіктері мен алдағы жоспары жайлы бірер сауал қойған едік.
– Әсел Әбілеқызы, алдымен Қарасай ауданының білім беру жүйесі жайлы айта кетсеңіз.
– Бүгінде Қарасай ауданында 62 мемлекеттік және 17 жекеменшік орта білім беретін мектеп бар. Балабақша саны 103 болса, оның 93-і жекеменшік құзырында. Оқушылар саны биыл 100 мыңға жетіп отыр. Яғни былтырғымен салыстырғанда 5400 балаға артық. Ауданымызда бір-екі жыл көлемінде 7 жайлы мектеп салынды. Енді жыл соңына дейін Бұлақты ауылында бой көтерген ғимарат пайдалануға берілсе, өңірде үшауысымды мектеп мәселесі толығымен шешіледі.
Жалпы оқушылардың жетістіктерін айтар болсақ, түрлі білім сайыстары бойынша облыста екінші орында тұр. Робототехникадан республикалық және халықаралық жарыстарда жақсы нәтиже көрсетудеміз. Спорт саласында да балалар алдыңғы қатардан көрініп келеді. Оқу мен тәрбиенің сапасын арттыру мақсатында үлкен жобаларды қолға алып жатырмыз. Соның ішінде ұлттық құндылықтарды дәріптеуге баса назар аударылуда. Атап айтар болсақ, ауданда «Әкелер мектебі», «Әжелер мектебі» жұмыс істейді. «Үздік мектеп» жобасына биыл 20 мектеп белсене қатысты.
Балабақшада жоспардағы жұмыстармен қатар мақал-мәтелдерді меңгеру, жаңылтпаш айту, баланың санасына ауыз әдебиетіміз бен дәстүрімізді ерте бастан сіңіру қолға алынған. Сонымен қатар отбасымен тікелей қарым-қатынас орнату шаралары өз нәтижесін беруде. Елімізге танымал тұлғалармен кездесулер ұйымдастырамыз. Осының бәрі қазіргі таңда белең алып отырған жасөспірімдер арасындағы бұзақылықты, өз-өзіне қол жұмсау жағдайын болдырмауға септігін тигізетініне сенімдіміз.
Мен өзім, білім бөлімінің басшысы ретінде аптасына бір рет Instagram парақшасында тікелей эфир арқылы әңгіме өткізуді дәстүрге айналдырдым. Мұнда ұстаздар, ата-аналар, басқа да спикерлер оқу-тәрбиеге қатысты мәселелерді талқылап, жұртшылықты мазалап жүрген сауалдарға жауап береді. Мектеп – ата-ана – оқушы бірігіп жұмыс атқарса, ойдағыдай нәтижеге жететініміз анық.
Мектептердің материалдық-техникалық базасы да жақсара түсті. Бүгінге дейін Қаратөбе ауылындағы Тамабай мектебі ғана сұйық отын пайдаланып келген. Қазіргі таңда аталған білім шаңырағы газға қосылды. Шамалған ауылындағы М.Әуезов атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Келесі жылы тағы екі мектепті жөндеу жоспарға енгізілген.
Ауданда 7800 мұғалім еңбек етеді. Шәкірт жетістігі мұғалімге байланысты. Сондықтан ең алдымен мұғалімдер білімді, кәсіби білікті, жан-жақты сауатты болғаны абзал. Осы бағыттағы жұмысымыз бір сәт толастамақ емес.
– Елімізде мемлекеттік тіл мәселесі, балаларды қазақ мектептерінде оқыту өзекті болып тұрғанын білеміз. Қарасай ауданында бұл мәселе қалай шешілуде?
– Әрине, біз ең алдымен тұрғындар тілегін ескереміз. Мұнда жаңадан ашылған жайлы мектептердің барлығы мемлекеттік тілде білім береді. Аталған 62 білім шаңырағының 30 пайызы ғана аралас мектептер. Статистикаға жүгінер болсақ, аралас мектептердегі қазақ сыныптарының саны артқан. Мысалы, бірінші сыныпқа келген оқушылардың ішінде қазақ тілін таңдағандар басым. Бір айта кетерлігі, олардың арасында этнос өкілдері де көптеп саналады. Мұндай өзгерісті балабақшалардан да байқауға болады. Бұл – еліміздегі мемлекеттік тілге деген құрмет пен сенімнің көрінісі.
– Жуырда аудандағы білім ордаларында «Дүр қамшы» челленджі өткенін құлағымыз шалған еді. Қатысушылар жоғары баға беріп жатқан осы шара жайлы айта кетсеңіз?
– Бұл шараның мақсаты – қамшының жасалу әдісінен бастап, оның тұрмыста қолданылуы, қамшы арқылы қалыптасқан салт-дәстүрді оқушыларға дәріптеп, оларды отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа баулу. Ата – әке – бала арасында әңгіме құру арқылы өткен шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, үздік шыққан 10 мектеп аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
– Ғылым мен техниканың көз ілеспес жылдамдықпен алға жылжуы – дәстүрлі баспасөзге тосқауыл қойып отырғанын көріп жүрміз. Дегенмен адамның толыққанды дамуы үшін газет-журналдардың тигізер пайдасын да жоққа шығаруға болмайды. Осы орайда аудан мұғалімдерінің баспасөзге жазылуы қалай?
– Өткен жылы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін шақырып, үлкен жиын өткізгенбіз. Биыл да бұл жұмыс жалғасып жатыр. Себебі газет – әлеуметтік желідегі өсек-аяң емес, тасқа басылған ақпарат екені әмбеге аян. Жалпы менің өзім, аудан ұстаздары баспасөзге аса жауапкершілікпен қарайды. Тіпті, мектепішілік газеттер де ашылып жатыр. «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында тек әдеби кітаптарды емес, газет-журналдарды оқуға да үлкен мән берілуде. Ең бастысы, бұл жұмыстар мәжбүрлеп емес, ерікті түрде атқарылуда.
Оқушылар арасындағы зерттеу жұмыстары үшін, өзге де шараларда бұқаралық ақпарат құралдарына жүгінетініміз рас. Тарихын білмеген ұлт құрдымға кететінін ескерер болсақ, біз алдағы уақытта да бұл жұмысты жалғастыра бермекпіз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы





