Спорт – адамды шынықтырып қана қоймай, оның мінез-құлқын қалыптастыратын үлкен тәрбие мектебі. Кеген ауданында ауыл жастарын спортқа баулу, болашақ чемпиондар мен елге үлгі болатын тұлғалар тәрбиелеу мақсатында «Батыр боламын» қоғамдық қорының қолдауымен Ақтасты және Шырғанақ ауылдарында бір мезетте екі жаңа спортзал ашылды.
«Батыр боламын» қорының негізгі мақсаты – әр балаға спортпен айналысуға мүмкіндік беру, олардың кәсіби өрлеуіне жол ашу. Аталған қор бүгінге дейін елімізде 70-тен астам спортзал ашып, ауыл балаларының спортпен тегін айналысуына мүмкіндік беріп келеді.
Игілікті істің ашылу салтанатына Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, «Батыр боламын» қоғамдық қорының негізін қалаушы, «Адамның адал жолы» ЖШС директоры Арман Балкенұлы, ересектер арасындағы еркін күрестен Қазақстан чемпионы, әлем чемпионы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Ризабек Айтмұхан, еркін күрестен әлем және Азияның бірнеше дүркін чемпионы Нұрқожа Аралбекұлы, ардагер-спортшы, дзюдодан Азия чемпионы, самбодан әлем чемпионатының қола жүлдегері, Кеген ауданының Құрметті азаматы Айсара Керімбекова, аудандық мәслихат төрағасы Алмасбек Нұғыман, мекеме басшылары және ауыл тұрғындары қатысты.
Алғашқы құттықтау сөз алған Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев:
– Бүгінгі жас – ертеңгі елдің тірегі. Біздің міндетіміз – өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасау. «Батыр боламын» қоғамдық қорының қолдауы шынайы отансүйгіштік пен азаматтық жауапкершіліктің жарқын көрінісі, – дей келе, алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын таба беретінін тілге тиек етті. Сондай-ақ аудан басшысы игі істің басында жүрген азаматтарды Алғыс хатпен марапаттап, иықтарына шапан жапты.
Спортзалдың жөндеу жұмысына білек сыбана кіріскен ауыл жастарының еңбектерін айта кеткен жөн.
– Айсара апамыздың жолын жалғап, ізін қуатын жастарды тәрбиелесек, ауылымызда жаттығу залы болса деген ниетпен жұмыла кірістік. Құрылыс жұмысын көктем мезгілінде қолға алдық. Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Молдахметұлына, демеушілік танытқан ағаларымызға ауыл жастарының атынан зор алғысымды білдіргім келеді, – деді Ердос Төлегенұлы.
Ауыл ақсақалы Сағат Байсабаев батасын берген соң, жаңа спортзалдың лентасы қиылып, ақ жаулықты аналар шашу шашты. Танымал спортшылар жастарға шеберлік сағатын өткізіп, көптің ықыласына бөленді.
– Спортзалдың ашылуы Ақтасты, Шырғанақ ауылдары үшін үлкен оқиға болды. Шынында да, ауылда спортпен айналысқысы келетін дарынды балалар өте көп. Бірақ барлық жерде бірдей жағдай жасалмаған, – деді «Батыр боламын!» қоғамдық қорының негізін қалаушы Арман Балкенұлы.
Бұл күні бес елдімекеннен тұратын Шырғанақ ауылындағы спортзал да ел игілігіне берілді. Салтанатты шарада ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Ермахан Құрманғалиев ізгі тілегін арнаса, спортзалдың ашылуына ықпал еткен Оразбай Бекбатыров жұртшылыққа жүрекжарды алғысын жеткізді.
Айта кетейік, спорт нысанында бокс, күрес және шаңғы тебумен ауыл тұрғындары тұрақты шұғылданады. Мұнда жуыну, киім ауыстыру, жаттықтырушы бөлмелері талапқа сай жасалған. Алдағы уақытта жаңартылған спортзалдар жастардың спортқа қызығушылығын арттырып, ел мерейін үстем ететін чемпиондар тәрбиелеп шығаруға негіз болары анық.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы




