Қарасай ауданы Береке ауылдық Мәдениет үйінде «Obrain» балаларды дамыту орталығының негізін қалаған, қаржылық сауаттылық саласының тәжірибелі маманы Жанар Тұрғынбаева «Білім. Қаржы. АІ» атты семинар ұйымдастырды. Аталған шараға мұғалімдер, ата-аналар, оқушылар, сондай-ақ түрлі саладан спикерлер қатысты.
Семинарды ашқан Жанар Аманжолқызы қатысушылардың білім саласындағы жаңа бағыттарды, қаржылық сауаттылықтың негіздерін, жасанды интеллектіні қолданудың маңызын және басқа да тақырыптарды бірге талқылауға жиналғанын жеткізді. Қаржы тақырыбы бойынша сөз алған ол аудиторияны ақшаны дұрыс пайдалану, қаражат жинау мәдениетін қалыптастыру туралы құнды мәліметтермен таныстырды. Ал Мөлдір Дөнесқызы өзі негізін қалаған «Samgay» даму және шығармашылық орталығының тарихы, жұмысы мен жүзеге асырылып жатқан жобалары туралы әңгімеледі. Спикер спортпен айналысу, өнер және қолөнермен шұғылдану, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысу адамның жан-жақты дамуына ықпал етіп, елімізден тыс жерлерде сапалы білім алуға кең мүмкіндік ашатынын ерекше атап өтті.
Цифрлық дәуірде жасанды интеллект – АІ-дің рөлі зор. Бұл тақырыпты Мәскеу жоғары оқу орындарының бірінде білім алған Қазыбек Қобылан тарқатты. АІ – заманауи технологияның бір өнімі. Ол баршаға қолжетімді, арнайы дағдыларды қажет етпейді. Әмбебаптылығының арқасында мұғалімдер, оқушылар, студенттер, бизнес өкілдері секілді әртүрлі санаттағы адамдар үшін тиімді құрал бола алады. Күрделі тақырыптарды түсіндіру, тест пен емтиханға дайындалуда материалды жүйелеу, қысқаша конспекті мен негізгі формуланы дайындау, математикалық есептердің шешімін қарапайым қадамдарға жіктеу арқылы оқу процесін жеңілдетеді.
Жиында Fulbright TEA бағдарламасының финалисі, халықаралық деңгейде қызмет ететін педагог Бану Аманжолқызы «Кәсіби бағдар және ағылшын тілінің мүмкіндіктері» тақырыбында баяндама жасады.
Ол шетелдегі білім беру жүйесі, халықаралық оқу бағдарламалары, ағылшын тілінің жастар үшін артықшылығы, мамандықты дұрыс таңдау жолдары, сондай-ақ оқушыларға кең мүмкіндік ашатын грант пен конкурстар туралы айтып берді.
Семинар барысында Жанар Аманжолқызы өзінің «Бай – Бала – Береке» атты жобасын таныстырды. Бұл – 2026 жылдың 19 қаңтарында басталатын үш айлық қаржылық сауаттылық курсы. Курстан кейін қатысушыларға сертификат беріледі. Маңыздысы – балалар үшін курс ақылы болғанымен, олардың ата-аналары үшін тегін. Сонымен қатар аудандағы көптеген мектепте қаржылық сауаттылық бойынша оқыту семинарлары өткізілмек.
Жиын барысында құрметті қонақтар да сөз алды. «Ана мен бала» қайырымдылық қорының жетекшісі, Қарасай аудандық мәслихатының депутаты Әлия Сәтбаева қор жұмысы туралы айтып, жастарды осы игілікті іске белсенді атсалысуға шақырды. Оның айтуынша, соңғы жылдары елімізде волонтерлік қозғалыс қарқынды дамып, әлеуметтік қолдау көрсету ауқымы кеңейіп келеді.
Қарасай аудандық отбасын қолдау орталығының жетекшісі, аудандық мәслихат депутаты Елена Константинова және Қарасай аудандық орталық ауруханасының медико-әлеуметтік және психологиялық қызметінің жетекшісі Дана Тәждинова халыққа, әсіресе қиын жағдайға тап болған отбасыларға көрсетілетін әлеуметтік көмек туралы айтты. Олар тәулік бойы жұмыс істейтін «150» және «111» сенім телефондарының маңызын атап өтті.
«150» – балалар мен жастарға арналған көпжылдық тәжірибесі бар психологиялық қолдау қызметі, ал «111» – балаларға, жасөспірімдерге, әйелдерге және отбасыларға арналған сенім телефоны. Бұл нөмірге хабарласу арқылы психологиялық және заңгерлік жедел көмек, құқық қорғау, зорлық-зомбылық, буллинг, әлеуметтік қолдау және басқа да қиын жағдайларға қатысты кеңес алуға болады.
«Re Women» қауымдастығы Алматы облыстық филиалының төрағасы, «Зияткер» интеллектуалды орталығының негізін қалаушы Әсел Жылқыбаева «Әйелдер көшбасшылығы, жастарды дамытуға шақыру, білім берудің жаңа мүмкіндіктері» тақырыбын көтерді. Құқық қорғау органдарының өкілі, полиция капитаны Абылайхан Сәкенов қатысушыларға алаяқтық түрлері туралы айтып, олардан сақ болуға шақырды.
Қорытынды сөзінде Жанар Аманжолқызы бұл шараның пайдалы ақпарат алмасуға, тәжірибе бөлісуге, заманауи білім мен технологияларды бірлесіп меңгеруге мүмкіндік бергенін атап өтті. Қаржылық сауаттылық пен жасанды интеллект – болашақтың негізгі кілті екенін айта келе, аталған семинар жастардың жүрегіне жаңа идеялар ұялататынына сенім білдірді.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы
