Перейти к содержимому
Главная страница » Дамуға бастар даңғыл жол

Дамуға бастар даңғыл жол

     Алматы облысы еліміздегі жетекші инвестициялық орталық­тардың бірі ретіндегі позициясын нығайтып келеді. Бұған Алматы қаласында өткен «Alatau Investment Forum – 2025» халықаралық бизнес-форумы дәлел бола алады. Жиынға көршілес мемлекеттердің 300-ден астам бизнес-қоғамдастық өкілі қатысып, өнеркәсіп, агрокешен, логистика және туризм салаларында жүзеге асырылатын жаңа жобаларды талқылады.

Шарада сөз алған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі атынан қатысушыларды «Alatau Investment Forum – 2025» ха­лықаралық форумының ашылуымен шын жүректен құттықтады.
– Форумға келген шетелдік делега­цияларға ерекше ризашылы­ғымды білдіремін. Циндао қаласының вице-мэрі Гао Цзянь бастап келген Қытай Халық Республикасының, сондай-ақ Қырғыз Республикасының және басқа да мемлекет өкілдерінің шараға қатысуы инвестициялық әріптестікті нығайта түседі, – деді облыс әкімі.
Марат Елеусізұлы өз сөзінде ин­вес­торлардың сеніміне, стратегия­лық әріптестікке және ауқымды жоба­ларды жүзеге асыруға негізделген экономикалық өсудің жаңа кезеңі басталғанын мәлімдеді. Бұл ретте Алматы облысы еліміздің ең серпінді дамып келе жатқан аумақтарының бірі саналатынын жеткізді. Аймақ­та инвесторлар үшін нақты жағдай­лар жасалғанын, заманауи инфра­құрылымдық хабтар, жұмыс істеп тұрған жеті және қалыптасып жатқан тоғыз индустриялық аймақ, логисти­калық парктер, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктері және «Бірыңғай терезе» цифрлық сервистері бар екенін алға тартты.
– Инвесторлардың сенімі нақты көрсеткіштен байқалады, – деді аймақ басшысы. – Алматы облысында аяқталған бастамаларды қоспағанда, 6,2 трлн теңгеге 216 инвестициялық жобаға мониторинг жүргізілуде. Бұл жобаларды іске асыру 80 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Біз шетелдік серіктестермен ынтымақтастыққа ерекше назар аударамыз. Бүгінгі таңда 72 жоба шетелдік капиталдың қатысуымен іске асырылуда, ал олардың жиынтық құны 3,9 трлн теңгеге жетеді. Бұл – жай ғана статистика емес, халықаралық компаниялардың аймақ болашағына сенетіндігінің, оны ұзақ мерзімді орнықты дамитын перспективалы алаң ретінде көретіндігінің дәлелі!
Өз кезегінде сөз алған Қытай Халық Республикасының Циндао қаласының вице-мэрі Гао Цзянь Алматы облысымен ынтымақтастықты нығайту жолдарын атап өтіп, Қазақстан мен Қытай арасындағы әріптестіктің стратегиялық маңызына тоқталды. Ол Циндаоның экономикалық, индустриялық және инновациялық мүмкіндіктерін көрсете отырып, қаланы Қытайдағы ең ірі порт, өнеркәсіптік және логистикалық орталықтардың бірі деп атады.
Гао Цзянь мырзаның айтуынша, Циндао мен Алматы облысы бір-бірін толық­тыратын артықшылықтарға ие, бұлар – автокөлік жасау, жасыл энергетика, биомедицина, сауда және логистика салаларындағы бірлескен бастамалар. Осы орайда Циндао вице-мэрі аймақ­аралық өзара іс-қимылдың үш негізгі бағытын белгіледі.
– Біздің Алматы облысымен ынты­­мақ­тастығымыз бірнеше бағыт­тан тұрады. Бұл – өнеркәсіптік кооперацияны тереңдету, энергети­калық әріптестікті кеңейту, сауда мен логистиканы дамыту. Біз бірлескен өндірістер құрудың, заманауи техно­логияларды енгізудің және аймақтар арасындағы көлік дәліздерінің тиімді­лігін арттырудың үлкен әлеуетін көріп отырмыз. Мұндай қадам өзара сенімді нығайтып, аймақаралық ынтымақтастықты жаңа стратегиялық деңгейге көтеретініне сенімдімін, – деп атап өтті ол.
Өз сөзін қорытындылай келе, Циндао вице-мэрі Алматы облысымен ынтымақтастық екіжақты байланысты нығайта түсетінін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы достық – Еуразияның экономикалық картасын өзгертуге қабілетті стратегиялық жобалар құрылатын ұзақ мерзімді сенімнің берік іргетасы.
Форум барысында аймақтың инвестициялық әлеуеті жан-жақты таныстырылады. Жұмыс істеп тұрған және қалыптасу кезеңіндегі индус­триялық аймақтар, өндіріс жүргізуге арналған жаңа аумақтар, ірі инфрақұрылымдық жобалар және терең өңдеу, агрокешен, жасыл энергетика, логистика және өнер­кәсіп бағыттарындағы перспективалық баста­­малар ұсынылды.
Форумда Алматы облысының басты бәсекелік артықшылықтарына мән берілді. Атап айтқанда, халық­аралық көлік дәліздерінің торабында орналасқан стратегиялық маңызы, инженерлік және көлік инфра­құры­лымының қарқынды дамуы, ірі өткізу нарығына қолжетімділігі және инвесторларды мемлекет­тік қолдаудың дәйекті жүйесі алға тартылды.
Шарада қазақстандық және шетел­дік компаниялар арасында бірқатар меморандум мен келісімдерге қол қойылды. Бұл құжаттар бірлескен инвес­тициялық жобаларды іске асыру­ға, заманауи технологияларды енгізуге, экспорттық өнімдер өндірісін кеңейтуге негіз қалайды.
«Alatau Investment Forum – 2025» халықаралық әріптестікті нығай­татын, инвестициялық ахуалды жаңа деңгейге шығаратын, экономикалық өсуге мүмкіндік ашатын маңызды драйвер болмақ.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ