Тәуелсіздік күніне орай Қарасай ауданында бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысан пайдалануға берілді. Солардың бірі – көпбейінді «ADAL MED PLUS» медициналық орталығы. Ол Іргелі ауылдық округіне қарасты Кемертоған ауылында жеке инвестордың қаражаты есебінен салынды.
Жаңа нысанның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Адис Сейдакматов, аудандық мәслихат депутаты Кәмілжан Тоғысов және өзге де қонақтар қатысты. Бұл игі бастамаға Кемертоған тұрғындары атынан Баян Қалелова ризашылығын білдірсе, ауылдың қадірлі ақсақалы Кәлен Мұсаев ақ батасын берді. Сондай-ақ «ADAL MED PLUS» ЖШС директоры Бақтияр Зиядинов сөз алып, жаңа орталық ауылдағы медициналық қызмет сапасын арттыруға үлес қосатынын айтты. Дәстүрге сай, жаңа ғимараттың кіреберісінде лента қию рәсімі өтті. Бұдан кейін жиналған көпшілік ғимарат ішін аралап көрді.
Медициналық орталықтың бір күнде 200 адамды қабылдауға қауқары бар. Мұнда терапевт, эндокринолог, кардиолог, невропатолог, отоларинголог, офтальмолог, гинеколог, хирург, онколог-маммолог және стоматолог сынды білікті мамандар жұмыс істейді. Күндізгі стационар, зертхана, емшара кабинеті, сондай-ақ ультрадыбыстық зерттеулерден өтетін, физиотерапиялық ем және массаж алатын бөлмелер бар.
Айта кетейік, Кемертоған ауылында бүгінде 6 мыңға жуық тұрғын бар. Елдімекенде халыққа қызмет көрсететін басқа да мемлекеттік медициналық мекемелер жұмыс істегенімен, жаңа орталықтың ашылуы ешқашан артықтық етпейді. Керісінше, бұл ауыл тұрғындарының сапалы медициналық қызметке қолжетімділігін арттыра түседі.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы




