Перейти к содержимому
Главная страница » Емхана – ел игілігі

Емхана – ел игілігі

    Тәуелсіздік күніне орай Райымбек ауданы Тегістік ауылының тұрғындары көзайым қуанышқа кенелді. Атап айтқанда, былтыр ғана қадасы қағылып, қолға алынған фельдшерлік- акушерлік пункттің құрылысы белгіленген мерзімде аяқталып, пайдалануға берілді.

1500-ден аса тұрғыны бар Тегістік – уақыт керуеніне ілесіп, заман талабын қанағаттандырып келе жатқан елдімекен. Ауылдың еңбекқор адамдары негізгі күнкөрісін төрт түлік мал мен Жер-ананың төсінен ажыратады. Оның нақты көрінісін әр жылдың қорытындысы бойынша көңіл көркейтер көрсеткіш­тер айқын­дайды. Ауыл ішіндегі халық игілігі үшін қолға алынып жатқан іс-шаралардың шарапаты тұрғын­дардың жүрегін жылытып, көңілдерін шуаққа бөлейтіні белгілі. Ендеше, жақсылыққа жаны құмар жандардың мереке қарсаңында пайдалануға беріліп отырған жаңа емхананы көзайым қуаныштарына айналдыруын қалай мақтаныш етсе де артықтығы жоқ.
Аталған нысан құрылысын «ТехнОВиД плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрыш қолды құрылысшылары белгіленген мерзімде бітірді. Заманауи үлгіде бой көтерген ғимараттың сыртқы келбеті өзіндік сән-салтанатымен көз тартады. Науқас­тарды тіркеуге, қабылдауға, дәрігерлік тексеруге, күндіз жатып емделуге, тіс емдеуге арналған бөлмелер, аға мейірбике мен мейірбике және жалпы тәжірибелі дәрігерге арналған қызметтік каби­неттер бүгінгі күн талабына лайық. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Емханада 1 фельдшер, 3 мейірбике, 1 акушер, 3 техникалық қызметкер ауыл тұрғындарына меди­цина­лық қызмет көрсетеді.
Жаңа емхананың ашылу сал­танатына аудан басшылары, меди­цина қызметкерлері, мекемелер мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысып, қуанышқа ортақтасты. Бірінші болып сөз тізгінін ұстаған Райымбек ауданының әкімі Дастан Құдабаев ауыл тұрғындарын Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
– Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаевтың халық­тың ден­саулығын жақсартуға арналған тап­сыр­­масы аясында елімізде меди­цина саласы айрықша назарға алынған. Осы бағытта ауданымыздың ден­саулық сақтау саласында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Пайда­лануға беріліп отырған ғимарат әрбір отбасының, ең бастысы аналар мен балалардың, қарттарымыздың сапалы медициналық көмекке қол жет­кізуіне жол ашады. Жаңа нысан құтты болсын! – деді аудан әкімі. Ауыл тұрғыны, зейнеткер Кәмилә Байтоқова емдеу орнының ашылуын Тәуелсіздікке тарту ретінде қабылдайтынын жеткізді. Ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Тұрсынбек Байбалаев аталы да бата­лы тілегімен алқады. Жаңа емхана­ның лентасы қиылып, шашу шашылды.

Жұмабек ТҰРДИЕВ

Райымбек ауданы