Кеген ауданының әл-ауқатын көтеріп, берекесін арттыратын басты саланың бірі – ауыл шаруашылығы. Таулардың қойнауына қоныстанған мұндағы ел-жұрт егін егіп, мал өсіріп, өңірді өркендетуге өз үлестерін қосуда. Қысы-жазы жұмыстан қол үзбейтін шаруалар қауымының еңбектері елеуге тұрарлық. Осыған орай аудандық Мәдениет үйінде Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған мерекелік шара өтті.
Жылдағы дәстүр бойынша сала үздіктері анықталып, оларға сый-сияпат көрсетілді. Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев бастаған мекеме басшылары орталық алаңда ұйымдастырылған көрмені тамашалады. Ондағы жаңа техникалардың артықшылығын көріп, «Игілік», «Мәди», «Ұларлы», «Тантыбай» және «Әлібек» сынды шаруа қожалықтарының өнімдерімен кеңінен танысты. Кәсіпкерлердің жүйелі жұмыстарына оң бағасын берді.
Мәдениет үйінде өткен салтанатты жиынды Нұрбақыт Молдахметұлы ашып, аудан экономикасындағы жетістіктерге тоқталды. Сала қызметкерлерін мерекемен құттықтап, жылы лебізін арнады.
– Тауар өндірушілердің жергілікті өнімдерді халыққа ұсынуда ауданымыз екі жыл қатарынан облыс көлемінде алдыңғы орындардан көрінуде. Ең бастысы, бұл жетістіктердің барлығы сіздердің ерен еңбектеріңіздің арқасында жүзеге асып келеді. Көктемгі егіс жұмыстарынан бастап, күзгі жиын-терінге дейінгі әрбір кезең қайсарлықты, төзімділікті, ұқыптылықты талап етеді. Жыл өткен сайын егіс алқабы ұлғайып, өнім көлемі арта түсуде. Жеке тұрғындар мен шаруа қожалықтары жыл ішінде 33 жаңа техника сатып алып, нәтижелі жұмыстар атқаруда, – дей келе, аудан әкімі саланың жандануына аянбай тер төккен еңбеккерлерге алғыс білдіріп, «Еңбек даңқы» орденімен Болат Сатыбалдыұлын, «Ерен еңбегі үшін» медалімен Оразбай Бекбатыровты, Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен Төлқожа Күреңбайұлын, сондай-ақ бірқатар азаматты аудан әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатпен марапаттап, заттай сыйлықтар табыс етті.
Аталған шарада көп жылғы адал еңбегімен ұжым арасында құрметке бөленген, өз ісіне жуапкершілікпен қарап, жас мамандарға үлгі болған Берік Бектұрсынұлына зейнеткерлік жасқа толуына орай «Кеген ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.
Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институты білім тарату орталығының басшысы Сейіткәрім Қалтайұлы мен «Аяжан» шаруа қожалығының төрағасы Төлғожа Мұқанов жауапты міндетті абыроймен атқарып жүрген дала еңбеккерлеріне алғыс айтып, кәсіби мерекесімен құттықтады.
Жиын соңы аудан өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы




