Жеңістің 80 жылдығына орай Еңбекшіқазақ ауданындағы Шелек тарихи-өлкетану музейі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Кеңес одағының батыры Төле Кенжебаевты еске алуға және Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихына арналған «Елім деген ерді елі мәңгі ұмытпайды» атты конференция өтті.
Аталған жиынға Қазақстан педогогикалық ғылымдар академиясының академигі, профессор, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі Марат Тоқашбаев, тарих ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Қазақстан тарихы» кафедрасының профессоры Болат Сайлан арнайы келіп, Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихы туралы кеңінен әңгімеледі.
Шарада Қарасай ауданындағы «Анаға құрмет» музейінің экскурсия жетекшісі Ахан Сабыржан көшпелі көрме ұйымдастырды. Онда қазақтың батыр қыздары Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова және Хиуаз Доспанованың соғыста пайдаланған заттары қойылды.
Жиында алғашқы сөз алған облыстық музейлер бірлестігінің директоры Талғат Келімбетов пен Шелек ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Майра Жампейісова басқосудың мақсатын айтып, Жеңістің оңай келмегенін, оның адамзатқа тартқызған тауқыметі, қайғысы мен қуанышы жайлы қысқаша тоқталып өтті. Одан кейін Марат Тоқашбаев «Екінші дүниежүзілік соғыстың шынайы бет-бейнесі» атты баяндама жасады.
Екінші дүниежүзілік соғыс 1939 жылғы 1 қыркүйектен 1945 жылғы 2 қыркүйекке дейін созылған. Әлем халқының 80 пайызға жуығы, яғни шамамен 1 млрд 700 мың адамға зардабын тигізген. Соғыс өрті сол кезде 73 мемлекеттің 62-сін, нақтылап айтқанда Еуропа, Азия мен Африка құрлығын шарпыған. Майданға 110 миллионнан астам адам қатысып, оның 50 миллионы құрбан болған. Ал Германия мен Кеңес одағының соғысы 1941 жылдың 22 маусымында басталып, 1945 жылдың 9 мамырында аяқталған. Баяндамашы Кеңес әскерінің шабуылда жөнсіз қырылуына жол берілгенін, қазақстандық 500 жауынгер Кеңес одағының батыры атанса, оның 100-ге жуығы қазақ болса, бұдан да көп жерлестерімізге бұл атақ берілмегенін тілге тиек етті. Ал тарих ғылымдарының докторы, профессор Болат Санабайұлы қазақстандықтардың майдандағы ерлігі туралы сөз қозғады.
Шелек ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Әбілбек Айтақынов Төле Кенжебаевтың Днепр өзенінен өтудегі шешуші шайқаста неміс офицерін тұтқындағаны, ал Дәулен Ахметовтің Брест қамалында алғашқы соғыс басталғандағы жаумен шайқаста ерлікпен қаза тапқанын әңгімесіне арқау етті.
Конференция барысында патриоттық әндер шырқалып, журналист, ақын Ахан Сабыржан өлең оқыды. Жиын соңында Марат Байділдаұлы «Уақыт жебесі» атты бес томдығын, ал Болат Сайлан «Біз болған соғыс» атты кітабын музей директоры Қуанәлі Алмасбекке табыс етті. Соңында соғыста шейіт болған есіл ерлерге Құран бағышталды.
Анарбек БЕРДІБАЕВ,
журналист




