Қоғамға ең қажетті мамандықтың бірі – мал дәрігері. Дәл осы кәсіп иелері төрт түліктен таралатын әртүрлі аурудың алдын алып, ет, сүт, тағы басқа өнімдерге бақылау жүргізіп, олардың жарамды не жарамсыз екенін анықтайды. Міне, осындай жауапты салада еңбек етіп жүрген маманның бірі – Сабыржан Ноғайбаев.
Бала жастан мал бағуды, ат баптауды жаны сүйіп өскен Көкжиде ауылының тумасы өзінің алғашқы еңбек жолын 1980 жылы Ақкөл кеңшарының №2 фермасында жұмысшы болып бастаған. 1981-1983 жылдар аралығында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келген соң, Талдықорған қаласындағы зоотехникалық-малдәрігерлік техникумына оқуға түсіп, 1987 жылы мал дәрігері мамандығын меңгеріп шыққан.
Сүйікті мамандығы бойынша білім алған соң Сабыржан өзі еңбек жолын бастаған Ақкөл кеңшарының №2 фермасына мал дәрігері болып орналасады. Осында еселі еңбек ете жүріп 1991-1995 жылдары ферма меңгерушісі болса, 1995 жылдан 2014 жылға дейін қайтадан мал дәрігері болып жұмыс істейді. Ал 2014-2019 жылдар аралығында Ақжар ауылдық округіндегі, одан кейін Ақкөл ауылдық округіндегі ветеринарлық пункттің меңгерушісі қызметін атқарады. 2020 жылы Ақкөл ауылдық округі әкімі болып тағайындалады. Араға бір жыл уақыт салып, Ақкөл ауылдық округінің ветеринария пунктіне мал дәрігері қызметіне қайта оралады. Осы уақытқа дейін аталмыш мекемеде талмай еңбек етуде.
Сабыржан Ноғайбаев жемісті еңбек жолында көптеген марапат пен құрметке ие болып Балқаш ауданының Құрметті азаматы атанды. Адал еңбекпен зор табысқа жеткен мамандық иесі 2024 жылы «Қазақстанның алтын кітабына» еніп, арнайы төсбелгіге де ие болды. Сондай-ақ «Қазақстан мәслихаттарына – 30 жыл» мерекелік медалімен, «Еңбек ардагері», «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Өз ісінің хас шебері атанған Сабыржан ағаның зейнеткерлік жасқа жетуіне де аз қалды. Аграрлы өңіріміздің негізгі саласы – мал шаруашылығы болғандықтан Сабыржан ағамыздай мамандар ауадай қажет. Өйткені мал дәрігерлерінің қызметі қашанда жоғары бағаланады.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ
Балқаш ауданы




