Айтыстың дамуына елеулі үлес қосқан өнегелі өнер иесі, елдің ықыласына бөленген Надежда Лушникова 85 жасқа толды. Осыған орай апамыздың Ұзынағаш ауылындағы шаңырағына арнайы барып құттықтаған Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Әділбек Қамбарұлы мен Ұзынағаш ауылдық округінің әкімі Бақыт Бейсенбеков ақынға құрмет көрсетіп, сый-сияпат тапсырды. Олар аудан әкімі Нұрлан Ертасұлының ыстық ықыласы мен шын жүректен жолдаған лебізін жеткізіп, ақынға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыс тіледі.
Ұлттық өнеріміздің мәртебесін асқақтатқан Надежда Лушникова – қазақ ортасында өсіп, қазақ тілін, қазақтың сөз өнерін өзінің өмірлік мұратына айналдырған ерекше тұлға. Айтыс сахнасында жарқырай танылып, жыр додасының бірнеше мәрте жеңімпазы атанған, қазақ поэзиясына өзіндік өрнегін салған дара есім. Кезінде Үмбетәлі Кәрібаев мұражайын ашуға көп еңбек сіңірген мәдениет майталманының ұстаздық ұлағаты да бір төбе. Қазақ тілінің қадірін арттыруға, ұлттық мәдениетті насихаттауға бағытталған оның еңбегі – бүгінгі ұрпақтың санасында жаңғырып тұрған асыл мұра, келер ұрпақ жадында да мәңгі сақталарына сенеміз. Осы орайда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы Надежда Андрейқызының өнегелі өмір жолына үңілсек, ұрпаққа берер ұлағаты мол екенін көреміз.
Надежда Лушникова 1940 жылдың 22 қарашасында қазіргі Қарасай ауданы Шамалған ауылында дүниеге келген. Ол өзінің балалық шағы туралы әңгіме қозғалса: «Бізді соғысты шақыра туғандар дейтін», – деп еске алады. Балалық шағы да сол ауылда өтіпті. Надяның атасы Геросим кітапқұмар кісі болыпты. Қалтасындағы соңғы тиынына кітап сатып алады екен. Әжесі Агафия базарға бара жатқанда қолына ақша ұстатса, қажетті заттан артылып қалғанына кітап алып келетінін айтады.
«Бала кезімізден кітаппен сусындадық. Әкем Андрей менің екі жарым жасымда соғысқа кетіп, содан оралмады. Ал анам Иринаны бүкіл ауыл сыйлайтын. Үлкендер анамды «Ерке қыз» деп атаушы еді. Анам әкемнің соғыстан оралмағанына қарамастан, атам мен әжеммен бірге тұрды. Барлығымыз бір-бірімізге сүйеу болып өмір сүрдік. Ауылда өмірге сәби келсе, кіндігін менің анам кесетін. Өзінің қолы сондай епті, шаруаға ыңғайлы болды. Біз соғыстың қиыншылығын көрген ұрпақпыз», – деді Надя апа.
Надежда Лушникованың арғы аталары Қазақстанға Сібірден қоныс аударған екен. Аталары Алматыда шай фабрикасын ашқан дворяндар еді. Әкесі соғыстан қайтпай қалды. Үшқоңыр тауының етегінде орналасқан Шамалған ауылында сол кездері биокомбинат болған. Сонда жұмыс істейтін шешесін көлік қағып, бақилық болады. Сөйтіп кішкентай Надя әке-шешеден бірдей айырылады. Бірақ ауылдың үлкендері оларды жетімсіретпеді. Балалық шағын Үшқоңыр баурайында өткізген Надежда қазақтың кең пейілін көріп, мейіріне бөленіп өсті. Көрші-қолаң оны бауырына басып, көңілін аулап, қасына ертіп жүретін. Бір күні ауылдағы Жәметай әже оны Жамбыл ақынға ертіп барады. Сол сәт көкірегін өмір бойы шуақтандырып тұратын Надежда апай Жамбылмен кездесуін былайша толқып есіне алады:
«Шәметай апа аса сыйлы кісі болатын. Ол Едіге батырдың тұқымы еді. Екеуміз тау бөктеріндегі бір ауылға бардық. Әдемі бақта аппақ киіз үй тұр екен. Үй ішіндегі төсекте аппақ сақалы бар бір қария жатыр. Төсектің басындағы апорт алмаларына алдымен көзім түсті. Иісі мұрынды жарып, бүкіл үйге аңқып тұр. Біз біраз жер жүріп келгенбіз. Баланың шаршағаны білінбейді ғой, мен әлгі үйіліп жатқан алмаға қызыға қарап қалған болуым керек, төсекте жатқан қария әлсіз ғана қолымен маған бір алма ұсынды. Оны құшырлана жегенім соншалық, қазіргі күнге дейін қанша алма жесем де сондағы алманың дәмі таңдайымнан кетпейді. Шәметай апам мен ақсақал біраз әңгіме өрбітті. Кейінірек ес білгенде ападан: «Сол кезде маған алма берген қария кім еді?», – деп сұрадым. Ол: «Жамбыл бабаң емес пе?» – деді. Сонда барып ақындықтың бір сарқыты сол бабамнан дарыған екен ғой, бір жырының жұғыны берілген екен ғой деп ойладым».
Жүз жасаған жыр жампозы Жамбылдың қолынан алма алғанын есіне түсіргенде Надежда Лушникова ерекше тебіренеді. Өзінің бойында бар дарынын дамытуға күш салып, шығармашылығы қанаттанып, үнемі ақындық өнерге адалдық танытып келеді. Бойжеткеннің қабілетін байқаған Асқар Тоқмағамбетов студенттік жылдарында оған қолдау білдіріп, түрлі айтысқа қатыстырып, талабын ұштай түскен. Ол кезде Надя Қызылорда қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы Қазақ қыздар педагогикалық училищесінде оқитын. Үлкен айтыстарға қатысқысы келіп жүретін ақын қыз үшін 1964 жыл естен кетпес оқиғасымен ерекше. Сол жылы Шымкент, Қызылорда, Жамбыл облыстарының ақындары қатысқан үлкен шарада өнер көрсетеді. Айтыста ақындарға әділ қазылар бағасын беріп, өрнекті сөздерін саралап отырады. Қазылар алқасының құрамында қазақтың біртуар батыры Бауыржан Момышұлы да бар еді.
Сөз сайысының қорытындысында Надежда Лушникова жеңіске жетіп, ақын Әбділда Тәжібаев жүлдеге «Победа» сағатын ұсынып жатқанда, Бауыржан Момышұлы орнынан атып тұрып: «Қазақтың тілінде сөйлейтін ұлт өкілдері толып жатыр. Бірақ қазақты жан-тәнімен сезінетін, оның ән-жырын сүйетін Надя тәрізді адам сирек», – дей келе, ерлер сағатын қыздың тағуы ерсі екенін білдіріп, өзінің зайыбына қарап: «Кәмеш, мына қызға алтын сағат алып бер!» – дейді. Артынша Кәмеш апа екеуі оны дүкенге ертіп апарып, қолына әдемі алтын сағат тағады. Кішкентай ғана сары қыздың бойындағы дарынын Бауыржан Момышұлының өзі бағалап, ел алдында мерейін өсіргенін Надежда Андрейқызы ешқашан ұмытпайды. Сол сағатты Баукеңнің көзіндей қадірлеп келеді. Сол сыйлықты тапсырып тұрып батыр: «Мұны Бауыржан Момышұлының бергені деме, қазақтың ақ адал көңілмен бергені деп тақ», – дейді. «Мені осылай қастерлеген халықтың ұлдары, қазақ халқының пейілі мәртебемді асқақтата түсті. Ел назарына іліксем, ол қазағымның кең пейілі деп білемін», – дейді Надежда апа.
Ақын атанған студент қыз 24 жасында Қызылордаға келін болып түседі. Бұл жайында өзі былайша әңгімелейді: «Менің келін болуымның өзі бір қызық. Қасымда құрбым бар, Алматыға «Айтыс» деректі фильміне түсуге келгенбіз. Сол кезде Тұрлыбекпен сөз байласып жүрген едім. Ол жігітпен Қаскелең қаласында мектеп-интернатында оқыған кезімнен таныспын. Тұрлекең Алматы қаласындағы әйгілі №12 қазақ мектебінің түлегі еді. Ол төрт жыл әскерде болып, азаматтық борышын өтеп келген. Бір күні фильмнің түсірілімінен шыққанбыз. Тұрлыбек құрбым Хафуза екеумізді үйіне қонаққа шақырды. Ойымызда дәнеңе жоқ, бара қалдық. Сол жерде менің басыма орамал салынып, шашу шашылды. Содан келін болып қалдым, әйгілі ақын Үмбетәлі Кәрібаев бетімді ашты. Қызылордаға бардық. Сол жылы сәуір айында қызылордалықтар «Сырдария» мейрамханасында комсомол тойын жасап берді. Аллаға шүкір, өнерім мен отбасымды қатар алып жүрдім. Құралай, Қарлығаш, Ләйлә, Жәнібек атты баламызды өсірдік. Олардан немере, шөбере сүйіп отырмын. Нәзира келініме ризамын, немерелерім Нұрберді, Арнұр, Дамираны өсірдім. Алладан балапандарымның саулығын тілеп, тірлігімді кешіп отырған жайым бар», – дейді.
Надежда Лушникованың балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Қанша қиыншылық болса да, «Көппен көрген ұлы той» дейтін қазақтың ішінде адамдардың бір-біріне деген пейілі жылағанға жұбаныш, құлағанға сүйеу болды. Соғыстан кейінгі жылдар да оңай тиген жоқ. Шамалған ауылында Қара Омар, Сары Омар деген аталар болғаны Надяның есінде. Ауыл тұрғындары сол екі атаға кезек-кезек ас-ауқатын апарып, күтім жасайтын. Сондай бір күндері аталарға тамақ апару кезегі бұлардың да үйіне түсіп, қариялардың ас-суын Надя әзірлеп апарады. Тамағын апарып, алдына дастарқанын жайғанына қарап Сары Омар ақсақал: «Қызым, қолыңды жай, бата беремін», – депті. Надя мұны бір зат береді екен деп түсініп, кішкентай қолым не болады деп көйлегінің етегін жайыпты. Сонда қария оған: «Етегіңе ел толсын!» – деп бата береді.
«Содан бері, расында да, айналамды қаумалаған ел көбейді. Артымнан бір қауым ертетін, аталы сөз айта алатын халықтың қызы атандым. Қазаққа келін болып, ұрпақ өсірдім. Бір әулеттің ғана емес, бүкіл елдің мақтанышына айналсам, сол батаның қабыл болғаны шығар. Сары Омар ақсақал айтқандай, етегім елге толып, үбірлі-шүбірлі болып отырған жайым бар. Әкеден де, шешеден де жалғызбын, бірақ мен қазағыммен көппін. Ендігі уақытта Алладан елімнің амандығын, ұрпағымның саулығын тілеймін», – дейді апамыз.
Ол өзі бітірген оқу орны – Қызылорда педагогикалық училищесінде, одан кейін Жамбыл ауданына қоныс аударып, Ұзынағаш механикаландыру училищесінде және қазіргі Үмбетәлі ауылындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып біраз жыл жұмыс істеді. Одан кейін Үмбетәлі Кәрібаев әдеби-мемориалды музейінің ашылуына көп еңбек сіңіріп, ұзақ жыл сонда жемісті қызмет етті.
Надежда Лушникованы Алланың мейірімі түскен жан десек болады. Ол Құдайды аузынан тастамай, тәубе айтудан бір сәтке жалыққан емес. «Кітапқұмар Геросим атам бір күні Гордий Соблуков орысшаға аударған, 1907 жылы шыққан Құран кітабын үйге алып келді. Сол қасиетті кітап менің үйімде күні бүгінге дейін сақтаулы тұр. 72 жасымда қажылық сапарға барып, мұсылмандық парызымды өтедім», – деп әңгімесін аяқтады ақын апа. Оның санасында «Алланы ұмытқанның мейірімі де азаяды» деген ата өнегесі жаңғырып тұр.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы




