Мамандығына сай білім-білігін елінің өсіп-өркендеуіне, туған жерінің көгеріп-көктеуіне арнаған, еселі еңбегімен абырой арқалап, көптің құрметіне бөлене білген асыл жандар ортамызда жүргені қандай жақсы. Дидарынан нұр төгіліп, жанарынан шуақ шашылған, жүрегі жұмақтай, көңілі құрақтай осынау мейірім иелері барда ойлы-қырлы өмірдің ауыр-жеңілі мен ащы-тұщысы онша сезіле қоймайтыны анық. Солардың қатарына саналы ғұмырының 40 жылын есепшілік қызметке арнап, ұзақ жылғы жинақтаған тәжірибесі арқылы таулы өңірдің экономикалық тұрғыда дамуына лайықты үлес қосқан Райымбек аудандық қазынашылық басқармасының бас маманы Гүлнара Сыдықбаеваны да қосып, өнегелі де өркенді өмір жолын әңгімеге арқау еткеннің артықтығы жоқ.
Гүлнара Мырзатайқызы Аспантау өңірінің төл тумасы. 1964 жылы Сарыбастау ауылында дүниеге келген. 1972 жылы бұрынғы Ленин атындағы орта мектептің табалдырығын тұңғыш аттаған балғын шәкірттің білім бұлағымен сусындап, қияға қанат қағуына жол ашқан алғашқы ұстазы Шариза Есжановаға деген сый-құрметі қашанда бөлек. Сынып жетекшісі, математик Майгүл Қалқаева, қазақ тілінен дәріс берген Күләш Нұрабаева, әдебиетші Ыбырайым Сәрсенбаев, физика пәні маманы Ауғали Молдасанов, тағы басқа ұстаздарының да еңбегі ерен. Солардың алдынан терең білім алған Гүлнара он жыл бойы озат оқушылардың көшін бастап, орта мектепті алтын медальмен тәмамдады. Арманы асқақ жас түлек Алматыдағы есеп-кредит техникумының банк мамандарын даярлау бөліміне түсіп, аталған оқу орнын жақсы бағалармен бітірді. Алғашқы еңбек жолын Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасында экономист болып бастады. Осындағы кәнігі есепшілердің ақыл-кеңесін тыңдап, тәжірибесін үйренді. Зейіні мықты, әр күні ізденіске толы, еңбекке деген талабы зор қаржыгер айналасы екі-үш жылдың ішінде мамандығын іс жүзінде жетік меңгеріп, қамшы салдырмайтын дәрежеге қол жеткізді.
Гүлнара Сыдықбаеваның бұдан кейінгі еңбек жолы туған жерінде жалғасып, тарғыл тасты таулардың аясындағы өскелең өмірмен өрнектелді. Ленин атындағы ұжымшарда кассир, Нарынқолдағы жинақ банкінде есепші болып қызмет атқарған жылдары Жеңіс Сыманов, Ажар Өмірәлиева сияқты аға-әпкелерінен көп нәрсені үйренді. Білікті маман қай жерге болсын ауадай қажет. «Нарынқол орман шаруашылығы» КММ, аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінде, аудандық білім бөлімінде жалғасқан қызметінің бәрі де тәжірибесі мол, өз ісінің шеберіне деген қажеттіліктен туғанын ешкім жоққа шығармайтыны да сондықтан.
Гүлнара Мырзатайқызы Райымбек ауданы өз алдына шаңырақ көтергелі бері аудандық қазынашылық басқармасының бас маман-қазынашысы болып еңбек етіп келеді. Осы орайда мемлекеттік қызметтің жауапкершілік пен адалдықты талап ететін ең мәртебелі сала екенін айтқан орынды. Осы саланың дамуына елеулі үлес қосқан абыройлы қызметкерлердің қатарында Гүлнараның да аты ерекше құрметпен аталады.
– Ол өз қызметінде әрдайым әділдік пен нақтылықты ұстана білді. Ұжым үшін қашанда орны бөлек асыл жанның жас мамандардың тәлімгер-ұстазы ретіндегі еңбегін де айрықша айтқан орынды, алғысымыз да шексіз, – дейді Райымбек аудандық қазынашылық басқармасының басшысы Бақыт Омаров.
Гүлнараның қаржыгерлік саладағы ұзақ жылғы еңбегі лауазымды орындар тарапынан әрдайым лайықты бағаланып келеді. Облыстық қаржы басқармасы мен аудан әкімдігінің Құрмет грамоталары, өзі әр кезеңде еңбек еткен мемлекеттік мекемелердің Алғыс хаттары мен Мақтау қағаздары осының дәлелі. Гүлнара Мырзатайқызы – өз мамандығының білгірі ғана емес, өнегелі отбасының орны бөлек аяулы анасы, алтын діңгегі. Манат Уәлібай сынды абзал азаматтың зайыбы, Айсұлу мен Абай атты алтын асықтай ұл мен қыздың асыл анасы, кермаралдай көрікті келіннің көргені көп енесі, 2 немере, үш жиеннің сүйікті әжесі.
– Әрбір азамат қоғам үшін аса қажет. Өйткені, ол – сол қоғамның кірпіші. Ал қоғамға кірпіш болып қалану терең білім мен ақыл-парасаттылықты, тәлімді тәрбиені қажет етеді. Елдің болашағы саналатын жастар осыны жете сезінгені жөн. Сонда ғана алдыға қойған мақсатқа қол жеткізе алары анық. Бұл – менің өмірлік ұстанымым. Бүгінгі жеткен биігім, ел алдындағы абыройым, ізденіске толы еңбегімнің жемісі, – дейді Гүлнара.
Ол бүгінгі таңда бейнетінің зейнетін көретін кезеңнің есігін ашты. Реті келгенде біз де қуаныш иесін зейнеткерлік жасымен құттықтап, ендігі қалған ғұмырының бақыт пен шаттыққа, ғибратқа толы болуын тілейміз.
Жұмабек ТҰРДИЕВ
Райымбек ауданы




