Аналар, ақсақалдар қоғамдық кеңестері ұлттық құндылықтарды дәріптеу, қоғамдағы ынтымақтастық пен бірлікті нығайту, отбасы институтын дамыту, өскелең ұрпақты тәрбиелеу, салт-дәстүрді, ұлттық рухани мұраны сақтау, жаңғырту жолында аянбай еңбек етіп келеді. Кеген аудандық аналар мен ақсақалдар кеңестерінің 2025 жылғы атқарған жұмыстары да осы бағытта өрілді. Бұл турасында аудандық Мәдениет үйінде «Қоғамдық бірлікті нығайту: кеңес қызметтерінің нәтижелері» тақырыбында өткен қорытынды отырыста егжей-тегжейлі айтылды.
Алдымен қонақтар ғимарат кіреберісіндегі «Өнер сыры – өрнекте» көрмесімен, ұлттық құндылықтарға негізделген үйірме жұмысымен танысты.
– Кәсіп ашқан маған ауыл әкімі қолдау білдіріп, екі бөлмелі үй тауып берді. Жастарды кесте тігуге баулып жатырмын. Мысалы, қыздар біз кесте, қол кесте, маржан кестені меңгеруде, – деді Ақай Нүсіпбеков ауылынан келген ісмер Тойлыхан Қанапияқызы.
Айтулы шараға облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, облыстық аналар кеңесінің төрағасы Гүлнар Сағатқызы, Алматы облысының Белсенді ұзақ өмір орталығының директоры Жәния Көпжүрсінқызы, Кеген аудандық аналар кеңесінің төрайымы Бақытгүл Көнеева, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Нұрлыбай Көпжасар, мәслхат депутаттары, ауылдық округ әкімдері, ауылдық округтердегі аналар, ақсақалдар кеңесінің төрағалары, ауыл жастары қатысты.
Жиынды Кеген ауданы әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков ашып, қатысушыларды күн тәртібімен таныстырды. Басқосудың мақсаты жыл бойы атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы жылға арналған ортақ міндеттерді айқындау екенін айтып өтті.
Отырыста Кеген аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Нұрлыбай Көпжасар жыл көлемінде атқарылған жұмыстарды баяндады. Ол өз сөзінде қоғамдық келісім мен рухани тәрбие бағытындағы бастамаларды ерекше атап өтіп, пікірін ортаға салды.
Одан кейін аудандық аналар кеңесінің төрайымы Бақытгүл Демежанқызы есеп беріп, «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында жүзеге асатын істерді талқылады.
Өз кезегінде сөз алған облыстық аналар кеңесінің төрағасы Гүлнар Сағатқызы:
– Отбасылық құндылықтарды насихаттауда аналар кеңесінің қосатын үлесі зор. Әр отбасы мүшесі «Менің отбасым – менің жауапкершілігім» деп түсініп, бір-біріне қолдау көрсетсе, әр шаңырақта қуаныш орнап, қоғамда тұрақтылық болады, – дей келе, аналар кеңесінің қызметіне белсенді атсалысып жүрген бірқатар аналарды Қоғамдық келісім және даму орталығы басшысының Алғыс хатымен марапаттады.
Облыстық Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Жәния Көпжүрсінқызы, Жылысай ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Болат Таубалдиев, Тасашы ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Сара Қасымхановалар ұрпақтар сабақтастығы, ұлттық дәстүр мен отбасылық құндылықтарды нығайту және сақтау бағытында сөз қозғады.
Жиын соңында ауылдық округтердегі аналар кеңесінің жұмысы сараланып, ауыспалы кубок табысталды. Бас жүлде Тасашы ауылдық аналар кеңесіне бұйырды. Бірінші орынды Шырғанақ ауылдық аналар кеңесі иеленсе, екінші орынға Жалағаш ауылдық аналар кеңесі қол жеткізді. Ал үшінші орынды Тұйық ауылдық аналар кеңесі еншіледі. Жеңімпаздар аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, заттай сыйлықтарға ие болды.
Осылайша, қоғамдық келісімнің алтын арқауы болған аудандық аналар мен ақсақалдар кеңестерінің жылдық жұмысы қорытындыланды.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы




