Қарасай ауданына қарасты Шамалған ауылындағы «Үшқоңыр» спорт кешенінде Қазақстан Республикасы Президентінің «Ғажайыпқа толы Жаңа жыл» атты балаларға арналған шыршасы өтті.
Жаңа жылдық шыршаның басты қонақтары әлеуметтік тұрғыдан осал топтар мен көпбалалы отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ оқу, спорт, шығармашылық пен қоғамдық қызметте жоғары жетістіктерге жеткен дарынды балалар болды. Шырша тойына облыс бойынша 180 жеткіншек, Қонаев қаласындағы балаларды қолдау орталығынан 50 тәрбиеленуші қатысты.
Мереке алдында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев ауыл мектептерінің жоғары сынып оқушылары арасында өткен жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңінің жеңімпаздарымен кездесті. Аталған олимпиаданың республикалық кезеңіне Алматы облысынан жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша 36 оқушы, қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша 30 шәкірт жолдама алған болатын. Соның ішінде 34 оқушы жүлделі орындарға ие болып, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің қолынан Алғыс хатпен марапатталды.
Айта кетерлігі, Алматы облысының командасы биыл да жоғары нәтиже көрсетіп, жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша командалық 1-орынды жеңіп алып, чемпиондық атағын сақтап қалды. Бұл – өңірдегі ауыл мектептерінде білім сапасының жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсететін айқын дәлел болса керек.
Кездесуде жекелеген жетістіктер де ерекше атап өтілді. Атап айтқанда, Еңбекшіқазақ ауданы Рахат ауылдық округі №1 орта мектебінің оқушысы Нұрислам Абдыхамит үш жыл қатарынан республикалық кезеңде «абсолют жеңімпаз» атанып, еліміз бойынша теңдессіз нәтижеге қол жеткізіп келеді. Ал Іле ауданы №38 мектеп-гимназиясының оқушысы Айша Бекмұхамед екі жыл қатарынан «Үздік ауыл мектебінің оқушысы» номинациясын иеленді. Аталған екі дарынды жас бүгінде еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының мемлекеттік грант иегерлері атанып отыр. Сонымен қатар Қарасай ауданы Алмалыбақ орта мектебі мен Іле ауданы №38 мектеп-гимназиясы жоғары нәтижелері үшін «Үздік олимпиада мектептері» аталымына ие болды. Бұл жетістік ұстаздар мен оқушылардың бірлескен, жүйелі еңбегінің жемісі екені даусыз.
Командалық есепте Іле және Ұйғыр аудандары 7 жүлделі орын, Талғар ауданы 6 жүлделі орынды иеленіп, үздіктер қатарынан көрінді. Қарасай, Жамбыл және Еңбекшіқазақ аудандарының оқушылары да жүлделі орындарға ие болды. Сондай-ақ Талғар ауданындағы «Дана» жекеменшік мектебінің 6 оқушысы республикалық олимпиадада топ жарып, білім ордасының сапалы даярлығын көрсетті.
Кездесу барысында облыс әкімі оқушыларды жоғары жетістіктерімен құттықтап, олардың табандылығы мен білімге деген ұмтылысын ерекше атап өтті. «Сіздердің жеңістеріңіз – өздеріңіздің талаптануларыңызбен қатар ауыл мектебінің, ұстаздардың және ата-аналардың ортақ еңбегінің нәтижесі. Білім мен ғылымға деген құштарлықтарыңыз еліміздің болашағы үшін аса маңызды. Осындай талапты, ізденімпаз жастар барда Қазақстанның келешегі жарқын болады», – деді Марат Елеусізұлы.
Шара барысында сөз алған республикалық олимпиаданың үш дүркін жеңімпазы, абсолютті чемпион, Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің «Ректор гранты» иегері, Еңбекшіқазақ ауданы Рахат ауылдық округі №1 орта мектебінің 11-сынып оқушысы Нұрислам Абдыхамит өз әсерімен бөлісті.
– Бұл жетістікке жету жолында ең алдымен ұстаздарыма, ата-анама және бізге сенім артқан жандарға алғыс айтамын. Ауыл мектебінің оқушысы да үлкен биіктерді бағындыра алатынын дәлелдеуге мүмкіндік берген осындай олимпиадалар бізді алға жетелейді. Болашақта еліміздің дамуына өз үлесімді қосуды мақсат етемін, – деді жас дарын.
Бұл жетістіктер – Алматы облысының ауыл мектептерінде сапалы білім беріліп жатқанын, жас таланттарды қолдау жүйесі дұрыс жолға қойылғанын айқын көрсетсе керек.
Осыдан кейін оқушыларға арналған мереке шырша тойымен жалғасын тапты. Онда балдырғандарды құттықтаған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев:
– Балалардың шат күлкісі мен жарқын болашағы – біздің ең басты байлығымыз. Мемлекет басшысының атынан өткізіліп отырған бұл жаңа жылдық шырша – әр балаға деген қамқорлықтың, мейірім мен үміттің белгісі. Біз әрбір балдырғанның өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне, өз арманына сенуіне жағдай жасауымыз керек. Бүгінгі қуаныш ертеңгі үлкен жетістіктердің бастауы боларына сенемін. Биылғы шырша тойы балалар үшін тек Жаңа жылдың басталуына ғана емес, жақсылыққа, білімге және жарқын болашаққа жетелейтін сенімді қадам болып отыр, – деді.
Аймақ басшысы құттықтаудан кейін оқу мен тәрбиеде үздік нәтиже көрсеткен бірнеше шәкіртке ақшалай сертификат пен жаңа жылдық сыйлықтарды табыс етті.
Бұл күн балалар үшін шын мәнінде ғажайыпқа толы болғаны анық. Оларға ертегі батырларымен қатар заманауи комикстердің кейіпкерлері, түрлі роботтар, өзге ғаламшарлықтар тамаша көрініс ұсынып, елімізге белгілі өнер жұлдыздары ән шырқады. Осындай көңілді кешті тамашалаған балалар ұмытылмастай әсер алып, тамаша көңіл-күймен тарасты.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы




