Жердің аты – тарихтың хаты десек, туған жердің әрбір тау-тасы, өзен-көлі өткеннен көсіле сыр шертеді. Осындай қасиетті мекеннің бірі – Жамбыл ауданына қарасты Дегерес ауылы. Осынау құтты мекенде 1992 жылдың қыркүйек айында Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайы өтті. Әлемнің төрт қиырына тарыдай шашырап кеткен қандастардың басы тұңғыш рет қосылған Алматыдағы жиынның соңы елдімекен шетінде қазыналы тоймен аяқталған еді.
Ауқымды шара жоғары деңгейде өткізілгеніне өзім куәмін. Өйткені тойды ұйымдастырушылардың бірі ретінде атсалыстым. Ол кез өтпелі кезең басталған қиын шақ болатын. «Тәуелсіздік алдық, социалистік жүйеден бас тартамыз, жаңа қоғам құрамыз» деген бастамамен бәрін қайта қарап жатқан жылдар еді. Мемлекет меншігіндегі кеңшар, ұжымшарлар таратылып, өндірістік байланыстар үзіліп, кәсіпорындар жұмысының қиюы кетіп, жұмысшылар жалақыларын айлап ала алмай, жаппай жұмыссыздық белең ала бастаған. Сол кезде халықтың рухын оятудың бір көрінісі осы болды деп ойлаймын. Бүкіл қазақтың тұңғыш тойы Жамбыл ауданында өткізілсін деген пәрмен берілісімен ауданда ұйымдастыру комитеті құрылып, мен соның құрамында болдым. Ол кезде бәрін ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап келген аудандық коммунистік партия комитеті де таратылып, жергілікті басқару органы ретінде аудандық әкімшілік болып қайта құрылған. Оның төрағасы Жүсіпәлі Нүкетаев, ал мен оның орынбасары әрі ауыл шаруашылығы басқармасының төрағасымын. Қазіргі сөзбен айтқанда, ол кісі аудан әкімі, мен орынбасарларының бірімін. Дегерес ауылын той өткізуге лайықты орын деп таптық. Себебі мұнда бүкіл Кеңес одағына атағы дүркіреген жылқы зауыты болды, дайын атшабары бар, айналасы кең.
Ауылдың батысындағы атшабар алаңының жанындағы қырқаға жүзден астам қазақ үй тігілді. Мерекеге жиналған үлкен-кіші көпшілік көтеріңкі көңіл-күймен бас қосып, қызықтың куәсі болды. Атшаптырым алаңның ортасына үлкен сахна орнатылды. Таңның атысынан Дегерес аспанында ән тербеп, күй кернеді. Аспан төрінен күздің күні күлімдеп, тойға жиналған көпшілік қауымға жаймашуақ нұрын молынан төгіп тұрды. Тойдың мәдени жағын аудан басшысының сол кездегі идеология жөніндегі орынбасары Тоққожа Естенов басқарды.
Одан бір күн бұрын ауылдың әрбір үйі қонақ күтті. Келген қонақтарды үйді-үйге бөліп орналастырып, ертесіне бір топ делегацияны той өтетін жерге бірнеше көлікпен бастап бара жатқанмын. Сондағы бір көрініс әлі есімнен кетпейді. Басбатыр тауының етегіне ілінгенімізде Түркиядан келген қандастардың ішіндегі бір қария: «Көлікті тоқтатшы, балам», – деді. «Уазиктен» түскен соң тауға қарап, басын иіп, «О, қасиетті жер, бабамның туған жұрты, атамекенім» деп тебірене сәлем беріп, тізерлей отыра қалып, маңдайын жерге тигізді. Басын қайта көтергенде көзінен шыққан жасты көрдім. Көліктегілердің бәрі түсіп, жаңағы кісі қол жайып, бата-тілегін айтты. Одан соң қария жерден бір уыс топырақ алып, бет орамалына түйіп, қалтасына салды. Сол көрініс маған қатты әсер етті.
Той дүркіреп өтті. Атжарыс болды. Аламанда Қордай ауданы Қаракемер ауылынан қосылған тұлпар алдымен келді. Ол ат Дегерес жылқы зауытының атақты сәйгүлігі Тайшұбардың тұқымы екен. Бас бәйгеге автокөлік тігілді. Атжарысқа автокөлік тігу содан басталды. Оннан астам атқа жүлде тағайындалды. Алманиядан келген бір қандасымыз ең соңынан келген атқа ынталандыру ретінде өз қалтасынан 100 доллар суырып берді.
Бағдат ӘЛИЕВ,
еңбек ардагері,
Жамбыл аудандық қоғамдық кеңес төрағасы




