Жергілікті мәслихат депутаттарының мойнына артылар жауапкершілік жүгі қашанда жеңіл емес. «ҚР Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес VIII шақырылымдағы облыстық мәслихат халық пен биліктің арасында дәнекер болып, сайлаушыларының мұң-мұқтажын тыңдап, тиісті орынға жеткізіп, жергілікті жердегі түйткілді мәселелердің шешілуіне оң ықпал етіп келеді. Осы орайда елімізде тұңғыш рет енгізілген мәслихат төрағасы лауазымын атқарып отырған Қуат Байғожаевқа жолығып, тілдескен едік.
– Қуат Сұлтанұлы, Мемлекет басшысының бастамасымен қоғамды демократияландыру мақсатында қолға алынған реформалардың мәслихаттың жұмысына қандай өзгеріс енгізгеніне және жергілікті өкілді органның бүгінгі рөліне, маңызды шешімдер қабылдауда атқарып жатқан қызметіне тоқталып өтсеңіз.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан саяси реформалар мәслихаттардың қызметіне елеулі өзгеріс енгізді. Аралас сайлау жүйесі мен өзін-өзі ұсыну институтының қалыптасуы өкілдік органдардың сапалық құрамын жаңартуға мүмкіндік берді. Соңғы сайлау нәтижесіне сәйкес облыстық мәслихат депутаттарының 50 пайызы партиялық тізіммен, 50 пайызы мажоритарлық жүйемен сайланды. Аудандық және қалалық мәслихаттар толығымен мажоритарлық жүйеге көшіп, әрбір депутат тікелей халықтың дауысына ие болды. Бұл өзгерістер қоғамдағы көзқарастардың алуандығын арттырып, мәслихатқа тұрғындардың сеніміне ие болған, өңірдің түйткілдерін жақсы білетін әртүрлі салада тәжірибесі бар, қоғам белсенділерінің келуіне жол ашты. Нәтижесінде мәслихаттың рөлі айтарлықтай күшейіп, атқарушы билікке қатысты дербестігі нығайып, бақылау тетіктері арта түсті.
Қазіргі кезде мәслихат тек өкілді орган ғана емес, халық пен атқарушы билік арасындағы алтын көпір қызметін атқарады. Мәслихат арқылы тұрғындардың әлеуметтік, экономикалық және инфрақұрылымдық мәселелері жүйелі түрде күн тәртібіне шығарылып, заң аясында нақты шешімдер қабылданады. Сессия отырыстарында өңірдің ұзақ мерзімді даму стратегиясы, бюджет саясаты, жер қатынастары, құрылыс саласы, әлеуметтік бағыттар мен экология мәселелері жан-жақты талқыланады. Мәслихат жұмысының басты ерекшелігі – қабылданған шешімдердің орындалуын тұрақты бақылауда ұстап, олардың тиімді іске асуын қамтамасыз етуінде. Сонымен қатар заң шығару үдерісінен де тыс қалмай, Парламент Сенаты мен Мәжілісінде қолданыстағы заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу немесе жаңа заң жобалары бойынша ұсыныстар қаралған жағдайда облыстық мәслихат депутаттары бейнебайланыс арқылы қатысып, өз пікірлерін білдіреді. Бұл өңірлік мүдденің ұлттық деңгейде ескерілуіне мүмкіндік береді. Осылайша бүгінгі мәслихат формальды құрылым емес, жергілікті мәселелерден бастап республикалық деңгейдегі маңызды бастамаларға дейін ықпал ете алатын пәрменді институтқа айналып отыр.
– Облыстық мәслихаттағы партиялардың үлес салмағы қандай?
– VIII шақырылымның депутаттық корпусы «AMANAT», «Ақ жол», «Respublica», «Ауыл» партиясы мүшелерімен толықты. Облыстық мәслихатта «AMANAT» партиясы басымдыққа ие. Бұл – халықтың партия бағдарламасына деген сенімінің нәтижесі. Сонымен қатар өзге партия өкілдері де белсенді жұмыс атқаруда. Мәслихатта партияаралық текетірес емес, конструктивті диалог қалыптасқан. Қандай партиядан шыққанына қарамастан, пайдалы ұсыныстар қолдау табады. Сондай-ақ демократиялық мәдениеттің қалыптасқанын білдіреді.
– Мәслихат депутатының бірмандатты округтен сайланғаны жөн бе, әлде партиялық тізім бойынша мандатқа ие болғаны дұрыс па? Бұл тұрғыда сіздің ойыңыз қандай?
– Бірмандатты округтен сайланған депутат – белгілі бір аумақтың тікелей өкілі. Ол өз аймағындағы тұрғындардың мәселелерін жан-жақты біледі. Жергілікті ерекшеліктерді терең түсінетіндіктен, сайлаушыларының сұраныстарын нақты жеткізе алады. Мұндай депутат халықпен тікелей байланыста болып, олардың талабын дер кезінде шешуге тырысады. Партиялық тізім бойынша сайланған депутат жүйелі және стратегиялық ойлауға бейім, сондықтан ұзақ мерзімді даму бағдарламаларын іске асыруға үлес қосады. Аралас сайлау жүйесі осы екі тәсілді үйлестіріп, мәслихаттағы депутаттық корпусқа әртүрлі тәжірибе мен дағдыны әкелді. Осы тұрғыдан алғанда аралас сайлау жүйесі мәслихаттың тиімділігін арттыратын, депутаттар мен сайлаушылар арасындағы байланысты нығайтатын және қоғамдық сенімді қамтамасыз ететін тиімді механизм болып отыр.
– Тағы бір назар аударарлық мәселе – депутаттардың мәртебесі. Ел арасында халық қалаулыларының беделін арттыру бағытында қандай шаралар атқарылуда?
– Қазіргі кезде депутаттардың мәртебесі – қоғам назарындағы өзекті мәселенің бірі. Ол заңмен белгіленген өкілеттіктермен ғана емес, күнделікті қызметімен, халықпен байланыс орнату деңгейімен және нақты нәтижелермен айқындалады. Сондай-ақ сайлаушылардың мәселелеріне жауапкершілікпен қараумен және өңірдің дамуына қосқан нақты үлесімен бағаланады. Осы бағытта депутаттардың кәсіби және құқықтық біліктілігін арттыру мақсатында әртүрлі семинар, тренинг, тәжірибе алмасу алаңдары ұйымдастырылып келеді. Мысалы, былтыр Қонаев қаласында және Абай облысында мәслихат депутаттарына арналған ауқымды тренинг өткізілді. Сонымен қатар Мемлекеттік басқару академиясының облыстағы филиалында біліктілікті арттыру семинары ұйымдастырылды. Сайлаушылардың ұсыныс-пікірлері депутаттар арқылы тиісті мемлекеттік органдарға дер кезінде жеткізіліп, көтерілген өзекті мәселелер депутаттық сауалдар жолдау арқылы жергілікті атқарушы билік деңгейінде шешімін табуда.
– Шешімдердің орындалу сапасын қалай қадағалайсыздар?
– Шешімдердің орындалу сапасы – мәслихат жұмысының басты көрсеткіші. Бұл бағытта бірнеше деңгейлі бақылау бар. Біріншіден, тұрақты комиссиялар арқылы салалық басқарма басшыларының есебі тыңдалады. Екіншіден, депутаттық сауалдар жолданып, жауаптардың нақты орындалуы талап етіледі. Сонымен бірге депутаттар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын көзбен көреді. Заңбұзушылық анықталған жағдайда құқықтық шаралар қолдануға ықпал етеді. Бұл бюджет қаржысының тиімді әрі ашық жұмсалуына мүмкіндік береді.
– Жалпы аймақтың дамуына депутаттардың қосып жатқан үлесі қандай?
– Депутаттар өңірдің даму басымдықтарын айқындап, бюджет қаражатының тиімді әрі әділ бөлінуін қамтамасыз етуде. Сондай-ақ инфрақұрылымдық жобалардың уақытында және сапалы жүзеге асырылуына, ауыл шаруашылығы саласын қолдауға, субсидиялар мен мемлекеттік бағдарламалардың дұрыс орындалуына тікелей ықпал жасауда. Депутаттардың жұмысы тек жоспарлау деңгейінде қалмай, инвестор тарту, жаңа кәсіпорындар ашу, жергілікті экономикаға капитал енгізу және жаңа жұмыс орындарын құру сияқты нақты нәтижелерге қол жеткізілуде. Бұл арқылы тұрғындардың тұрмыс сапасы жақсарып, өңірлік экономикалық өсім тұрақты сипат алады. Сонымен қатар депутаттар әлеуметтік мәселелерді шешуге, медициналық және білім беру нысандарын жаңғыртуға, жол, сумен жабдықтау, электр және газбен қамтамасыз ету сияқты инфрақұрылымдық қажеттіліктерді дер кезінде орындауға атсалысады. Халықтың талаптарын бақылап, шешімдердің тиімді орындалуын қадағалайды. Нәтижесінде қоғам мен билік арасындағы байланыс нығаяды.
– Облыс аумағында жаңа Алатау қаласының бой көтеретіні – қуанышты жаңалық. Алайда оның аумағына кірген елдімекендердің ауыл мәртебесімен қатар жеңілдіктерден де қағылғаны жасырын емес. Осы мәселені біржақты етуде мәслихат депутаттары тарапынан қандай жұмыс атқарылуда?
– Алатау қаласының құрылуы – стратегиялық маңызды жоба. Дегенмен оның аумағына қосылған ауылдардың шағынаудан мәртебесін иеленуіне орай мәселе туындағаны шындық. Өйткені елдімекендердің қалалық санатқа өтуіне орай ондағы мамандар ауылдық квота бойынша қосымша ақы алу құқығынан айырылды. Мәслихат депутаттары бұл мәселені шешу үшін нақты шаралар қабылдап, Алатау қаласының мемлекеттік ұйымдар қызметкерлері жалақысына ынталандыру үстемеақы енгізуді ұсынды. Осыған байланысты былтыр 27 қарашада облыстық мәслихат сессиясында қабылданған шешімге сәйкес, биыл 1 қаңтар мен 31 желтоқсан аралығында Алатау қаласында жұмыс істейтін әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет және спорт салаларының мамандарына 25% үстемеақы төленуде. Бұл Алатау қаласының белсенді даму кезеңінде кадр әлеуетін қолдау үшін уақытша шара ретінде қарастырылған.
– Облыстық және аудандық мәслихат тығыз қарым-қатынаста жұмыс істей ме? Бірлескен, ортақ мәселелер қалай шешімін табады?
– Мәслихаттар заң шеңберінде өз алдына дербес өкілдік орган саналады. Алайда облыстық және аудандық деңгейдегі мәслихаттар ортақ мәселелерді шешуде бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Ортақ мәселелер бірлескен кездесулер, кеңестер, іссапарлар және жұмыс комиссиялары арқылы талқыланып, жүйелі әрі тиімді шешімдер қабылданады. Мәселен, облыстық мәслихат бюджеттен қаражат бөлуді жоспарласа, аудандық мәслихат оны жергілікті нақты қажеттіліктерге сай пайдалану жолдарын анықтайды. Осындай үйлестік жобаларды тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
– Жуырда ел Президенті ауыл әкімдерімен өткізген диалог-платформада елдімекен басшыларын тікелей сайлау бастамасының өз нәтижесін беріп жатқанын атап өтті. Сіздіңше, ауыл әкімдерінің жұмысын ширатуда қандай мәселелерге мән беру керек?
– Ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүйесінің енгізілуі тұрғындардың өз таңдауын жүзеге асыруына мүмкіндік берді. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл реформа саяси жүйені жаңғыртудағы маңызды қадамдардың бірі болды және оның нәтижесі айқын көрініп отыр. Еліміз бойынша 2 334 ауыл әкімі сайланды және олардың басым бөлігі халық сеніміне ие болды. Тікелей сайлау халықтың жергілікті басқару институттарына деген сенімін арттырды және әкімдердің күнделікті жұмысына ерекше жауапкершілік жүктеді. Дегенмен ауыл әкімдерінің жұмысы тек сайлану нәтижесімен шектелмеуі тиіс. Алдағы уақытта олардың қаржылық және институционалдық мүмкіндіктерін кеңейту маңызды. Бұл ауыл әкімдерінің өз бюджетін тиімді жоспарлап, жергілікті даму жобаларын жедел іске асыруға жол ашады. Сондай-ақ әкімнің өкілеттігі мен жауапкершілігін нақтылайтын құқықтық жүйені одан әрі жетілдіру қажет. Өйткені қазіргі заңнамада бұл бағыттағы кейбір нормалар әлі толық қамтылмаған. Тағы бір маңызды аспект – ауыл әкімдерінің кадрлық әлеуетін арттыру. Президент атап өткендей, әкімдердің көпшілігі осы лауазымға алғаш рет сайланған. Сондықтан олардың басқарушылық, қаржылық және стратегиялық дағдыларын күшейту үшін кәсіби оқыту бағдарламаларын кеңейту қажет. Мұндай білім мен тәжірибе әкімдерге ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуын жүйелі жоспарлауға және нәтижелі жүзеге асыруға көмектеседі. Осылайша, әкімдердің жұмысының тиімділігі олардың тікелей сайлануында ғана емес, қаржылық тәуелсіздік, құқықтық мәртебе, кәсіби біліктілік және халық алдындағы есептілік секілді кешенді факторлардың жүзеге асырылуынан көрінеді.
– Облыстық мәслихат тарапынан биыл атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып, алдағы жоспарларыңызбен де бөлісе кетсеңіз.
– Жыл басынан бері облыстық мәслихат 14 сессия өткізді. Осы сессияларда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инфрақұрылымдық жетістіктерін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды шешімдер қабылданды. Атап айтқанда, 2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. 2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджет, 2026-2030 жылдарға арналған облыстың даму жоспары, «Алатау» өңірлік ипотекалық бағдарламасы, бастауыш сынып оқушыларын, әлеуметтік осал санаттағы және жетім балаларды бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз ету үшін тамақтандыру құны бекітілді.
Шешімін таппаған мәселелер де жоқ емес. Түйткілдерді бірлесіп талқылау мақсатында депутаттық корпус жыл ішінде аудандық мәслихат депутаттары, облыстық басқарма басшылары, қала, аудан әкімдері, аудандық бөлім басшыларымен бірлесіп, салынып жатқан, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмысы жүріп жатқан құрылыс нысандарының жай-күйімен танысты. Олардың қауіпсіздігіне, құрылыс материалдарының сапасына аса мән беріліп және уақытында аяқталуын қамтамасыз ету үшін арнайы зерделеу жұмысын жүргізді. Қадағалау нәтижесінде қазіргі таңда әлеуметтік нысандардың көпшілігі толықтай пайдалануға берілді. Мұндай жұмыстар әлі де жалғасын табады. Сенат пен Мәжіліс депутаттарымен бірігіп жұмыс істеу арқылы, өңірлердегі өзекті мәселелер республика деңгейінде қаралуда. Ж.Жөргенбаев, З.Кузиев, Ж.Әшімжанов, М.Толықбай, Р.Рожин сияқты Парламент депутаттарымен бірге аудандарды аралап, сайлаушылармен кездескен облыстық мәслихат депутаттары сол өңірдегі халықтың тыныс-тіршілігімен танысып, қордаланған өзекті мәселелерді көтеруде.
Жеңістің 80 жылдық мерекесі аясында облыстық мәслихаттың 38 депутаты Қонаев қаласы мен Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Іле, Ұйғыр аудандарында тұратын көзі тірі ардагерлерге арнайы барып, құрмет көрсетті. Өйткені қайғымен, қуанышпен араласқан тарихи кезеңнің белгісі болған бұл мереке бүкіл әлем үшін маңызды. Бүгінгі тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы, еліміздің өркендеуі – осындай ата-апаларымыздың жеңісінің арқасы.
Әрбір тұрғынның қажеттілігі мен ұсынысын тыңдап, оларға көмек көрсету мақсатында облыстық мәслихат депутаттары кестеге сәйкес және кестеден тыс уақытта да қоғамдық қабылдаулар өткізді. Депутаттардың қабылдауына келген 425 азаматтың 401-інің өтініші сол мезетте шешімін тапты. Қалған өтініштердің алдағы уақытта шешімін табатыны хабардар етілді. Ал шешімін таппай жатқан сұрақтар бойынша депутаттар тиісті мекеме басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Бүгінгі күнге дейін облыстық мәслихат депуттары тарапынан тұрғындардың мәселелерін шешуге көмектесіп, жергілікті билік органдарының назарын аударуға мүмкіндік беретін 322 депутаттық сауал жолданды. Осы орайда облыстық мәслихат депутаттары тиісті мекеме басшыларымен кездесіп, келіссөздер жүргізу арқылы Алматы қаласының төңірегінде орналасқан Талғар, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Қарасай аудандарының кейбір елдімекендері мен Алматы қаласы арасына қатынайтын автобустар бағытының ашылуына ықпал етті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске қосылған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы Алматы облысында жүйелі жүргізілді. Мәслихат пен облыстық әкімдіктің ұйымдастыруымен Іле өзені жағасындағы «Көшпенділер қалашығы» маңында кең ауқымды сенбілік өтті. Өкінішке қарай, соңғы жылдары ішкі туризмнің маңызды нысандарының бірі саналатын бұл аймақ тұрмыстық қалдықтар мен пластикалық бөтелкелерге толып кеткен. Шараға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызметшілер, ардагерлер мен жастар қатысты. 300-ден астам адам жұмылдырылған сенбілік нәтижесінде жиналған қоқыс арнайы техникамен шығарылды. Осындай сенбілік Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күніне орай да ұйымдастырылды.
Депутаттардың қолдауымен жүзеге асырылатын қайырымдылық акциялары қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған. Осы акциялар арқылы депутаттар көмекке мұқтаж адамдарға қолдау көрсетіп, қоғамда әлеуметтік теңдікті қамтамасыз етуге үлес қосуда. Жыл сайын депутаттар көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларын жаңа оқу жылына дайындау мақсатында қайырымдылық акцияларын өткізеді. «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында облыстық мәслихат депутаттары 10 млн-нан астам теңгеге 500-ден астам балаға оқу құралдары салынған сөмкелер, мектеп формалары мен спорттық киімдер үлестірді. Депутаттар қоғамдық әлеуметтік қолдау көрсететін акцияларды да белсенді түрде ұйымдастырады. Осындай қайырымдылық акциялары депутаттардың қоғам алдындағы жауапкершілігін көрсетіп, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған іс-шаралар болып саналады. Олардың жүзеге асырылуы қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға және әр азаматтың өмір сапасын арттыруға ықпал ететіні сөзсіз.
Жергілікті атқарушы органның да, мәслихаттың да ортақ міндеті ел игілігіне қызмет ету болғандықтан, бір мақсат, бір мүддеге жұмылып, ауқымды жұмыстарды бірге атқардық. Әрі қарай да атқара береміз деген сенімдемін.
Соңғы сессия отырысында облыстық мәслихаттың келесі жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту мәселесі қаралды. Жоспар жобасы мәслихаттың өкілеттіктері аясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған негізгі басымдықтарды қамтиды. Атап айтқанда, жергілікті бюджеттің орындалуын бақылау, әлеуметтік сала, инфрақұрылым, білім беру, денсаулық сақтау және экология мәселелері бойынша депутаттық бақылауды күшейту, сайлаушылармен кері байланысты жетілдіру көзделіп отыр. 2026 жылға арналған жұмыс жоспары тұрақты комиссиялардың қызметін жүйелеуге, қоғамдық маңызы бар мәселелерді уақытылы қарауға және атқарушы органдармен өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталатын болады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Айжарық Көптілеуов




