Алматы облысы – тұрақты дамып келе жатқан аймақтың бірі. Өңірдің өркендеуіне үлес қосып отырған негізгі бес аудан бар. Олар – Қарасай, Іле, Талғар, Еңбекшіқазақ, Жамбыл аудандары. Осы аудандарда атқарылып жатқан негізгі жұмыстарға, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына қысқаша тоқталып өтсек.

Қарасай ауданы – халқы тығыз орналасқан өңір. Бүгінгі күні тұрғындардың саны 366 мың адамға жетті. Аудан экономикасының жетекші саласы – өнеркәсіп өндірісі. Ауданның ірі және орта кәсіпорындарында 6,5 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.
Облыстағы 18 ірі жүйе құраушы кәсіпорынның 7-еуі Қарасай ауданында орналасқан. Өңірде инвесторларды тарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Биыл жалпы құны 100 млрд теңгеден асатын 20-ға жуық жаңа ірі инвестициялық жоба іске асырылуда.
Ауыл шаруашылығы саласы да даму үстінде. Биылғы 9 айда ауыл шаруашылығында жалпы өнім шығару 74 млрд теңгені құрады. Халықтың табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында тұрғындар жеңілдетілген шарттармен несие алу мүмкіндігіне ие болуда. Жалпы соммасы 2,3 млрд теңгеге 263 жобаның құжаттары «Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына жолданып, 108 жобаға 986 млн теңге несие берілді. Ауданда 20 өндірістік кооперативі құрылып, «Қонаев әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына» 13 кооперативтің құжаты өткізілді, 2 өндірістік кооперативке 58,3 млн теңге несие берілді, қалғаны қаралу үстінде. Сонымен қатар ауданда жалпы көлемі 19,5 гектарды құрайтын 6 ірі жылыжай кешенінен жылына 8 мың тонна көкөніс өнімі өндірілуде.
Ауданда үшауысымды оқыту мәселесі кезең-кезеңімен шешімін тауып, соңғы үш жылда 12 жаңа мектеп салынды, нәтижесінде үшауысымды мектептер саны 12-ден 1-ге дейін азайды. Қазір Бұлақты ауылындағы мектеп қана үшауысымда білім беруде. Жыл соңына дейін Бұлақты ауылында салынып жатқан 900 орынды «Келешек мектебінің» құрылысы аяқталса, үшауысымды оқыту толығымен жойылады.
Облыстағы өндірісі дамыған тағы бір өңір – Іле ауданы. Биылғы 9 айда өңірде 4 өнеркәсіп орны ашылып, 1 өнеркәсіп өндірісін кеңейтті, 375 жұмыс орны ашылды. Жалпы 17 жаңа өндіріс енгізу, жұмыс істеп тұрған 4 кәсіпорынды кеңейтіп, орта кәсіпорынның өндірісін ұлғайту есебінен өнеркәсіп өндірісінің көлемін 856,5 млрд теңгеге дейін жеткізу көзделген.
Инвестиция көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 35,9 млрд теңгеге артық. Ауданға 178,5 млрд теңге инвестиция тартылып, жылдық жоспар 67,3%-ға орындалған.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 9 айда 65,2 млрд теңгені құрады. Баспанамен қамтуда Боралдай кентінде 22 пәтер, Өтеген батыр ауылында 18 жеке үй әлеуметтік жағынан осал топтарға кезектілік тәртібімен берілді. Қазіргі уақытта Өтеген батыр ауылында екі 72 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, олар «Отбасы банкке» тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға беру үшін жолданды. Бұдан бөлек, тағы бір 72 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жалғасуда. Сонымен қатар Боралдай кентіндегі 137 пәтер және Асқар Тоқпанов ауылындағы 18 пәтер кезекте тұрған азаматтарға «Отбасы банкі» арқылы берілмек.
Медицина саласында 2024-2025 жылдарға арналған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы бойынша 3 емдеу профилактикалық мекемесінің құрылысы жоспарланған. Биыл Көктерек ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілмек. Көкқайнар ауылы мен Береке саяжайында бірауысымда 40 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория құрылысы жүріп жатыр. Ал мәдениет саласындағы айтулы жаңалық – Өтеген батыр ауылында Нұрғиса Тілендиев атындағы Мәдениет үйі қолданысқа беріліп, күйші ескерткішінің бой көтеруі. Бұл өңір мәдениетін асқақтатқан, халыққа рухани дем берген шара болды.
Еңбекшіқазақ ауданы жер көлемінің үлкендігімен ерекшеленеді. Мұнда ауыл шаруашылығы, бау-бақша егістігі дамыған. Биыл ауыл шаруашылығы саласына 10 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. Жаңадан 2 000 басқа арналған 2 тауарлы сүт фермасы салынған.
Ауданда 108 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның 86-сы өңдеу кәсіпорны болса, 22-сі – тау-кен өндіру орны. Жыл соңына дейін өнеркәсіп өндірісінің көлемі 127 млрд теңгені құрайды деп жоспарлануда. Биылғы 9 айдың жалпы сомасы 3,5 млрд теңгеге 14 шағын өндіріс цехы ашылып, 1 өнеркәсіп орны өндіріс желісін кеңейтті, нәтижесінде 100 жаңа жұмыс орны құрылды.
Жыл басынан бері ауданда 36 жаңа шағын және орта бизнес нысаны ашылып, 181 адам жұмыспен қамтылды. Кәсіпкерлерді қолдау мақсатындағы «Бірыңғай кешенді бағдарлама» аясында 9 жоба қолдау тапты. Сонымен қатар 2 кәсіпкер 10 млн теңге көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грант ұтып алды.
Ауданда 65 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 430 пәтерлі 9 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Есік қаласында 180 пәтерлі 3 кредиттік үйдің құрылысы аяқталды. Қазір инженерлік желілері тартылуда.
Биыл халықтың әлеуметтік осал топтарына 135 тұрғын үй сатып алынған. 12 округте 154 пәтердің құрылысы жүріп жатыр.
Аудан көлемінде 11 елдімекенде ауызсу жүйелері қайта жаңғыртылуда. Жыл соңына дейін 5 ауылда құрылыс жұмысы аяқталады деп жоспарлануда. Қалған 6 елдімекенге су тарту жұмысы 2026 жылы аяқталады.
Өңірдегі 79 елдімекеннің 64-і газдандыруға жатады. 13 ауылға газ тартылған. 22 ауылға газ тарту үшін ЖСҚ жасалып, 16 ауылға оң сараптама алынды.
Биыл ауданда 3 мектеп пайдалануға беріліп, 2 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуден өтті. Тескенсу ауылында тәулігіне 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүргізілуде.
Мал саны жағынан жетекші өңір болып саналатын Жамбыл ауданында 114,7 мың бас ірі қара, 1 млн 200 мың бас қой мен ешкі, 53,7 мың бас жылқы, 1,5 мың түйе бар. Биыл ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 67,2 млрд теңгені құрады. Өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемі 33,7 млрд теңгеге жетті. Негiзгi капиталға тартылған инвестиция көлемі 78,1 млрд теңгені құрап, жылдық жоспардың 73,7 пайызын көрсетті.
Инвесторларға қолайлы жағдай жасау мақсатында аудан аумағында «Қазыбек бек» индустриялық аймағы құрылды. Онда инвестициялық 12 жоба іске асырылып, 3036 жұмыс орны құрылатын болады. Үлкен ауылында көлемі 400 гектар болатын тағы бір индустриялық аймақ ашу жоспарлануда.
Ауданда 50 598 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, жылдық жоспардың 107,3 пайызын құрады. 2023–2025 оқу жылында білім инфрақұрылымын дамыту бағытында Ұзынағаш ауылында 1500 орынды №1 лицей-мектебі, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Ұзынағаш ауылында 1500 орынды және Қарғалы ауылында 900 орынды білім ошақтары, ал «Келешек мектептері» жобасы шеңберінде Сарыбай би ауылында 600 орынды мектеп ашылды. Нәтижесінде үшауысымда оқитын мектептердің саны 9-дан 3-ке дейін қысқарды.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 16 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 7 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Қалған 9 нысанның құрылысы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Сонымен қатар Ұзынағаш ауылында құны 5,2 млрд теңге болатын, бірауысымда 250 адамға қызмет көрсететін жаңа аудандық емхана құрылысы аяқталуға жақын. Үмбетәлі ауылында 15 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүргізілуде.

Сарыбай би ауылындағы Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп, Мәтібұлақ, Үлгілі ауылындағы мәдениет ошақтары қолданысқа берілді. Одан бөлек, Ұзынағаш ауылында ардагерлер үйі мен өлкетану музейінің, Тарғап ауылында 70 орынды спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде.
Биыл қосымша 2,7 мың гектар жерге су үнемдеу технологиясы енгізілді. Аудан аумағындағы пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау және мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары да басты назарда. 2023–2025 жылдар аралығында жалпы көлемі 60,3 мың га жер қайтарылды, нәтижесінде 29,2 мың га ортақ жайылымға, 21,9 мың га конкурс арқылы қайта айналымға және 9,2 га ауданның арнайы жер қорына енгізілді.
Аудандағы 61 елдімекеннің 52-сі газдандыруға жатады. Бүгінгі күні ауданның 36 елдімекені табиғи газбен қамтылған. Жыл соңына дейін газбен қамтылған елдімекен санын 44-ке жеткізу жоспарда бар, сонда газбен қамту деңгейі 72%-ға дейін өседі.
Айта кетерлік жетістіктің бірі – ауданда қоғамдық көлік қатынасы жақсарды. Көлікті субсидиялауға 396,3 млн. теңге бөлініп, 7 бағыт халыққа қызмет көрсетуде.
Тағы бір іргелі өңірдің бірі – Талғар ауданы. Тұрақты даму үстіндегі өңірде ауыл шаруашылығы мен өндіріс қатар өркендеуде. Өткен жылмен салыстырғанда ауыл шаруашылығы өнімінің көрсеткіші жоғарылап, 6,7 мың тонна ет, 27,1 мың тонна сүт, 22,5 млн дана жұмыртқа, 349 тонна жүн өндірілген.
Мал мен құс басын көбейту мақсатында, «Алель Агро» АҚ Венгрия мемлекетінен 50 мың бас «Arbor Acres» асыл тұқымды тәуліктік балапандарын, «Амиран» серіктестігі Ресейден 34 бас «Голштин Фриз» құнажындарын сатып әкелді. Жыл аяғына дейін «Махамбет» қожалығы 180 бас «Гасконская» етті бағыттағы ірі қара асыл тұқымын Франциядан, «Алматы» кооперативі 2000 бас «Голштин Фриз» құнажындарын Венгриядан жеткізу бойынша жұмыстар жүргізуде.
Негізгі капиталға тартылатын инвестицияның көлемі 97,2 млрд теңгеге жетті. Биыл инвестиция көлемі 21,7 млрд теңгені құрайтын 21 жоба іске асуда. «Қайрат» индустриялық аймағында 15,4 млрд теңгелік 4 жоба жүзеге асырылуда. Бұл қатарда «СтройИнвест-тѕ» ЖШС көпфункционалды өндірістік-логистикалық кешені, «Hong Shun» ЖШС сұйық шыны (натрий силикаты) өндіретін құрылыс зауыты, «Water Supply» ЖШС полиэтилен құбырлары мен тамшылатып таспалар өндіретін құрылыс зауыты, кофе машиналарына арналған алюминий капсулаларын өндіретін «Tama caps» ЖШС бар.
Құрылыс саласына келер болсақ, Талғар қаласында үш 72 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін 254 пәтер сатып алынды, сондай-ақ жыл соңына дейін қосымша 119 пәтер (тұрғын үй) сатып алынатын болады. Он үш 72 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысына арналған жобалар әзірленіп, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен және абаттандыруымен бірге сараптаманың оң қорытындылары алынды.
Табиғаты тамылжыған Талғарда туризм саласы да даму үстінде. Жыл басынан бері ауданға келген туристер саны 7,9 %-ға өсіп, 54,4 мың адамды құрады, көрсетілген қызметтер 102,9%-ға өсіп, 1,83 млрд теңгеге жетті.
Жыл басынан 2 туристік нысан ашылды. Олар – «TAL RESORT Aqua & SPA» заманауи туристік нысаны және «Aqua Asia» туристік кешені.
Бүгінде Талғар ауданында іске асырылып жатқан маңызды жобалардың бірі – Орталық Азиядағы алғашқы «Атлетико де Мадрид Қазақстан» футбол академиясын құру. Ол «Ақбұлақ» спорт орталығының базасында жүзеге асырылуда. Жоба бойынша 10 000 көрерменге арналған үлкен стадион салу көзделіп отыр. Академия тек спорттық база ғана емес, болашақта әлемдік деңгейдегі футболшыларды дайындайтын орталыққа айналып, Қазақстан футболының дамуына жаңа серпін береді деп күтілуде. Сонымен қатар, биыл Қазақстан Футбол федерациясының халықаралық деңгейдегі Балалар футбол академиясының іргетасы қаланды.
Бұл – аудандарда атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасы ғана. Даму мүмкіндігі мол, өрлеу мен өркендеуге бет түзеген өңірлердің облыс пен ел дамуына қосып жатқан үлесі зор.
Алма ЕСЕНБАЙ




