Сүмбе ауылындағы көшелердің біріне осы жердің тумасы, Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, жеңістен кейінгі бар саналы ғұмырын бейбіт өмірді баянды етіп, туған жері мен елінің өсіп-өркендеуіне, түлеп-түрленуіне арнаған Кәдірахман Бестібаевтың есімі берілді. Ерлікті елге мұра, ұрпаққа ұран ету мақсатындағы іс-шараға ауыл жұртшылығы көптеп жиналды.
Кәдірахман Бестібаев 1922 жылы Нарынқол ауданының Сүмбе ауылында дүниеге келген. 1942 жылы наурыз айында аудандық әскери комиссариат арқылы әскерге алынып, Алматыда жасақталған №509-атқыштар полкі, 191-атқыштар дивизиясы құрамында әскери дайындықтан өтеді. Майдан өтіне Жамбыл бабасының ақ батасымен қанаттанып аттанған минометші жауынгердің ұрыс даласындағы жорығы Волхов майданынан басталып, Калининград, Сталинград майдандарында жалғасады. Бұдан кейін Ленинград қаласын қорғауға қатысады. Ресейдің Большое Воробичье, Малое Воробичье аталатын қалаларын, ауыл, қыстақтар мен пойыз стансаларын азат етуде кескілескен ұрыстың ортасынан табылады. 1943 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс тарихынан ойып орын алған Синьябин шоқысын алудағы алапат шайқаста ауыр жараланып, Воробичье қаласының №2547 әскери госпиталінде емделеді. Жау оғынан алған жарақаты майданға қайта кіруге мүмкіндік бермеген жауынгер 3-топтағы мүгедектікпен әскер қатарынан босатылып, еліне қайтарылады.
Майдангер бұдан кейінгі бар ғұмырын, бойындағы қажыр қайратын жеңісті баянды етуге, туған жерінің көгеріп-көктеуіне, ел экономикасының дамуына, тұрғындар тұрмысының жақсаруына, ауыл мәдениетінің көтерілуіне арнады. 1945-47 жылдары Қырғызстандағы малдәрігерлік техникумында оқып, мал маманы атанған ол, 1948 жылдан зейнеткерлік жасына дейін өзі туып-өскен Абай атындағы ұжымшарда, кейіннен Абай атындағы картоп кеңшарында еңбек етіп, мал шаруашылығын өркендетуге сүбелі үлес қосты. Кәдірахман Бестібаевтың майдан өтіндегі ерлігі мен бейбіт өмірдегі ерен еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланды. «Ұлы Отан соғысы» ордені, «Кеңес одағының маршалы Г.Жуков» медалі, Ұлы Жеңіске арналған мерекелік медальдар кеудесінде жарқырады. Жеңістің 25, 40 жылдығына арналған Мәскеудегі әскери шеруге қатысуы, 2013 жылы Сталинград қаласының азат етілгеніне 70 жыл толуына орай Волгоград облысының губернаторы С.Баженовтан алған құттықтау хаты – майдангердің соғыста көрсеткен жауынгерлік ерліктерінің айқын көрінісі. Ал Райымбек ауданының Құрметті азаматы атануы – елі мен жеріне деген сүйіспеншілігіне берілген әділ баға.
Кәдірахман атамыз асыл жары Сәнтай Нұрғожаева екеуі 12 бала өмірге әкеліп, ұлды ұлағатты, қызды ибалы етіп тәрбиеледі. Олардан немере, шөбере, шөпшек көрді. Кіндігінен тараған ұрпағының бәрі де жоғары білімді, бүгінгі қоғамның сан-саласында еселі еңбек етіп, әке мен шешенің абыройын асқақтата білген, әруағына кір келтірмей жүрген азаматтар. Бейбіт өмірді еселі еңбекпен ұштастырып, адами құндылық атты ұлағатты ұғымды ұлықтай білген майдангер атамыз кіндік қаны тамған алтын бесік ауылы – Сүмбеде 2016 жылы дүние салды.
Майдангердің есімі көшеге берілуіне арналған салтанатқа бұл күні ауыл тұрғындары, туыс-туған, жекжат-жұраттары, ұрпағы, аудан, ауыл басшылары қатысып, қуанышқа ортақтасты. Шара осы ауылдың тумасы, жыршы-термеші Серік Сүйіндіктің жыр-шашуымен ашылды. Баласы Елжан көпшілікті әкесінің өмірбаянымен таныстырды. Райымбек ауданының әкімі Дастан Құдабаев құттықтау сөз арнады.
– Батыр бабаларымыздың есімін мәңгі есте қалдырып, келешек ұрпаққа дәріптеу мақсатында көшелерге атау беру жұмысы қазір айрықша қолға алынуда. Бұл – өткенге тағзым, ерлікке құрмет, елдік пен бірліктің белгісі. Көше атауын беру – жай ғана дүние емес, ардагердің есімін мәңгі есте қалдыру. Ерлік жолын жас буынға үлгі етіп, санасына сіңіру. Сөйтіп, туған өлкенің тарихына деген құрметті асқақтату. Кәдірахман атамыздың рухына тағзым ете отырып, оның атымен аталатын бұл көше ауданымыздың ортақ игілігіне, ел бірлігінің айнымас нышанына айналсын деп тілеймін, – деген Райымбек ауданының әкімі тарихи тұлғалардың есімін есте қалдыру мақсатында ауданда қолға алынып жатқан шарапатты шараларды тілге тиек етті. Ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Тұрсын Нүсіп, Сүмбе шекара бөлімінің бастығы Рүстем Сүндетбайұлы ақжарма тілектерін жеткізді. Майдангердің үлкен ұлы Ержан әкелеріне көрсетіліп жатқан құрметке, игілікті іске қолдау білдірген аудан әкімдігі мен құзырлы орындардың басшыларына жүрекжарды алғысын айтты. Ауылдың қарт тұрғыны Қуатқұл ақсақал ақ батасын берді. Көшеге орнатылған ескерткіш-тақтаның лентасы қиылып, шымылдығы сыпырылды. Ақ әжелер шашуларын шашты. Сүмбе ауылынан соғыс ардагері Кәдірахман Бестібаевқа берілген көшедегі қуаныш өзіндік ерекшелігімен жұрттың жүрегіне жылы ұялады.
Жұмабек ТҰРДИЕВ
Райымбек ауданы
