Биыл бүкіл өнерсүйер қауым жыл бойы дәулескер күйші-композитор, бармағынан бал тамған домбырашы, даңқты дирижер, КСРО Халық әртісі, Халық қаһарманы, Қазақстанның Еңбек сіңірген өнер қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Отырар сазы» халық аспаптары оркестрінің негізін қалаушы, қазақ музыка өнерінің дамуына зор үлес қосқан дара дарын Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығын тойлап жатыр. Осыған орай Талғар қаласында даңқты тұлғаның мерейтойына бағышталған «Өз елім» атты өнер фестивалі өтті.
Облыс әкімдігінің қолдауымен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған шараға 7 ауданның музыкалық ұжымдары қатысып, ұлы композитордың әуезді әндері мен делебеңді қоздырып, рухыңды көтеретін, санасында саңылауы бар жанды тарих қойнауына жетелеп, халқымыздың күрес пен тартысқа толы тағдырлы өмірін көз алдыңа елестететін құдіретті күйлерін орындады.
Фестивальдің ашылу салтанатында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, ақын Төлеужан Ғұмаров құттықтау сөз сөйлеп, бұл өнер сайысы үш жыл сайын өткізіліп отырғанын және оның мақсаты – ұлттық өнерді ұлықтау, халық музыкасын жаңғырту, Нұрғиса Тілендиев қалдырған мәңгілік мұраны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу екенін атап өтті.
Тартысқа түскен музыкалық ұжымдардың өнерін Төлеужан Ғұмаров пен кәсіби музыка мамандарынан құралған қазылар алқасы бағалады. Олардың арасында ҚР Халық әртісі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның әншісі Ұлжан Айнақұлова, «Адырна» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің жетекшісі Марат Бердіғұлов бар.
Фестивальді Қарасай ауданының «Үшқоңыр» фольклорлық-этнографиялық ансамблі «Күрескер» шығармасымен ашты. Сондай-ақ бұл ұжым «Сарыжайлау» және «Жекпе-жек» шығармаларын орындады. Дарынды жастардан құрылған Талғар ауданының «Талхиз сарыны» әйгілі композитордың «Бауырластарым», «Кел еркем, Алатауыңа», «Алдаспан» күйлерін күмбірлете орындады. Ұйғыр ауданының «Жазерке» музыкалық ансамблі «Аққу», «Көне Тараз» әндерін ұсынды. Жамбыл ауданынан «Сүйінбай сазы», Іле ауданынан «Сарытауқұм», Кеген ауданынан «Жібек жолы» ансамбльдері де өз өнерлерін көрсетті. Ұжымдық өнер сайысы аяқталған соң қазылар алқасы фестиваль қорытындысын жариялады.
Бірінші болып ҚР Халық әртісі Ұлжан Айнақұлова сөз алды. Ол сахнада өнерпаздар өзін қалай ұстауы қажеттігі жөнінде музыкалық ұжымдарға бірқатар ескерту жасады. Қазылар алқасының екінші мүшесі Марат Бердіғұлов өнер көрсеткен ансамбльдердің жақсы дайындығын, бірақ кейбір халық аспаптарымен толық жабдықталмағанын атап өтті.
Іс-шараны Төлеужан Ғұмаров қорытындылап, бұл фестивальде қазылар алқасы әр нөмірді ұпай беріп, жеке бағаламағанын және жүлделі орындар белгіленбегенін, бәрі де жоғары кәсіби деңгейде болғанын, бірақ көптеген ұжым әлі де шеберлігін жетілдіріп, репертуарын кеңейтуі қажет екенін ескертті. Барлық қатысушыларға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының грамотасы мен қомақты ақшалай сертификаттар табыс етілді.
Халқымыздың аузы дуалы өкілдерінің айтуынша, Нұрғиса Тілендиев – кешегі кеңестік қызыл саясат тұсында өзгенің өктемдігі мен озбырлығына мойымаған, туабітті дарынын одан әрі дамыта жүріп, шығармашылық даралығын сақтап қалған, ұлтымыздың тарихы терең музыкалық дәстүрінен қуат алып, өзінің асқақ арман-мұратын ешкімге жалтақтамай, жасқанбай, Құрманғазы атамыз сияқты күй күмбіріне, ұлы ақын-жыршыларымыз сияқты ән әуезіне салып, рухты дыбысқа айналдырған, қазақтың дәстүрлі музыкасының әрін тайдырмастан, нәрін жоғалтпастан кәсібилікті қалыптастырған дара тұлға. Мысалы, кезінде жыр алыбы Жамбыл бабамыз: «Менің ием, жолбарысым Тілендінің баласы Нұрғисаға кетті. Түсімде соның алақанын жалап тұр екен. Ендігі иесі сол болар», – деген екен. Ал Қазақстанды 40 жылдай басқарған аса көрнекті мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаев: «Музыка адамзаттың әмбебап тілі ғой. Ол – біздің жандүниемізді байытып, әсіресе, ұлттық сана-салтымызға баулитын сиқырлы күш. Мен Нұрғиса Тілендиевтің шығармаларын тыңдаған сайын, осындай ойға қалам», – депті.
Заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев: «Нұрғисаның қолына домбыра тисе, теңіз төрінде дауыл көтерілгендей алай мен дүлейдің аласапыранына түсіп, дирижер Нұрғисаның қолына оркестр тисе, Алатау жапырылып, Атлант сапырылып кеткендей аламан-асырдың астында қалдырып, композитор Нұрғиса билік алса, аспан ашылып, шуақ шашылып, дүние жарқырап жүре беретін қазіргі дәуренімізді көре қалғандардың өксімей, ести қалғандардың көксемей өтуі еш мүмкін емес. Жүректің дүлгіріне, қиялдың қиырына, арманның тұңғиығына ондай терең бойлай алатындар тым сирек еді-ау», – деп тамсанған. Нұрағаның сазгерлік дарыны мен орындаушылық шеберлігі, азаматтық келбеті мен күрескерлік қасиеті жөнінде тамаша пікір білдірген басқа да қаншама белгілі қайраткерлер бар. Бұл алыптардан асырып ешкім айта алмас!
Фестивальге келіп, музыка ұжымдарының орындауында ұлы композитордың шығармаларын тыңдап, рухани ләззат алған жұрттың біразы айтылғандарды айқын сезінгендері анық. Ендеше мұндай шығармалар ешқашан өлмейді! Ол – қазақ барда ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын мәңгілік мұра!
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы




