Облыс әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатовтың төрағалығымен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне халықты тарту жөніндегі өңірлік штаб отырысы өтті. Жиынға денсаулық сақтау, ішкі саясат, жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармалардың басшылары, онлайн форматта аудан әкімдері қатысты.
Онда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі өзгерістер туралы халықты уақытылы және жан-жақты хабардар ету, азаматтардың денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімін арттыру мәселелері қаралып, МӘМС жүйесіне халықты тарту динамикасы сараланды, сондай-ақ D және E санаттарына жататын азаматтардың жарна төлеу барысы талқыланды.
Қанат Болатұлы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Аида Балаеваның осы жылдың 8 желтоқсанында өңірлермен әлеуметтік мәселелер бойынша өткен кеңесінің хаттамалық тапсырмаларына сәйкес, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысын күшейту қажеттігін ерекше атап өтті.
Бірінші кезекте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов бұл бағытта жасалып жатқан жұмыстар жайын баяндады. Айтуынша, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап, төрт нозология – қант диабеті, ревматизм, балалардың церебралды сал ауруы, дәнекер тінінің жүйелі аурулары әлеуметтік маңызы бар сырқаттар қатарынан алынып, динамикалық бақылауға жататын тізімге ауыстырылады. Яғни аталған ауруға шалдыққан жандардың ем қабылдау кезіндегі қаржысы МӘМС арқылы төленеді. Сондай-ақ Д және Е санаттары бойынша жарна жергілікті бюджет қаражаты есебінен бөлінеді.
Келесі болып міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне халықты тарту динамикасы туралы облыстық «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлiк қоғамы директорының міндетін атарушы Нұрлан Қыдырбаев баяндама жасады.
– «Saqtandyrу» ақпараттық жүйесінің 2025 жылғы 17 желтоқсандағы дерегі бойынша облыста 305 153 адам сақтандырылмаған мәртебесінде тіркелген. 1 желтоқсандағы дерекпен салыстырғанда, олардың саны 2651 адамға төмендеді. Алайда Балқаш, Ұйғыр, Еңбекшіқазақ, Райымбек, Жамбыл және Кеген аудандарында көрсеткіш әлі де жоғары деңгейде. Талғар, Іле, Қарасай және Еңбекшіқазақ аудандарында сақтандырылмағандар саны – 230 987 адам, бұл облыс бойынша жалпы көрсеткіштің 75,6%-ын құрайды. Бұл аудандарда түсіндіру жұмысын күшейту қажет. Осы жылдың 30 қыркүйегімен салыстырғанда облыс бойынша сақтандырылмағандардың саны 14 685 адамға өскен. Ең үлкен өсім Қарасай, Талғар және Іле аудандарында орналасқан медициналық ұйымдарда тіркелген. 2025 жылғы 12 желтоқсандағы дерек бойынша облыста МӘМС жүйесіне 23 106 адам тіркелген. Өңірде сақтандырылмаған азаматтар саны азаюда. Алайда көрсеткіш әлі де орташа деңгейде қалып отыр, – деді Нұрлан Икрамбайұлы.
Әлеуметтік жағынан осал D және E санаттарына жататын азаматтардың жарна төлеу тетігін түсіндіру мәселесі жайлы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ержан Байқоныс баяндады. Айтуынша, облыста 81,4 мың адам D әлеуметтік санатына, 21,9 мың адам E әлеуметтік санатына жатады. Оларды МӘМС жүйесіне тіркеу үшін 2,643 млрд теңге қаржы бөлінген. Сонымен қатар биыл 54,4 мың адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Бұл азаматтардың МӘМС жарналарын қаржыландыру үшін бюджеттен 1,2 млрд теңге сұралған, қазіргі уақытта бұл ұсыныс қаралу үстінде.
Жиын соңында Қанат Болатұлы аудан әкімдері мен басқарма басшыларына нақты міндеттер жүктеп, бірігіп нәтижелі әрекет ету керегін тапсырды.
Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА




