[um_weather city="Қонаев"]
Бейсенбі, Қаңтар 1, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Металл өңдеуші Марс

    11.12.2025
    in Барлық жаңалықтар
    Металл өңдеуші Марс
    0
    SHARES
    3
    VIEWS

        Қарасай ауданында жұрт­шылық көп біле бермейтін өндіріс­тік ортаның бірі – «Металл сфера Про» компаниясы. Марс Әлбетов басшылық ететін металл өңдеу цехында тапсырыс беру арқылы темірден кез келген бұйымды, ой-қиялдағы түрлі дүниені жасауға болады. Компанияның өнімдері әр өңірге жөнелтіледі. Өндіріс ошағында шетелден арнайы әкелінген бірнеше станок пен темір өңдеуге қажетті құрал-жабдықтар бар. Әрбірінің атқаратын қызметі әртүрлі. Қызығушылығымызды оятқан атал­мыш өндіріс орнының жұмы­сымен жақынырақ танысуды жөн көрдік.

    Цехтың жұмыс істеу үрдісіне тоқ­талмас бұрын алдымен оған жетекші­лік етіп, біраз адамды жұмыспен қам­тып отырған Марс Кеңесбайұлы жайлы сөз қозғасақ. Қарасайлық кәсіп­кер атал­мыш өндірістік салаға дейін біраз істің ұршығын иіріп, нәпақа табудың амалын қарастырған. Тіпті, жасөспірім кезден бері еңбекке ерте араласқан. Студент шағында түрлі сауда нүктелерінде сатушы қызметін атқарса, одан кейін аула сыпырушы болып та жұмыс істе­ген. Қолына сыпыртқы ұстап, табыс тауып жүргенде, өмірлік жарын кездестірген.
    Ер азамат үшін басты міндет отбасын асырау болғандықтан, Марс қолынан келетін істен қашпаған. Такси қызметінде де алты жыл бағын сынаған. Алайда бұл жұмыстың да ауыртпашылығын, жауапкершілігін сезінгендіктен, өзінің қарым-қабілетін басқа салада байқап көруге бел буыпты. Сөйтіп жүргенде, Алмасбек есімді азаматпен танысып, оның ұсынысымен енді ашылып жатқан металл өңдеу цехында жұмысқа келген. Бұл күнді Марс мырза ешқашан ұмытқан емес. Алғаш темірмен қалай жұмыс істегенін күлімдеп еске алады.
    – Тәжірибесі жоқ адамға металл өңдеумен айналысу оңай шаруа емес. 100 шаршы метрлік шағын цехта жұмыс істеу мен үшін таңсық болды. Алайда қолымнан келетініне іштей сенімді болдым. Осылайша алғаш болгарка құралымен кесуді, дәнекерлеу аппаратымен темірлерді бір-бірімен түйіндеуді үйрендім, – дейді ол.
    Бұл сала 25 жастан енді асқан Марстың қызығушылығын бірден оятқан. Жұмысын жанын сала істеп, біраз тәжірибе жинақтаған соң, осы бағытта жеке кәсіпкер ретінде бағын сынап көрмек болып, жалға орын алып, шағын цех ашады. Металға қатысты тапсырыстың түр-түрін қабылдап, тұтынушының көңілінен шыға бас­тайды. Алайда қай істің ілгерілеуінде де қиыншылық болатыны белгілі. Марс Кеңесбайұлы кедергілердің бәрін жұмысты жүйелі жүргізу арқылы еңсергенін алға тартады.
    – Жұмыстың алға жылжуы үшін жөн-жоба, жоспар болуы керек. Менің бұл істе арқасүйер серіктесім бар. Барлық істі кеңесіп атқарамыз. Металл өңдеу бойынша бір жүйемен жұмыс істейміз. Өйткені жүйе болмаса, станогыңды да, құрал-жабдығыңды да пайдаға жарату қиын. Сондықтан жұмыс істеу принципін бір жүйеге келтіріп, үздіксіз еңбек етіп келеміз, – дейді кәсіпкер.
    Темірден түйін түюдің қыр-сырын меңгерген кәсіп иесі бүгінгі таңда Қаскелең қаласындағы Достық көшесінің бойында, көпшілік «Плодик» деп атап кеткен жерде цех ашып, отандық өндірісті өрге бастырып келеді. Компания атауын «Металл сфера Про» деп атап, металдың кез келген түрін өңдеп, ұсақ-түйектен бастап, салмақты дүниелерді жасап шығарады.
    Өндірістік ортаның ерекше әрі танымал өнімдерінің бірі – көпшілік жақсы білетін «Magnum» сауда орындарындағы азық-түлік қоятын сөрелер. Металдан құрастырылған бұл дүниелер – цехтың алғашқы алған тапсырысы. Бірнеше сатылы бұл сөрелер облыс аумағындағы «Magnum» сауда орталықтарында орналасқан.
    «Металл сфера Про» компаниясы облыстағы бірегей оқу ордасы – SDU университетінің де тапсырыстарын қабылдайды. Атап айтқанда, әр кабинеттегі оқытушыларға арналған подиумды аталмыш өндіріс орны жасап шығарған. Биіктеу көрінетін металды бұйымда дәріс берушінің ыңғайына қарай барлық жағдай ескерілген. Мәселен, IT жүйесі, компьютердің барлық жабдығы, арнайы желдеткіш орнатылған. Темірдің сапасы мықты, салмағы орнықты, қолданылған бояу­лары да зиянсыз.
    Келесі атап айтар ерекше өнімнің бірі – алыс жолды еңсеретін жүк көліктеріне арналған себеттер. Ол қосымша дөңгелекті сақтау үшін көлік­тің тіркемесіне орнатылады. Темір тұлпарды тізгіндеушілер арасында бұл тауар айтарлықтай сұранысқа ие. Өйткені оны шетелден тапсырыс беріп алдырту үшін ұзақ уақыт кетеді. Оның үстіне бағасы да тым қымбат, 250-300 мың теңге шамасында. Ал «Металл сфера Про» компаниясы мұны бар-жоғы 125 500 теңгеге құрастырып бере алады. Сондай-ақ бұл тауарды «Halyk market» және «Kaspi» мобильді қосымшалары арқылы таңдауға болады.
    Күнделікті тұрмыс қалдықтарын сұрыптауға арналған қоқыс жәшік­терінің түр-түрін де осы компания жасап шығарады. Экологиялық тұрғыдан алып қарасақ, бұл өнімдер кейбір қоқыстың қайта өңделуіне септігін тигізеді. Неге десеңіздер, мұнда қағаз, шыны, пластмасса және басқа заттар бөлек-бөлек жиналады. Бүгінде бұл экожәшіктер жоғарыда атап өткен SDU университетінде және Алматының кейбір сауда нүктелерінде көптеп орналасқан. Сонымен қатар басқа қалаларға да арнайы тапсырыспен жеткізілуде.
    Банкомат терминалдарының сыртқы жабдығын да «Металл сфера Про» компаниясы дайындайды. Сенімді әрі орнықты болуы үшін оның сапасына аса мән беріледі. Бұл жұмыс келісімшарт негізінде тапсырыс алу арқылы жүзеге асуда.
    Өндіріс орнындағы ауқымды жобаның бірі – модульдік ғимараттар. Олар әртүрлі салада қолданылады. Мәселен, тапсырыс берушінің талабына сай күзет қызметіне, бақылау-өткізу пунктіне, серверлікке арнайы жасалады. Тіпті, асхана, жатақхана, дүңгіршек ретінде де пайдаға жаратуға болады. Әрбір модульдік ғимаратта электр энергия, жылу жүйесі, кондиционер сияқты керек-жарақтың барлығы ескеріледі. Ал сапа жағынан кепілдік беріледі.
    Марс мырза қайырымдылықтан да құралақан емес. Тұтынушыларына жеңілдікпен тауарын сатып, сауапты амал ретінде тегін дүниесін де сыйға тартатын мәрттігі бар. Атап айтқанда, қазіргі таңда аудандағы бір елдімекен мешітінің күмбездерін дайындап жатыр. Бұл жұмысы үшін ешқандай ақы алмайды.
    Жоғарыда біз тізіп айтқан металл өнімдері Марс Кеңесбайұлының серіктесімен бірге дайындайтын жоба­лардың біразы ғана деуге болады. Бұлардан басқа ұсақ-түйек бұйымдар күнделікті жасалуда.
    «Металл сфера Про» өндірістік орнында бүгінгі таңда оншақты адам еңбек етуде. Одан бөлек, сатумен, тапсырыс қабылдаумен, сызба жұмыс­тарымен айналысатын мамандар да бар. Компания басшысы Марс Әлбетовтің айтуынша, әрбір тапсырыс қосымша күшті қажет еткендіктен, жұмысшылар саны соған байланысты артып отырады.
    Металл өңдеу цехындағы басты құрылғы – арнайы Қытай елінен әкелінген лазерлік станоктар. Оның атқаратын қызметі орасан зор. Өйткені ол кесіп қана қоймай, ой-қиялдағы түрлі өрнектерді таңбалайды. Одан кейін Түркиядан әкелінген қалың, жалпақ темірлерді бүгетін құрылғыны да ерекше айтуға болады. Бұл құрылғы темірді түрлі қалыпқа келтіреді.
    Марс әлеуметтік желіде де өте белсенді. ТiкТок пен Instagram-да «Железный Марс» деген атаумен танымал. Ол өзінің парақшалары арқылы өнімдерін көпшілікке таныс­тырып, жарнамасын да жақсы жүргізеді.
    Отандық өнімді өрге бастырып жүрген кәсіпкердің қолынан шыққан дүниелер өзіндік дизайнымен ерек­шеленеді. Темірден әртүрлі нәрсе жасап шығару көп адамның қолынан келе бермейтіні анық. Ал оны жүзеге асырып отырған Марсты ой-қиялы ұшқыр, еңбекқорлығымен де өзгелерге үлгі боларлық азамат десек, артық айтқандық емес.

    Дидар МӘЛІКҰЛЫ
    Қарасай ауданы

    Ұсынымдар

    Алматы облысында былтыр 6 мың га астам орман алқабын өрт шалған

    Алматы облысында былтыр 6 мың га астам орман алқабын өрт шалған

    10 months ago
    БІЛІМ ГРАНТЫН ИЕЛЕНДІ

    БІЛІМ ГРАНТЫН ИЕЛЕНДІ

    6 months ago
    ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫН  ҚАЗАҚ ТІЛІ БІРІКТІРЕДІ

    ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫН ҚАЗАҚ ТІЛІ БІРІКТІРЕДІ

    10 months ago
    Әкелер қайда айбаты асқан?

    Әкелер қайда айбаты асқан?

    12 months ago
    Ақтастыдан шыққан Айсара

    Ақтастыдан шыққан Айсара

    2 years ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      t>