Қонаев қалалық Мәдениет үйінде Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі күні салтанатты түрде аталып өтті. Мерекелік шараға ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, сала еңбеккерлері қатысты.
Ең әуелі облыс әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы сөз алып, ауыл шаруашылығы саласындағы оң көрсеткіштерге тоқталды. Оның айтуынша, мал шаруашылығы саласында биыл рекорд жаңартылған. Айталық, құс етін өндіруден Алматы облысы республикада бірінші орынға, сиыр еті мен жұмыртқа өндірісінен екінші, ал сүт өндіруден үшінші орынға тұрақтаған. Өсімдік шаруашылығында да оң динамика байқалған. Биыл облыста 412 мың гектар жерге дақыл себіліп, 2,6 миллион тонна өнім жиналған. Инвестиция көлемі де айтарлықтай ұлғайған. 2025 жылдың он айында агроөнеркәсіптік кешенге 111 миллиард теңгеден астам қаражат тартылған.
Салтанатты жиында сөз алған Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті ғылыми білім беру технологиялық платформасының атқарушы директоры Фараби Ермеков ауыл шаруашылығына заманауи технологиялар мен жасанды интеллектіні қолдану жайлы өз ойын ортаға салды. Сонымен қоса «Assem Kaljat», «Neo Milk», «Қапшағай бидай өнімдері» сынды жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің жетекшілері өз тәжірибелерімен бөлісіп, әріптестеріне мерекелік ақ тілегін арнады.
Шараның ашылуында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев ауыл шаруашылығы саласының аймақ экономикасындағы маңызды орнын атап өтіп, өңірдегі агроөнеркәсіп кешенінің жетістіктеріне тоқталды. Ол ауыл шаруашылығының елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі мен Алматы облысындағы егін және мал шаруашылығының дамуын ерекше атап өтті. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің ІІ форумында саладағы өндіріс көлемін алдағы бес жылда тағы екі есеге арттыру міндетін қойды. Бұл – биік меже, дегенмен еңсеруге болатын белес. Облыста өндіріс көлемін ұлғайту үшін егіс көлемін 500 мың гектарға дейін ұлғайту көзделуде. 2026 жылы бұрын пайдаланылмай келген 187 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлері қайтадан пайдалануға беріледі. Бұл жерлер ауыл тұрғындарына және нақты жоспары бар инвесторларға берілуге тиіс. Саланы техникалық және технологиялық жаңғырту жалғасын табады, 2029 жылға дейін 1500-ден аса жаңа техника сатып алу арқылы машина-трактор паркінің тозуын 30 пайызға дейін төмендетуіміз қажет. Халқының 80 пайызы ауылды жерде тұратын Алматы облысы үшін ауыл шаруашылығы – экономиканың маңызды бағыты. Бұл саладағы жалпы өнімнің көлемі бойынша облысымыз елімізде үздік орынға ие.
Мұның барлығы аянбай атқарған еңбектің, тынымсыз тірліктің, берекелі бірліктің арқасында мүмкін болып отыр. Ауыл шаруашылығы саласында нағыз еңбекқор, темірдей төзімді адамдар жұмыс істейді. Сіздердің маңдай терлеріңіздің арқасында дастарқанымызда нанның түр-түрі бар. Сауда орталықтарында отандық ауылшаруашылық өнімдері самсап тұр. Аймақтың экономикалық тұрақтылығы, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі үлестеріңіз мол», – деді Марат Елеусізұлы.
Жиын барысында облыс әкімі аймақтың ауыл шаруашылығы саласында ең үздік деп танылған еңбеккерлер мен шаруа қожалық иелерін марапаттады. Олардың арасында «Айжан» шаруа қожалығының иесі Дәулетбек Жанботаев пен кәсіпкер Роман Шнайдерманға III дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені табысталды. Өзге де мамандарға «Ерен еңбегі үшін» медалі, ҚР Премьер-Министрінің Алғыс хаты және облыс әкімінің Құрмет грамосы табысталды. Сонымен қоса «Үздік ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі», «Үздік ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері», «Таза Қазақстан» акциясы, «Үлгілі ауыл» номинациялары бойынша марапат иелеріне қаржылай сыйлықтар берілді. Ал бас жүлде алғандарға арнайы техникалар табыс етілді.
Шараны қорытындылаған ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов: «Еліміз екі жыл қатарынан рекордтық деңгейде астық жинады. Бұл көрсеткішке Алматы облысының да қосқан үлесі зор. Өйткені өңірдің аграрлық секторды дамытудағы әлеуеті жеткілікті. Қазір Президент ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа бағытын айқындады. Мемлекет басшысы жүктеген міндетті мінсіз атқаруға аймақта мүмкіндік жеткілікті. Осы кәсіби мереке қарсаңында ауыл шаруашылығы саласында тер төккен еңбеккерлерді құттықтаймын!» – дей келе, бірқатар ардагер мен шаруаларға «Еңбек ардагері» медалі мен «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін табыстады.
Ерзат АСЫЛ




