Ұзынағаш ауылындағы Мәдениет үйінде облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Жамбыл аудандық ақсақалдар және аналар кеңесінің жылдық қорытынды есеп беру жиыны өтті. Ұрпақ тәрбиесі мен қоғамдық келісім саласында биылғы атқарылған жұмыстар сараланып, бірлескен ортақ еңбектің нәтижелері талқыланды.
Алғашқы сөзді Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Әділбек Қамбарұлы алып, аудан басшысы Нұрлан Ертастың жиынға қатысушыларға арнаған тілегін жеткізді. Онда ақсақалдар кеңесі халық даналығы мен өмірлік тәжірибенің, ал аналар кеңесі тәрбие мен ізгіліктің, отбасылық құндылықтардың алтын діңгегі екені атап өтілді. Бұл ұйымдар ел бірлігін нығайтуға, қоғамдық келісімді сақтауға, ұрпақ тәрбиесіне, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге үлес қосып келе жатқан маңызды қоғамдық институт. Қос кеңестің бірлескен жұмысы аймақта этносаралық келісімді сақтау, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, отбасылық тәрбие мен қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған.
Халқының саны 170 мың адамнан асатын Жамбыл ауданында 30-дан астам этнос өкілі тұрады. 24 ауылдық округтегі ақсақалдар мен аналар кеңестері өз жұмыстарын тиянақты жүргізуде. Сонымен бірге түрік-ахыска, ұйғыр, татар-башқұрт бірлестіктерінің ақсақалдары мен аналар кеңестері де жұмыс істейді. Аталған құрылымдар рухани-адамгершілік құндылықтарға тәрбиелеуге, жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға, ел ішіндегі әлеуметтік мәселенің уақытында шешімін табуына үлес қосып, жалпыұлттық бірлік пен келісімді сақтауға мейлінше ықпал етеді. Бұл бағытта 2025 жылға арналған кешенді жоспар аясында тұрақты жұмыс жүргізілді. Ауданда 125 іс-шара өткізіліп, оған 7460 адам қамтылған. Ақсақалдар кеңесі тұрғындар арасында «Адал азамат» жобасы арқылы жас ұрпақтың жауапкершілігін, азаматтық санасын арттыруға бағытталған бірқатар шаралар жүргізді. Ал аналар кеңесінің бастамасымен «Салауатты сана», «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында семинар, кездесулер өткізілді. Аудан әкімдігі тығыз әріптестікпен «Адал азамат» тұжырымдамасы бойынша бірлесе жұмыс жүргізе беретіні айтылды.
Жиында облыстық қоғамдық келісім және даму орталығының қоғамдық институттармен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Шораұлы ұрпақ тәрбиесі, рухани мәдениет, адамгершілік құндылықтарын нығайту мақсатында атқарылған жұмыстарды баяндады. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының 34-сессиясында ұлттың бірлігі мен мемлекеттің тұрақтылығы әрбір азаматтың жауапкершілігінен басталатынын, қоғамдағы келісім ең алдымен отбасындағы үлкеннің өнегесі мен ананың тәрбиесінен бастау алады деген сөзін келтірді. Жыл бойы атқарылған жұмыс осы бағытта жүргізілгенін тарқатты. Осы мақсатта түрлі форматта 328 іс-шара ұйымдастырылып, 20 мыңға жуық адам қамтылды.
Көпшілік алдында сөз алған облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Амангелді Беспаев бұл кеңес елдіктің, парасат пен тектіліктің мектебі екенін атап өтті. «Тәуелсіздікті сақтап, нығайту – басты парызымыз. Береке мен татулық – Қазақстанның алтын қазығы. Бүгінгі жиын – бірліктің, өзара сыйластықтың және қоғамдық жауапкершіліктің биік көрінісі, атқарылған игі істерді саралап, алдағы бағытымызды айқындайтын маңызды алаң. Ақсақалдар кеңесі халық даналығы мен ұлттық құндылықтарды сақтаушы, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырушы институт. Мемлекет басшысы атап өткендей, бірлік пен тұрақтылық болмаса саяси-экономикалық реформалар жүзеге аспайды. Біздің міндетіміз – түрлі этнос өкілдерінің бірлігін нығайтуға атсалысу, мемлекеттік тілді меңгеруге жағдай жасау, жастарды патриотизм мен елге қызмет ету рухында тәрбиелеу», – деді Амангелді Дәнібекұлы.
Одан әрі Президенттің «Әділетті Қазақстанды адал азаматтар ғана құрады. Адал еңбек, адал табыс – мемлекеттің берік іргетасы» деген ұстанымы ақсақалдар кеңестері жүргізіп отырған барлық жұмыстың мәні мен мазмұнын айқын көрсететінін айтты. Өңірде 141 ақсақалдар кеңесі жұмыс істейтінін, облыстық, қалалық, аудандық, ауылдық кеңес мүшелерінің жалпы саны 1002 адам екенін жеткізді. Барлық деңгейдегі ақсақалдар кеңестері түрлі форматта 85 іс-шара ұйымдастырып, оған 4230 адам қамтылған. «Батагөй» байқауы, «Сүйек жаңғырту», «Сырға салу» дәстүрлі шаралары, жастармен кездесу, әдеби-танымдық кештер өткізілген.
Келесі кезекте облыстық аналар кеңесінің төрағасы Гүлнар Жошыбаева кең көлемді баяндамасында Ассамблея жанындағы аталған кеңестің жұмысынан жан-жақты хабардар етті. Есеп беру баяндамасын тағылымды әңгімесімен сабақтап отырды. Айтуынша, облыстағы 146 аналар кеңесінің 1081 мүшесі бар. Қауіпсіз өмір сүруге кедергі келтіретін 5 кеселді еске салды. Олар – нашақорлық, құмарпаздық-лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық. Баяндамашы Жамбыл ауданындағы мектеп театрлары оқушылар арасындағы құқықбұзушылықты азайтуға ықпал еткенін атап өтті.
Бұл туралы аудандық мәслихат депутаты, аудандық аналар кеңесінің төрағасы Гүлзира Станқұлова кеңінен тоқталды. Оның сөзінше, жамбылдық аналар жұмысының бір ерекшелігі олар мектептермен тығыз байланыс орнатып, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында бірқатар маңызды шара атқарған. Әсіресе театралды тәрбие бағытындағы жобалары жасөспірімдердің рухани дамуына ерекше ықпал етуде.
Жиында қоғам өміріне белсене қатысып жүрген бірқатар азамат салтанатты жағдайда облыстық қоғамдық келісім және даму орталығының Құрмет грамотасы, Алғыс хаттарымен марапатталды. Соңынан Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына орай Абдолла Қарсақбаев атындағы орта мектептің өнерлі оқушылары сахналаған «Оян, қазақ!» қойылымы тамашаланды.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы
