Облыстағы нысандар мен тұрғын үйлерді жылу, жарықпен қамтуда қалтқысыз еңбек етіп жүрген азаматтар кәсіби мереке қарсаңында марапатталды. Қонаев қаласының Мәдениет үйінде Энергетиктер күніне орай өткен салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Әсет Масабаев сала мамандарын құттықтап, мемлекеттік наградаларды табыс етті.
Өз сөзінде Әсет Дүйсебекұлы аймақтың және жалпы елдің тұрақты дамуына энергетиктика саласы мамандарының қосып жатқан үлесі мол екенін атап өтті.
«Облыс экономикасын қарқынды дамыту үшін де энергетика маңызды. Облыс орталығы Қонаев қаласының тарихы да осы энергетика саласымен тығыз байланысты. Бүгінде өңірдегі электр қуатын арттыруға бағытталған ауқымды жобалар қолға алынуда. Бұл аймақтың жан-жақты өркендеуіне оң әсерін тигізеді. Сіздер осы жолда аянбай тер төгіп, қоғамға қызмет етудің нағыз үлгісін көрсетіп келесіздер. Қиын да жауапты салада атқарып жатқан еңбектеріңіз ерекше құрметке лайық. Әсіресе, ауа райының қолайсыздығына, тәуліктің кез келген мезгіліне қарамастан, халық игілігі жолында еңбек етіп жүргендеріңіз үшін ризашылығымыз шексіз», – деді ол.
Салтанатты рәсім барысында энергетика саласында елеулі еңбек етіп келе жатқан бірқатар маманға «Электр энергетикасы саласына қосқан үлесі үшін» медалі, «Еңбек сіңірген энергетик», «Құрметті энергетик» төсбелгілері, ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің және облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің «Құрмет» грамотасы мен Алғыс хаты табыс етілді. Бұл қатарда Абай Асылов, Мәди Дүйсенов, Шолпан Ержан сынды тәжірибелі мамандар бар.
Аталған шарада облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев та сала қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, жүрекжарды тілегін жеткізді. Энергетика саласында атқарылған істерді айта кетсек, қазір аймақта қуаты 130 мегаваттық 20-ға жуық жоба іске асырылуда. Сонымен қоса, бүгінде облыс аумағының 60 пайызға жуығы газдандырылып, 1,2 млн адам көгілдір отынға қол жеткізген. Бұл сүбелі істе энергетика мамандарының үлкен еңбегі жатқаны анық.
Ерзат АСЫЛ




