Көңілдегі көрікті ойды қылқалам құдіретімен жеткізетін, көп адам байқап, түсіне бермейтін түрлі-түсті бояулар әлемінің кейіпкерлері – суретшілер. Осынау өзгеше саланы тағдыр жолы ретінде таңдағандардың бірі – Гүлден Әкімбай.
Қонаев қаласында дүние есігін ашқан ол осы шаһардағы «Меруерт» балалар өнер мектебінде сурет өнеріндегі алғашқы қадамын бастайды. Онда алты жыл білім алып, 9-сыныптан кейін Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік қолданбалы өнер колледжінде, кейін Абай атындағы педагогикалық университетінде бейнелеу өнері және сызу пәні мұғалімі мамандығы бойынша білім алады. Қазіргі таңда Қонаев қаласындағы балалар өнер мектебінде өз тәжірибесін шәкірттеріне үйретіп жүр.
– Менің қабілетімді бірінші болып бастауыш сыныпта тәлім берген мұғалімім Гүлбарам Омарова байқап, сурет үйірмесіне беруді ұсынады. Анам алғашында қарсы болды. Қыз баланың би, гимнастикаға барғаны дұрыс деп есептепті. Әрі денсаулыққа да пайдалы. Ал әкем сурет салуға өзі де жақын болғандықтан ұстазымның айтқанын орындады. Осылайша екінші сыныптан бері бұл саланың қызығына қанығып келемін. Кез келген суретшіге «Кейін қай жерде жұмыс істейсің, көшеде сурет салып отырасың ба?» деген сөздер көп айтылады. Бірақ менің өмірімде жақындарымнан қолдау көп болды, – деген Гүлден Берікболқызы бейнелеу өнерінің сан түрлі тармақтарынан станокты кескіндеме жанына жақын екенін жеткізді. Үлкен холстарда майлы бояумен пастоз тәсілі арқылы импрессионизм стиліндегі суреттерді салғанды ұнатады екен.
Мұғалім болып қызмет етіп жүргеніне жеті жылдан астам уақыт болыпты. Айтуынша, кез келген балаға сурет салуды үйретуге болады. Себебі бұл тек адамға берілген талант емес, ізденіс пен еңбектің нәтижесі.
«Мен жай ғана суретші емеспін, мұғалім-суретшімін. Ал мұның жауапкершілігі екі есе жоғары. Оның үстіне қазір суретші мамандар өте тапшы. Бұл қабілетті кез келген адам үйреніп алса, артықтық етпейді. Себебі сурет салу кезінде санада шырмалған сан мыңдаған ой қылқаламмен түрлі бейнеде көрініс тауып, жеңілдік сезімін сыйлайды. Оны адамның өзі сезбеуі мүмкін. Шын мәнінде, бұл – ғажап терапия. Әрі мидың жұмысын жақсартады. Сурет салатын балалардың көзқарасы, ойлануы ерекше болады. Қиялға ерік беріп, мына өмірге басқаша қарайды. Үйірмеге қатысушылардың барлығы болашақта суретші болып кетуі міндетті емес. Дегенмен бұл өнерді меңгеріп алса, өмір жолында көп пайдасын тигізеді», – дейді кейіпкеріміз
Өзінің ең сүйікті суретін Гүлден өнер мектебін бітірерде тапсырған емтихан кезінде салыпты. Онда графика стилінде кең даладағы көшпелі қазақтардың өмірін бейнелеген. Сондай-ақ қобызда ойнайтын өнерпаз әуенмен сүйемелдеп, ерекше әсер сыйлаған.
Гүлден үйірмеге келген балалармен қалай жұмыс істейтінін де баяндап берді. «Үйренуші ең алғаш келгенде өз жасына сай тақырыпта сурет салдырамын. Соны бақылай отырып, бояумен қалай жұмыс істеу керегін, оларды бір-біріне қосып түс шығару, форма, көлеңке мен жарықты парақ бетіне дұрыстап орналастыруды үйрете бастаймыз. Асықпай, баппен жұмыс істейміз. Қазіргі таңда онсыз да ақпарат көп. Бірден балаға салмақ салуға болмайды. Одан қызығушылық мүлдем өшіп қалуы мүмкін. Ал ересек балаларға қаталдау талап қоямыз. Бала сурет салып жатқанда қылқаламын алып, өзің кірісіп кету дұрыс емес. Бағыт-бағдар көрсетіп, өз-өзімен жұмыс істеуді үйретемін және барынша еркіндік беремін. Себебі бүгінгі таңда балалардың тек мұғалім не айтады екен деп өз қиялы мен ойын шектеуі дұрыс емес. Кей ата-аналар неге менің балам бір ай бойы бір суретті әлі салып жүр деп шағым айтады. Біздің мақсат суретті тезірек бітіру емес, сапалы нәтижеге жұмыс істеу», – деген ол алдағы уақытта да талапты шәкірттерін бейнелеу өнерінің сырына бойлатып, өмір жолын айқындауға көмектесуді қалайтынын айтып, сөзін қорытындылады.
Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА
Қонаев қаласы
