⛅
-1°C
Қонаев
Сейсенбі, Желтоқсан 16, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Ауыл шаруашылығы

    Сыдық Дәулетов, «Дәулет-Бекет» түйе шаруашылығының басшысы: Ендігі мақсатым – түйе кластерін құру

    13.12.2025
    in Ауыл шаруашылығы, Барлық жаңалықтар, Кәсіпкерлік, Өңір тынысы, Сұхбат
    Сыдық Дәулетов, «Дәулет-Бекет» түйе шаруашылығының басшысы: Ендігі мақсатым – түйе кластерін құру
    0
    SHARES
    98
    VIEWS

         Бүгінде Орта Азиядағы ең үлкен түйе шаруашылығының негізін қалап, халық жадынан өшіп бара жатқан керуенді қайта жаңғыртып, Гиннестің рекордтар кітабына енген, ұлттық мәдениетті әлем жұртшылығына танытып жүрген өнегелі тағдыр иесі, белгілі кәсіпкер – Сыдық Дәулетов. Қажыр-қайратының арқасында барлық кедергіні бұзып-жарып, еңбек тұғырының биігіне жеткен жанмен сұхбат құрып, ғұмырдариясының тереңінде жасырынған құпияны ашуға тырыстық.

    – Сыдық аға, еліміздегі түйе шаруашылығының дамуына үлес қосып, оны жаңа технологиямен жабдықтап, заман көшімен бірге жылжып келесіздер. Кәсібіңізді дәл осы түлікпен байланыстыруыңызға не түрткі болды?
    – Өмір есігін ашып, есімді білгелі түйенің қасиетін сезініп келемін. Ата-анам түйе баққан кісілер еді. Өзбекстан құрамындағы – Қарақалпақстандағы шағын ғана ауылда дүниеге келдім. Анам күніне үш мезгіл түйе сауатын. Әкем ботасын ұстап тұрады. Біз алдарынан жүгіріп шығып, жаңа сауылған сүтті ішуге асығатынбыз. Мектептен бос уақытта түйе бағатынбыз. Жазда мал азығын, шөбін тасып, қолғабыс ететінбіз. Атамекенге 90-жылы көшіп келіп, Қарасай ауданындағы Шалқар ауылына тұрақтадық. Ол кезде жасым 26-да болатын. Ата-анам түйе сүтіне әбден үйренген жандар. Бір күні әкем: «Алматы деген жақсы жер екен. Бірақ түйеміздің жоғы өкінішті», – деді. Қаскелеңде дәнекерлеуші болып жұмысқа орналастым. Еңбекақым күнделікті ішіп-жемнен артылған жоқ. Үйде әке-шешем, үш балам бар. Сол жылдары жаппай қысқарту болып, жұмыстан шығып қалдым. Содан күндіз базарда, түнде вокзалда тамақ саттық. Осылай екі жыл жүріп, 1995 жылы әкеме бір түйе алып бердім. Ол кісі риза болып, батасын берді. Бүгінгі мен жеткен белес сол батаның арқасы ғой деп ойлаймын. 1996 жылы наурыз айында әкем дүниеден озды. «Түйеңнен айырылма, балаларың аққа қанығып өссін», – деп соңғы сөзін айтты. Бұл әкемнің маған қалдырған өсиеті деп түсіндім. Қазақта «Жаңбырмен жер көгерер, Батамен ел көгерер» деген сөз бар. Қазір әкемнің сол бірауыз сөзі тек балаларымның емес, бүкіл елдің, шет мемлекеттердің де ризығына айналды.
    Мен арман-мақсатымды ең алдымен қиялымда бейнелеймін. Осы уақытқа дейін 71 аян түс көрген адаммын. Қиын-қыстау кезеңде әулие-әмбиелерді аралап, рухына тағзым етемін. Кейбіреулерге қисынсыз көрінуі мүмкін. Бірақ менің панам сол болды. Өзім Бекет атаның жетінші ұрпағымын. Кәсіпорынның атауы да соған орай қойылған. Ең алғашқы көрген аян түсімде Бекет атаның асатаяғы ұшып келіп, арқама қонды. Қазақтың түс жоруында кімде-кім түсінде аса таяқты көрсе, төрт түлік малдың иесі болады деген болжам бар.
    – «Дәулет-Бекеттің» жұмысы жайлы, өндірілетін өнім, оның көлемі мен сапасы туралы сөз қозғасаңыз. Кәсіпорынның ерекшелігі неде? Бір түйеден басталған іс қалайша іргелі кәсіпке айналды?
    – «Дәулет-Бекет» шаруашылығы Ақши ауылында 2001 жылы ашылды. Кейде маған «Әкемнің он түйесі бар еді. Жиырма жылдан бері саны әлі көбейген жоқ. Сіз қалай бес мыңға жеткіздіңіз?» деген сұрақтар қойып жатады. Әрине, бір түйе өзінен-өзі көбеймейді. Ол үшін еңбек ету керек. Алғаш рет шаруашылықты ашқанда бота-тайлағымен 2-3 түйем болды. Біраз ауданға барып, жер сұрадым. Бірақ ең соңында Іле ауданына тоқталдық. Себебі жері түйе малы үшін ыңғайлы. Ол кездегі әкім Николай Логутов болған. Фирманы ашу үшін 20 мың гектар жер сұрадым. Ол кісінің сеніңкіремей тұрғанын да байқадым. Бірақ бермеске болмады. Себебі ауыл тозып, 6-7 мыңнан 2-3 мыңдай ғана халық қалған. Жағдайы барлардың бәрі қалаға көшіп кеткен. 10 жылға 12 мың гектар жер жалға берілді. Ал түйемді көбейту үшін банктерге жүгіндім. Оны да бірден ала алмадым. Кепілге қоятын мүлкім болмады. Осылайша айдалада екі-үш түйенің соңында жүріп, төрт жыл босқа өтіп кетті. 2004 жылы алғаш рет ағайын-туған, жақындарымның, өзімнің үйімді кепілге қойып, 19 пайызбен 50 мың АҚШ долларын несиеге алдым. Ел аралап, түйе жинай бастадым. Сол жылы 80 боталы түйе сатып алдым. Бұл – 160 бас. Ол кезде зауытымыз, тіпті қора-қопсы, түйені сауғаннан кейін оны құятын ыдысымыз да жоқ. Кеңес үкіметінен қалған сым, ағашты жинап, асарлатып қора салдық. Одан бөлек жұмысшыларды айдалада ұстап тұру да оңай емес. Ол үшін ең бірінші жарық керек. 40 млн теңге несие алып, оншақты шақырымға электр желісін тарттық, құдық қаздық. Қазір инфрақұрылым дамып келе жатыр ғой. Мемлекеттен көмек көп. Бірақ ол кезде ондай мүмкіндік болған жоқ. Бір қарыздан құтылмасаң, екіншісін бермейді. Менің несие тарихымды қарасаңыз, әр бес жыл сайын тек бір ғана банктен несие алғанмын. Жасыратыны жоқ, бірінен құтылып, келесісін алып, әлі күнге төлеп келеміз. Бір Құдай қолдап, осы күнге жеттік. Басқа кәсіпке ауыспай, бір салада 25 жыл бойы еңбектеніп келеміз. Нәтижесінде бір түйе 5000-ға көбейді. Кейбіреулер «Сізде 2010 жылы 5000 түйе болған екен. Одан бері 15 жыл уақыт өтті. Әлі саны айтарлықтай өскен жоқ» дейді. Түйені құр көбейте берген тиімсіз. Оның қора-жайы, жем-шөбі бар. Жұмысшылардың да жағдайын жасау керек. Шұбатхана, зауыт ашуға күш салдық. Қазіргі таңда одан бөлек мейрамхана, балабақша, шипажайымыз бар. Соңғы зауытты 2021 жылы салдық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы өнімімізді Қытай еліне экспорттауға жол ашып берді. Біз тек ішкі нарықпен жағдайымызды жақсарта алмаймыз. Экспорттың жақсы тұсы – бағасы жоғары, келісімшарт болғаннан кейін жылына қанша табыс түсетінін біліп отырасың.
    Өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында түйелі алты өңірде Үкімет құрамында болып, тәжірибеммен бөлістім. Қазір Маңғыстауда сауын цехтары іске қосылып, оны құрғақ сүтке айналдыратын біздің зауыттың көшірмесі жасалып жатыр. Елге пайдамыз тигеніне қуаныштымын. Осы істің көш басында келе жатқаннан кейін ендігі мақсатым – тағы бір қадам алдыға жылжып, соңғы технологияны пайдаланып, алдағы екі жылда түйе кластерін құру. Ол үшін 30 млрд теңге инвестиция қарастырып жатырмыз. Шетелге көп экспортталғандықтан өнім жетіспеушілігі байқалады. Болашақта түйе санын 15 мыңға жеткізіп, зауыттың қуаттылығын арттырып, қажеттілікті жабамыз деген ойдамын. Түйе сүтін терең өңдейтін, құрт-ірімшік, құрғақ сүтінен бөлек балмұздақ, шоколад шығаратын зауыт салғымыз келеді. Жүнінен киім, терісінен былғары өнімдер шығарылатын болады. Мембраналық технология арқылы дәрумендерін теріп алып, фармацевтика саласында дәрі-дәрмек шығаруды көздеп отырмыз.
    Қазір түйенің жартысын неміс құрылғысымен, жартысын қолмен сауамыз. Себебі түйе үлкен болғанымен, өте нәзік мал. Желінін зақымдап аламыз ба деп те алаңдадық. Бірақ келесі жылы жүз пайыз құрылғыға өтеміз. Себебі мемлекетаралық стандарт солай. Жаңа туғанда түйе сүтті болады. Жазда үш, ал қыста екі мезгіл сауылады. Соған орай күн жылыда – 10, ал ауа райы салқындағанда 5 тонна сүт алынады. Бірақ сұраныс болса, көбейтуге болады. Қазір Қарасай ауданында және Алматы қаласында екі дүкеніміз бар. Өзге елден келген азаматтар базарға барып шұбат ішіп жатады. Көбінің сапасы сын көтермейді. Сондықтан ар-намысқа тырысып, туристер таза шұбаттан дәм татсын деген ниетпен бар күшімізді салдық. Алдағы уақытта Қонаев қаласынан да ашсақ деген ойымыз бар.
    – Сіздің шаруашылығы­ңыз тек кәсіп қана емес, ұлттық болмысты сипат­тайтын төл мәдениеттің бір бөлшегі. Түйе малының қасиеті, ұлттық дәстүр мен дәмді танытудағы маңызы жайлы айтып берсеңіз. Қазақстан делегациясымен алыс-жақын шетелдерге көп шығасыз. Ондағы халықтар төл өнімді қалай қабылдауда?
    – Түйенің пайдасы көл-көсір. Ішсең сусын, жесең ет, кисең киім, шудасы ем. Бір сұхбатымда «қара алтыннан» «ақ алтынға» өтетін кез жетті» деген едім. Қара алтын деген жер асты байлығы ғой. Түйенің сүті – ақ алтын. Қазақстан жерінің көп бөлігі – шөл, шөлейт өңірлер. Ал түйе – шөлдің малы. Ұлан-байтақ жерде төрт-түлік малды өсіріп, егін егіп, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнатуға болады.
    Біздің қазақ халқы сиыр сүтін ішкеніне жүз жылдың жүзі енді болды. Оған дейінгі көші-қон мәдениетінде сиыр малы тиімсіз болды. Ата-бабамыз түйенің, биенің, ешкінің, қойдың сүтін ішкен. Кеңес үкіметі келіп, отырықшылыққа көшті, сиыр фермалары ашылды, оны қазір өзіміз де тұтынамыз. Бұған әбден үйрендік. Оның үстіне халықты тек шұбатпен ғана асырай алмайсың. Сиыр сүтінен қаймақ, сары май, ірімшік жасалады. Қазіргі технология дамыған заманда сол дұрыс. Бірақ сиыр малын кәсіп еткендерге берілген мүмкіндікті түйе өсірушілер ала алмағанына қапа боламын. 35 жыл бойы назардан тыс қалып, енді ғана үлкен мінберлерде айтылып жатыр. Ауыл шаруашылығының барлық түріне тең көзқараспен қарау керек. Сиыр сүтіне қарағанда түйе сүтінде дәрумен көп. Мысалы, бір кальцийдің өзі отыз есе жоғары. Құрамында лактоферрин деген ақуыз бар. Ол бүкіл аурудың емі. Елімізде негізгі капитал ол – адам. Елін, ұрпағын ойлаған адам табиғи өнімді пайдаланады. Осындай асыл дүниелеріміз шетел асып, өзгелер пайдасын көріп жатқанда, біздің балалар дүкендегі құнарсыз сүтті ішіп жатыр.
    Түйе сүтінің Қытайда кең тарал­ғанына 10-15 жыл ғана болды. Әуелде бар болғаны 200 мың түйе бар еді, қазір 750 мыңға жетті. Түйе шаруашылығымен айналысатын­дарға қорасын салып, жерін бөліп береді. Сүтін өздері келіп алып кетеді. Бағасы да жақсы. Қытайға соңғы барғанымда ондағы жұрт мені құшақ жая қарсы алды. Пандемия кезінде сырқаттанғандар біздің сүтті ішіп, денсаулықтарын жақсартқанын айтып, рахметін жаудырды.
    – Жақында әлемдегі ең үлкен түйе керуенін жасап, Гиннестің рекордтар кітабына ендіңіз. Халық мұны қалай қабыл­дады? Шараның өту барысы жайлы баяндап берсеңіз.
    – Гиннестің рекордтар кітабына ену баяғыдан ойымда жүрген. Бірақ қалай, қашан, қай жерде өтеді деген сұрақтарға терең бойламап едім. Маңғыстауда бес мың адамның ұлттық киім киіп, рекорд жасағаны мені қатты әсерлендірді. Оны ұйымдастырған Әсемгүл деген қызбен сөйлесіп, ақылдастық. Сөйтіп, ұсыныс бердік. Түйе керуенін жасауға келістік. Бірақ мұны іске асыру оңай болған жоқ. Өйткені түйе ноқта салып, жетекке үйренбеген. Одан қалса, бір сызық бойымен жүру керек. Дайындығына алты ай уақыт кетті. Үш ай құжаттарын әзірледік. Әр түйеге жаңадан ағылшынша төлқұжат жасадық, аттарын қойдық. Одан бөлек жеті жастан асқан аналық түйе болуы тиіс деген шарт қойылды. Біз керуен дегенде бірден оның үстінде жүгі, жабуы, адамы болу керек деп ойлаймыз ғой. Бірақ малдың құқығын қорғайтын мекеме бұған қарсы болды. Дайындық кезінде ұрып-соғып, оны жабумен жасыруы мүмкін деген тұжырым айтты. Ол кезде бес жүз жабуын тігіп қойғанбыз. Әйелім тігінші болғаннан кейін оның бәрін қайта бұзып, шапан қылдық. Басында жастар саясаты басқармасының өкілдері, кейін аграрлық университет студенттері, ауыл-ауылдан жиналған еріктілер түйелерді жетектейді деп ойлағанбыз. Бірақ оның бәрі бекер болды. Ақыры Қорғаныс министріне облыстан хат жазып, өзіміздің әскери гарнизон сарбаздары келді. Бес мыңға жуық халық жиналды. Ұлы Жібек жолы қайта жаңғырғандай болды. Бұл биылғы Жұмысшы мамандықтары жылына орай 25 жылғы жұмысымның есебі деп ойлаймын. Облыстың ғана емес, республиканың атын дүниежүзіне танытты. Әрине, түрлі салада елдің атын әлемге әйгілеп жүргендер баршылық. Бірақ керуен ауыл шаруашылығының өркендеуіне, түйе малын дәріптеуге, төл өнімді экспорттауға жол ашты. Бұл іс-шара 20 қыркүйекте өтсе, 11 қазанда арнайы өкіл сертификатты тапсырды. Сөйтіп аталған түйе керуені қазақ елінің ауыл шаруашылығында жеткен жетістігі ретінде тарихта қалды. Мұнымен біз тоқтап қалмаймыз. Әлі талай рекордтарды жаңартамыз. Бұл жастарға – мотивация. Ал өз шаруашылығымызға үлкен жарнама.
    – Бүгінгі үлкен кәсіпорын иесі болғаныңыз талай жылғы теккен тер мен табандылықтың арқасы екені белгілі. Осы тұрғыда жастарға қандай ақыл-кеңес айтасыз? Қазіргі кезде жас буынға бірден жетістікке жетіп, бір сәтте мол байлық иесі атанғысы келеді деген сарындағы ескертпені көп естиміз.
    – Ол үшін жастарды кінәлауға болмайды. Менің еңбек жолым өте ауыр. Бәрі осы қиын сүрлеумен жүріп өтуі керек деген заң жоқ. Әркім өз таңдауы мен құндылығына сай шешім қабылдайды. Алғашында мен жарқыратып ештеңе сала алмадым. Себебі бизнесте кепілдік болмады. Кез келген салада көптің бірі болмай, көш алдында жүруге ұмтылу керек. Әрқашан жаңашылдыққа ашықпын, бір орында тұрып қалуға болмайды. Менің басты мақсатымның бірі Ақши ауылын дамыту болды. Меніңше, Қазақстанда қанша ауыл болса, оны көтеретін сонша кәсіпкер керек.
    Аграрлық университеттен тәжі­рибе жинауға студенттер жиі келеді. Осы уақытқа дейін 1000-нан астам студент шаруашылықтың жай-күйімен танысты. Білгенімді жастарға барынша үйретудемін. Жақында сегіз өңірден келген жастармен кездесіп, ақыл-кеңесімді бердім. Қазір олар өте білімді. Жақында «Менің жолым» деген кітап жарық көреді. Мен жүріп өткен жолға қарап, олардың бойында жігер, сенім пайда болса деймін.
    Елімізде кесіпкерлердің көбейгенін қалаймын. Әркімнің өз жұмысы болса, еліміз дамиды, бейбіт күн орнайды. Ұрлық-қарлық, адам өлтіру, тонау, бүлік болмайтын еді. Елімізге ең әуелі тыныштық керек. Жері үлкен, аз ғана халықпыз. Дәл қазір маған өзімнің тойғаным қызық емес. Бірақ бәріне бірдей қолұшын беру мүмкін емес. «Балық берме, қармақ бер» дейді. Еңбек ету керек. Соған сай зейнетін көреді. Кейде адамдарға жеткен жетістігің жай ғана сәттілік болып көрінуі мүмкін. Шын мәнінде, оның артында қаншама жанның маңдай тері жатыр. Бірақ кәсіп істеймін деп денсаулықты құрбан етуге болмайды. Дәл қазір менің бір жерім ауырып қалатын болса, мына байлықтың еш құны болмайды. Сол үшін көтере алатын шоқпарды ғана беліңе байлау керек.
    Қазір жастардың бәрі қалада тұрғанды ұнатады. Бұл, әрине, дұрыс. Бірақ ауыл шаруашылығымен де біреу айналысуы қажет. Онда да заманына сай етіп жасаған дұрыс. Жұмысшыларыма бір орында шектеліп қалмауын айтып отырамын. Қазір менен бөлініп шыққан 3-4 шаруа қожалығы бар.
    – Сіздің «Сыдық» мей­рам­ханасын, «Ақ бота» бала­бақшасы мен «Ару ана» шипа­жайының негізін қалаушы екеніңізді білеміз. Барлығы да түйе шаруашылығымен байланысты. Осы жайлы баяндап берсеңіз.
    – Бір түйенің арқасында қаншама кәсіп түрі ашылып жатыр. Шипажайда соңғы бес жылда 100 мыңнан астам адам демалып, емделді. Түйе сүті күш-қуатты арттырады.
    Мейрамхананың ашылғанына тоғыз жыл болды. Қонақтар толассыз келіп жатыр. Онда арақ-шарап пен темекі сатылмайды. Шұбат-қымыз, айран-қатық, құрттың 30-40 түрі, одан бөлек қазақтың қазы-қарта, жал-жаясы да бар. Мұның бәрі ұлттық мәдениеттің көрінісі әрі төл тағамды дәріптеудің жолы.
    Балабақшаның ерекшелігі – ас мәзіріне түйе сүті енгізілген. Әу баста ауылдық жер болған соң балаларымызды өзіміз бағамыз деп, бүлдіршіндер саны толмай қалған. Кейін оның маңызды екенін айтып түсіндірдік. Қазір жүз орынды балабақшада бала саны толық. Кезекте тұрғандар да бар. Сондықтан алдағы уақытта оны да үлкейтеміз деп отырмыз.
    – Келесі жылы шұбат фес­тивалін ұйымдастыру жоспа­ры­ңызда бар екен. Бұл шара қалай өтпек? Қандай нәтиже күтесіздер?
    – Алматы облысында жыл сайын қымызмұрындық болып жатады. Осыған қарап, неге шұбат фестивалін өткізбеске деген ой келді. Мұндай шара биыл Маңғыстау өңірінде ұйымдастырылды. Жауын-шашын болмаса, 14 сәуір – ғашықтар күніне орай өткізсек деп жоспарлап отырмыз. Себебі қазақ халқында ғашықтардың символы болған Қыз Жібек пен Төлегенге арналған фильмнің біраз бөлігі Күрті өзенінің жағасында түсірілген. Егер ол уақытқа ыңғайы келмесе, мамыр айында қызғалдақ гүлдегенде жасауға болады. Мұндай шара халықтың басын біріктіріп, салт-дәстүрді, мәдениетімізді дәріптейді. Фестивальге шетелдік қонақтарды да шақырып, ауыл шаруашылығы арқылы туризмнің дамуына үлес қосқымыз келеді.
    – Әңгімеңізге рахмет!

    Сұхбаттасқан – Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА

    Ұсынымдар

    Жайың қалай, жекеменшік балабақша?

    Жайың қалай, жекеменшік балабақша?

    2 years ago
    Салғырттық сан соқтырады

    Салғырттық сан соқтырады

    1 year ago
    Жасанды интеллект салықтан жалтарудың жолын кеседі

    Жасанды интеллект салықтан жалтарудың жолын кеседі

    3 months ago
    Жаңа автобус паркі қызметін бастады

    Әкімдік: Облысқа берілген ескі автобустар жөнделеді

    2 years ago
    Қазақстан «TRIPP халықаралық бейбітшілік пен өркендеу жолы» жобасына қатысуға қызығушылық танытып отыр

    Қазақстан «TRIPP халықаралық бейбітшілік пен өркендеу жолы» жобасына қатысуға қызығушылық танытып отыр

    3 weeks ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>