Алматы облысында «AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза бейсенбі» республикалық экологиялық акциясы тұрақты түрде жалғасып келеді. Бастама Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» тапсырмасына сәйкес өңірлерде экологиялық мәдениетті күшейтуге және қоғамдық кеңістіктердің санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған.
Бұл жолғы экоакция Талғар қаласындағы Жеңіс саябағында өтті. Іс-шараға партияның аудандық филиалы, ерікті тұрғындар және жастардан құралған 50-ге жуық белсенді қатысты. Қатысушылар саябақтың негізгі жаяу жүргінші жолдарын қардан тазалап, аумақтағы шағын қоқыс қалдықтарын жинады, демалыс аймағының жалпы көрінісін ретке келтірді. Сонымен қатар, саябақтың кіреберіс бөліктері ашылып, қозғалыстың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Нәтижесінде 60 тоннаға жуық қар арнайы техникамен қала сыртына шығарылды.
Партия өкілдерінің айтуынша, «Таза бейсенбі» өңірде экологиялық жауапкершілікті арттыруда тиімді механизмге айналған. Жыл басынан бері Талғар ауданы аумағында 150-ден астам экологиялық акция өтіп, қоғамдық орындарды абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Айта кетейік, «AMANAT» партиясы экологиялық мәдениетті қалыптастыру, коммуналдық тәртіпті күшейту және қоғамдық аумақтарды бірлесіп абаттандыру бағытындағы іс-шараларды апта сайын облыстың барлық аудан-қаласында жалғастыруды жоспарлап отыр.




