Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Алатау қаласында мемлекеттік қызметшілер арасында шағын футболдан жарыс ұйымдастырылды. Аталған спорттық іс-шара Алатау қаласы әкімдігінің және қалалық спорт басқармасының қолдауымен өтті.
Жарысқа қала аумағындағы түрлі мекемелерден 7 команда қатысып, өзара тартысты әрі тартымды ойын өрнегін көрсетті. Турнирдің басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, мемлекеттік қызметшілер арасында бұқаралық спортты дамыту және ұжымдық рухты нығайту болды.
Жарыс қорытындысы бойынша 6654 әскери бөлімінің құрама командасы жоғары дайындық пен ұйымшылдық танытып, қарсыластарынан оқ бойы озып, 1-орынды иеленді. Майор Арыстанбеков жаттықтырған әскери қызметшілер алаңда кәсіби шеберлік, тактикалық сауаттылық және жеңіске деген табандылық көрсете білді.
Команда құрамындағы барлық ойыншы медициналық тексеруден өтіп, физикалық дайындығының жоғары деңгейде екенін айқын дәлелдеді.
Аталған жарыс әскери бөлімдер мен мемлекеттік мекемелер арасындағы өзара ынтымақтастықты арттырып, спорт арқылы патриоттық рухты көтеруге зор үлес қосты.
Қырғызбай Альбина Қайратқызы,
6654 әскери бөлімінің Бөлініс бастығы (кітапхана бастығы), кіші сержант




