Ел тағдырында айрықша мәні бар екі үлкен тарихи оқиға желтоқсан айында болды. Соның біріншісі – 1986 жылғы 17 желтоқсан. Бұл күні азаттықты аңсаған қазақ жастары қызыл империяның озбыр саясатына қарсылық білдіріп, алаңға шықты. Қуғын-сүргін мен жазалауға ұшыраса да, олардың өршіл үні еркіндікке ұмтылған күллі халықтың санасын оятты. Екінші тарихи белес – 1991 жылғы 16 желтоқсан. Бұл күні халқымыз ғасырлар бойғы бодандық қамытынан біржола құтылып, қасиетті Тәуелсіздігін жариялады.
Азаттық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ол – ұлы мұрат жолында жанын қиған күрескерлер ерлігі мен өрлігінің өтеуі, ел тарихындағы қастерлі жеңіс. Биыл ел тәуелсіздігіне 34 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде тағдырлы кезеңдердің талай парағы ашылды. Тарихшы ғалымдар үшін бұл – өткенге әділ көзқараспен қарап, ұзақ уақыт айтылмай келген ақтаңдақтарды қалпына келтіріп, ғылыми айналымға енгізудің жауапты кезеңі.
Жаһандану үдерісі мен геосаяси тұрақсыздық күшейген қазіргі заманда тарихи жадыға арқа сүйеу – елдің рухани тұтастығын сақтаудың, ұлттық бірегейлікті нығайтудың басты алғышартына айналды. Қазақ тарихының шерлі парақтары бүгінде ғылыми ортада да, қоғамда да кеңінен талқыланып келеді. Жан-жағымыздағы көрші мемлекеттердің өзі тарихи жады мәселесін назардан тыс қалдырмай, өткеннің тағылымын өздерінің ұзақмерзімді басым саясатына айналдырғанын аңғару қиын емес.
Қазақстан да бұл бағытта салмақты әрі батыл қадам жасады. Еуразия кеңістігінде алғашқылардың бірі болып өткен тарихтың көмескі тұстарына жарық түсіретін архивтік құжаттарды жариялауға жол ашып, мазмұны мен ауқымы жағынан «Архив революциясына» пара-пар жаңашылдықты жүзеге асырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мәселесін күн тәртібіне қойды. Осыған орай республикалық және өңірлік комиссиялар құрылып, ауқымды зерделеу және зерттеу жұмыстары жүргізілді. Мұндай аймақтық комиссия Алматы облысында да құрылып, нақты нәтижелерге қол жеткізіп, өз жұмысын табысты түрде қорытындылады.
Облыс бойынша ғылыми экспедицияларда халықпен кездесіп, XX ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін мәселелері бойынша ел арасында сақталған тарихи деректер жинақталып, жарияланды. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бағытында жүйелі жұмыс жүргізген зиялы қауым өкілдері маңызды ұсыныс көтерді. Атап айтқанда, қуғын-сүргін жылдарында құрбан болған 30 тарихи тұлғаға «Халық батыры» атағын беру орынды деп танылды. Азаттық жолында арпалысып, халқы үшін жанын пида еткен бұл тұлғаларды ел өз жүрегімен әлдеқашан батыр деп мойындаған. Арада ғасырға жуық уақыт өтсе де, олардың көзсіз ерлігі мен жанқиярлығы халық жадында жаңғырып тұр.
Бұған дейін құпия сақталып, ал қазір азаматтық архивтерге берілген ҰҚК мен ІІМ-нің арнайы архивтерінде жүргізілген кешенді зерттеу нәтижесінде «бандылар» тақырыбының беймәлім болып келген тарихи қырлары ашылды. Бұған өз кезегінде баяу да болса жүргізіліп жатқан арнайы органдар архивтерін құпиясыздандыру процесінің қосқан үлесі бар. Құпиялық белгісі алынған құжаттар шекаралық аудандардағы жаппай босқыншылық пен көтерілістердің шынайы себептерін ашып көрсетуімен құнды. Арнайы ақпараттар кеңестік кезеңде жетпіс жыл бойы әдейі бұрмаланған деректерге жаңа көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, Алматы облысы аумағында әрекет еткен Мергенбай Жаманкөзов, Жақыпберді Солтанбекұлы, Көкімет Баялинов, Құндақбай Төлендинов және басқа да тұлғалардың «банды» болмағаны, керісінше, отарлық-әкімшілік қысым күшейген заманда елінің намысын қорғап, халық мүддесі жолында күрескен, уақыттың өзі туғызған халық батырлары болғаны құжаттық деректер арқылы нақтылана түсті.
Тарихи жадыны жаңғыртуға бағытталған келелі бастамалардың ішінде «Архив – 2025» мемлекеттік бағдарламасының сәтті атқарылуын да айтуға болады. Бағдарлама аясында дүниенің төрт бұрышындағы елдер архив қорларындағы Қазақстанға қатысты құнды құжаттар тарихи жәдігер ретінде елге әкелініп, ҚР Ұлттық архивіне тапсырылды. Осы мақсатта қолға алынған істер әлі де алдымызда қордаланған мәселелердің ауқымдылығын, шешілмеген түйіндердің көптігін көрсетті. Сондықтан ел тарихындағы ақтаңдақтарды жойып, шерлі шежіре шындығына жеткенше тоқтаусыз ізденіс жүргізу қажет.
Еркін Стамшал,
Әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ дүниежүзі тарихы,
тарихнама және деректану кафедрасының аға оқытушысы, PhD




