Перейти к содержимому
Главная страница » Тіл мамандарына мың алғыс!

Тіл мамандарына мың алғыс!

    Біз, қара шаңырақ – қазақ еліне жүрек­жарды сағынышпен, Отаны­мызға деген үлкен махаббат­­пен оралған қандас­тармыз. Қазақ халқы – ақжарқын, қонақжай, тілдік қуаты күшті, сөздік қоры мол, рухы биік ел. Түйе қомында туып, ат жалын тартып мінген қарға тамырлы қазақтың тарихы, тілі өте тереңде жатыр. Осы тілді меңгерту, дұрыс оқып, жазуға үйрету мақсатында «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы игі бастаманы қолға алғаны қуантады.

Осы жылдың қыркүйек айында облыс басшылығының, тіл маман­дарының ұйымдастыруымен үлкен жиын өтіп, Қарасай ауданының түкпір-түкпірінен хабар алған қандас­тар орталыққа қарай ағылған еді. Кездесуде облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы Қарасай аудандық филиалының меңгерушісі Жанар Оразалиева қандастарды қазақ тілінде сауатты оқып-жазуға үйрету туралы ұсынысын айтып, жиынға қатысушылардың да пікірін тыңдады.
Бұл жиынға жасы жиырмадағы азаматтардан бастап, алпысты алқым­даған қарияларға дейін қатысты. Көбі ана тілін білгенмен, кирилл әліпбиін, орфографиясын, емле ережелерін меңгермеген. Бүгінде «Тіл» оқу-әдіс­темелік орталығынан оқытудан өткен қандастардың біразы өздері жазып, оқитын дәрежеге жетті. Бұл атажұртына оралған жандар үшін аса маңызды еді. Өйткені құжат толтырсаң да, жұмысқа орналассаң да қазақ тілінде дұрыс сөйлеп, жаза білу қажет. Осыны ескерген орталықтың қызметкерлері курс барысында халыққа қызмет көрсету, көші-қон, ауыл шаруашылығы, экономика және қаржы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы, «Атамекен» кәсіпкерлік бөлімі, мансап орталықтарының мамандарымен кездестіріп, олардан дәріс тыңдап, ортаға бейімделуге мүмкіндік жасады. Сөйтіп қандастар әр сала қызметінің қыр-сырымен танысты. Осы орайда қандастарға қазақ тілін тереңірек меңгеруге мүмкіндік тудырған облыс басшылығына, «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының меңгерушісі мен қызметкерлеріне айтар алғысымыз шексіз.

Болат Әсейінұлы,
облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы
Қарасай аудандық филиалы қандастар тобының тыңдаушысы