Көптеген супермаркеттер мен дүкен сөрелерінен табиғи минералдармен байытылған «7 o’clock.» маркалы таза су құтыларын көруге болады. Бұл атаудың мағынасы – сағат таңғы 7 дегенді білдіреді. Демек таза әрі пайдалы сумен шай ішуге ең қолайлы уақыт. Біз бұл өнімді Қаскелең қаласында «HALL» компаниясы шығаратынын мақтанышпен айта аламыз.
Компанияның даму тарихы мен ерекшелігі туралы компания басшысының орынбасары Сергей Черемных айтып берді. Оның айтуынша, бизнестің иесі – Әсем Бекбауова ханым. Өндіріс биылғы қаңтар айында өз жұмысын бастаған. Алғашқы су құю мамыр айында іске қосылған. Зауыттың ресми ашылуы 2025 жылдың 3 шілдесінде өтті. Демек сөз болып отырған өндіріс салыстырмалы түрде жаңа болып есептеледі.
Қызметкерлердің басым көпшілігі жастар. Өндірісте 29 адам жұмыс істейді. Олардың арасында маркетинг бойынша директор Жәния Нұрғалиева, зертхана меңгерушісі Еркежан Мұхамедамирина және басқалары бар.
Сергей Николаевичтің айтуынша, кәсіпорын 0,6010 гектар аумақты алып жатыр. Жоба құны – 1,2 миллиард теңге. Өндірістік ғимараттың алаңы – 800 шаршы метр.
Өндіріс туралы айтатын болсақ, мұнда негізінен Тянь-Шань таулары тұнбаларынан алынатын таза ауызсу шығарылады. Су 220 метр тереңдіктегі артезиан ұңғымасынан алынып, магний, кальций, натрий, кремний және басқа да биологиялық минералдармен байытылғаннан кейін құтыларға құйылады. Атап айтқанда, тұтынушыға жетер алдында су 11 фильтрден өтеді, оның ішінде кварцты, көмірлі, Na катонитті, нәзік тазарту фильтрлері және басқалары бар. Сонымен қатар мұнда тазартылған судағы қалдық қоспалар жойылатын процесс жүргізіледі. Ультракүлгін шамдар мен озондатқыштар да қолданылады.
– Бұл құрылғы озонды пайдаланады, – деді сұхбат беруші. – Электрлік разряд немесе ультракүлгін сәуле арқылы ол оттегіден озон жасап, оны суға жібереді. Озон бактерияларды, вирустарды, залалды заттарды және зиянды химиялық қоспаларды жояды, жағымсыз иістерді кетіріп, суды оттегімен байытады және пайдалы минералдарды сақтайды. Озон суға микробөлшектер түрінде еніп, ластаушылармен әрекеттеседі. Реакциядан кейін ол қайтадан оттегіге ыдырап, суды қанықтырады. Сондай-ақ мұнда бес тонна сыйымдылығы бар жинақтау ыдысы бар. Оған да фильтр орнатылған. Яғни мұнда судың тазалығына және қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінеді. Бұл процесті кәсіпорынның өз зертханасының мамандары қадағалайды, өйткені мұндай маңызды өндірісте зертхана болуы міндетті.
Тазартылған су 348 мл, 570 мл, 5 литр және 18,9 литрлік бөтелкелерге құйылады. Біз келген кезде мұнда 18,9 литрлік бөтелкелерге үлкен тапсырыс орындалып жатқан болатын. Мұндай су көлемін кафелер мен мейрамханалар көп сатып алатын көрінеді. Ал 5 литрлік бөтелкелерді көбінесе үйде пайдалануға жақсы сатып алады. Кішігірім бөтелкелер бизнес кездесулер мен фуршеттер үшін өте тиімді. Себебі бөтелкенің дизайны ерекше, ал судың сапасы тамаша. Бұл су халық арасында да үлкен сұранысқа ие.
Айта кету керек, мұнда қолданылатын поликарбонат бөтелкелері берік, мөлдір пластиктен жасалған. Олар соққыға да, көп рет жууға да шыдайды.
Ең бастысы, олар ұзақ уақытқа жарайды және судың дәмі мен иісін өзгертіп жібермейді. Сонымен қатар бұл ыдыстар шыны бөтелкелерге қарағанда жеңіл, демек олардың тасымалын және орнатуын жеңілдетеді, ал ішкі беті тегіс, тігіссіз болғандықтан, кірдің жиналуын болдырмайды.
Қазіргі уақытта кәсіпорында екінші цехтың құрылысы жүріп жатыр. Оның іске қосылуы 2026 жылдың ақпанына жоспарланған. Бұл жерде янтарь суынан энергетикалық сусын құю, тәтті шайларды бөтелкелерге құю және премиум су шығару желісі орнатылады. Сондай-ақ құйылған су өндірісін үш есеге арттыру жоспарланып, жаңа жұмыс орындары ашылатын болады.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы
