Ұзынағаш ауылындағы Жамбыл атындағы кәсіптік-техникалық колледжде «Таза орта – ұлт болашағының кепілі» атты ақпараттық-ағартушылық шара өтті. Республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған жастармен кездесу қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастыруға арналды.
Шараға аудан тұрғындары, жастар ұйымдары, еріктілер мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты. Экологиялық бағыттағы жиында аудан әкімдігі мен прокуратура қызметкерлері жастарға түсіндірме жұмысын жүргізді. Жиынға қатысушылар табиғатты қорғау, тұрмыстық қалдықтарды басқару, жасыл аймақты көбейту тақырыптарында өзара пікір алмасты. Көпшілік алдында сөз алғандар тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру шараларын қозғап, қоршаған ортаға ұқыпты қарау жауапкершілігін қалыптастыру, қоғамды табиғатты аялау ісіне жұмылдыру мәселелері төңірегінде ойларын ортаға салды.
Жиында Жамбыл атындағы кәсіптік колледждің директоры Болат Алтаев сөз алып, экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. «Бүгінгі кездесу – жай ғана ақпарат алмасу емес. Бұл – әр азаматты экологиялық мәдениетті арттыруға, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға шақыру. Өйткені таза орта – ұлт болашағы, ал болашақ – біздің қолымызда», – деп атап өтті Болат Бекбосынұлы өз сөзінде.
Шараға белсене қатысқан жастар табиғатты қорғауға бағытталған бастамаларды қолдап, «Таза қоршаған орта – таза сана мен жарқын болашақтың кепілі» деген ортақ оймен тарқасты. Жиыннан кейін колледж студенттері оқу орнының ауласында тазалық жұмысын жүргізді.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы




