«Үздік педагог – 2025» байқауы – еліміздің барлық аймағынан жүздеген мұғалімді қамтып, педагогтердің инновациялық жобаларын, заманауи оқыту әдістерін, кәсіби біліктілігін саралайтын маңызды алаң. Биыл қатысушылар саны айтарлықтай артып, білім саласындағы жаңа бағыттар мен авторлық әдістемелер кеңінен таныстырылды. Алматы облысының ұстаздары да дәстүрлі жарыста жыл сайын үздік атанып, жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Биылғы жетістік те аймақ педагогтерінің әлеуетін тағы бір дәлелдеді. Облыс абыройын асқақтатып, республикалық байқауда үздік шыққан ұстаздармен аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев кездесіп, жеңісті сәтпен құттықтады.
Кездесу барысында облыс әкімі Марат Елеусізұлы білім саласындағы табысты нәтижеге қол жеткізген педагогтердің еңбегін ерекше атап өтті.
– Бүгін біз білім саласындағы маңызды оқиғалардың бірі – «Үздік педагог – 2025» байқауының жеңімпаздары мен қатысушыларын салтанатты түрде қабылдап отырмыз. Бұл – өз кәсібіне адал, шәкірт жүрегіне шамшырақ жаққан, ұлт болашағына қызмет етіп жүрген сіздерге деген шынайы құрметтің көрінісі. Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұстаз – ел болашағын қалыптастыратын басты тұлға», – деп атап өткен болатын. Ұстаздар – келешек ұрпаққа білім беріп қана қоймай, адамгершілік, елжандылық, еңбекқорлық секілді асыл қасиеттерді дарытатын мамандық иесі. Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «Үздік педагог» байқауы – сіздердің жаңашылдыққа ұмтылыстарыңызды, жас ұрпақ тәрбиесіне сіңіріп жатқан өлшеусіз еңбектеріңізді айқындайтын үлкен алаң. Ал «Үздік педагог» атағы – бұл жай ғана кезекті марапат емес, бала оқытудағы кәсіби, шынайы шеберлікті айқындайтын ерекше мәртебе.
Жоғары деңгейде өткен облыстық «Үздік педагог» байқауында аудандық, қалалық кезеңнен өткен 58 педагогтің 10-ы жеңімпаз атанып, өз білімін, шеберлігін, жаңашыл әдістерін дәлелдеп шықты. Байқаудың республикалық кезеңінде 2 педагог топ жарып, грант иегері атанды. Бұл – ұстаздарымыздың тынымсыз еңбегінің, ізденісінің, қажыр-қайратының нәтижесі. Сіздердің табыстарыңыз – біздің ортақ қуанышымыз әрі елдің абыройы. Шәкірттеріңіз әрдайым биіктен көрініп, еңбектеріңіздің жемісін көре беріңіздер!– деді облыс басшысы.
Аймақ басшысы өз сөзінде облысымызда білім беру саласын дамытуға, мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға, педагогтердің әлеуметтік жағдайын қолдауға басымдық беріліп келе жатқанын да айта келіп, биыл білім саласын дамытуға 488,6 млрд теңге бөлінгенін, бұл былтырғымен салыстырғанда едәуір жоғары көрсеткіш екенін жеткізді. Сондай-ақ алдағы уақытта да ұстаздарға үлкен көңіл бөлініп, шығармашылықтарының дамуына, жаңа бастамалардың жүзеге асуына мейлінше жағдай жасалатынын айтты. Бұдан соң Марат Елеусізұлы республикалық додада дараланған мұғалімдерге Алғыс хат пен арнайы сыйлықтар табыс етті. Жеңімпаз атанған 10 ұстаздың әрқайсысы кәсіби біліктілігімен, жаңашылдығымен, шәкірт тәрбиесіндегі жетістігімен ерекшеленеді.
Марапат иелері қолдау көрсеткен облыс басшылығына алғыстарын жеткізіп, байқаудың кәсіби дамуға үлкен серпін бергенін айтты. Республикалық байқаудың жеңімпазы, Қарасай ауданы Әл-Фараби атындағы мамандандырылған лицейдің химия пәні мұғалімі Әбеу Нұргелді сөз алып, ұстаздық жолдағы ізденіс пен жауапкершілік жайында ой қозғады.
Салтанатты шара әуелеген әнмен қорытындыланып, үздік педагогтерге зор құрмет көрсетілді.
Құралбек СӘБИТОВ




