Маңдай терін төгіп, абыройлы іс атқарып жүрген жандар қашанда құрметке лайық. Осы орайда қалтқысыз еңбек етіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген азаматтарды «Жыл үздігі» номинациясымен марапаттау дәстүрге айналып келеді.
Кеген аудандық Мәдениет үйінде өткен шара өңірдің даму барысын баяндайтын бейнеүзіндімен басталды. Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев жыл ішінде атқарылған ауқымды жұмыстарға тоқтала келе, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен Тоқтарбек Баймолдаевты, «Ерен еңбегі үшін» медалімен Кеген орман шаруашылығы мекемесінің директоры Айболат Әскербекұлын, «Шапағат» медалімен дәрігер Гүлмира Мұқанованы марапаттады.
Шарада аудандық мәслихат депутаты Ерғали Сатыбалдыұлы – «Үздік халық қалаулысы», Мойнақ су электр стансасы бас инженерінің орынбасары Әнуар Мұханбетұлы – «Коммуникация саласының үздігі», Шырғанақ ауылдық округі әкімдігінің бөлім басшысы Маржан Мұханова – «Үздік мемлекеттік қызметші», Тасашы ауылдық округінің әкімдігі – «Үздік ауылдық округ», «Достар стройинвест» ЖШС директоры Айдос Нұрланұлы – «Үздік құрылысшы», аудандық экономика және қаржы бөлімінің сектор меңгерушісі Гүлдана Жұмабекқызы – «Үздік қаржыгер», «Ереуіл» халықтық-фольклорлық этнографиялық ансамблінің жетекшісі Мақсат Мәжитұлы – «Мәдениет саласының үздік қызметкері», «Темірлік» орманшылығының орманшысы Берік Шарғынов – «Үздік орманшы», дәрігер Назым Әлібекқызы «Денсаулық сақтау саласының үздік қызметкері» аталымдарын иеленді. Сондай-ақ, жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан белсенді азаматтар облысы әкімі және Кеген ауданы әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаттарымен марапатталды.
Кеш мерекелік концертке ұласып, аудандық Мәдениет үйінің әншілері салтанатты шараға қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы




