«Әскер – ананың көзімен» атты республикалық акция аясында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен Қарасай ауданындағы шекара басқармасының техникалық және кәсіби даярлық бөлімінде сарбаздардың ата-аналарына арналған Ашық есік күні өтті. Бұл шара қоғамға әскери қызметтің ашықтығын көрсету және ата-аналармен байланысты нығайту мақсатында ұйымдастырылды.

Ашық есік күні өтетіні жайлы алдын ала хабар алған ата-аналар еліміздің әр шалғайынан арнайы келді.
– Менің ұлым Диас Мұхтарұлы Қостанай қаласындағы университетті бітіріп, автокөлік ісі мамандығын меңгерген болатын. Әскерге бару туралы шешімді де өзі қабылдады. Қыркүйек айының 15-інде әскер қатарына алынды. Ата-аналардың ортақ чатына Ашық есік күні өтетіні жайлы ақпарат шыққаннан кейін жұмысымыздан сұранып, ұшақпен кеше түнде келіп жеткен жайымыз бар. Баламыздың жағдайын көріп қайту үшін жолдың алыстығына да қарамадық. Ең бастысы, Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп, аман-есен отбасына оралуын тілейміз, – деді Қостанай облысынан келген Гүлмира Бейсенова.
Құпия режимдегі әскери бөлімшенің аумағына кірген ата-аналар «Күз – 2025» шақырылымы сарбаздарының оқу-жаттығуы мен тұрмыс-тіршілігін өз көздерімен көруге мүмкіндік алды.
Қонақтар алдымен шекара шебінде еліміздің тыныштығын қорғайтын сарбаздардың киім үлгісі мен қару-жарағымен танысты. Жаз, күз, қыс, көктем айларында жер бедерінің өзгеруіне орай табиғатпен сіңісіп кететін арнайы киімдер жылылығымен, төзімділігімен ерекшеленеді. Осыдан кейін шекарашылардың күнделікті қолданатын қару түрлері жұртшылық назарына ұсынылды. Онда Қазақстан Қарулы Күштерінің қолдануындағы Калашников автоматының жетілдірілген бірнеше түрі, Драгуновтың снайперлік винтовкасы, 30 миллиметрлі автоматтандырылған станокты гранатомет, Калашников пулеметі, Макаров пистолеті қойылған. Бөлімше офицерлері қару-жарақ туралы мәлімет беріп, оларды қолдану тәртібін түсіндірді. Ата-аналардың қызығушылық танытқанынан бұл шараның өте әсерлі болғаны аңғарылып тұрды. Бұдан кейін қонақтарға жылжымалы стоматологиялық бөлімшенің жұмысы көрсетілді. Мұндағы арнайы автокөлікке орналастырылған кабинетте жаңадан шақырылған сарбаздардың тістері толықтай емдеуден өткізіледі.
Шара барысында ата-аналар сарбаздардың жататын орнын, олар пайдаланатын гигиеналық құралдарды, киетін киімдерін, бос уақытын өткізетін бөлмелерін көзбен көрді. Әскери тәртіпке сай бұл жерлерде басы артық ешқандай зат болмағанымен, жауынгерге қажетті нәрсенің бәрімен қамтамасыз етілген. Сол себепті оларға әлдебір заттарды сатып алу үшін қосымша қаражат жіберудің қажет еместігі түсіндірілді.
Ата-аналар оқу сыныптарын, жаттығу алаңдары және әскери-техникалық дайындық нысандарын көруге де мүмкіндік алды. Бір топ бейіміне қарай медициналық қызмет сарбаздарын әзірлейтін бөлімге барса, екінші топ байланысшылар даярлап шығаратын сыныпқа келіп, бүгінде еліміздің шекарашылары пайдаланатын байланыс құралдарымен танысты. Жас сарбаздар өздері меңгеріп жатқан құралдармен қалай жұмыс істейтінін көрсетіп, шеберліктерін танытты.

Ата-аналарды, әрине, балаларының қандай тамақ ішіп жүргені де қызықтыратыны белгілі. Сондықтан оларды бөлімше асханасына апарып, күнделікті ас мәзірімен де таныстырды. Кездесуге келгендер сарбаздарға арналған түскі астың дәмін татып көріп, тойымды әрі құнарлылығы жоғары тағамдарға көңілдері толды.
Болашақ шекара жауынгерлерінің тұрмысымен, күнделікті қызметімен танысқаннан кейін қонақтар бөлімше клубына шақырылды. Бұл жерде Алматы облысы шекара департаменті басшысының орынбасары, полковник Серік Төлеуханов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов, Қарасай шекара басқармасы бастығының бірінші орынбасары, подполковник Дархан Қайтаев, Алматы гарнизоны әскери прокурорының орынбасары Жанат Оспанов, Қарасай шекара басқармасы бастығының орынбасары, техника және кәсіби даярлық бөлімінің бастығы, полковник Сағадат Әуезов, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы гарнизоны бойынша әскери полиция басқармасының кіші жедел уәкілі, лейтенант Ержан Салқынов, Алматы облысы, Алматы қаласы және Жетісу облысы бойынша сарбаздардың аналар комитетінің төрағасы Татьяна Тропина сөз алып, еліміздің Қарулы Күштері, оның ішінде шекара қызметінің ерекшелігі, жас сарбаздардың арнайы дайындықтан өту барысы туралы әңгімеледі.
Ата-аналар балаларының күнделікті тұрмысынан бастап, дайындық курсынан өткеннен кейін қай аймаққа, қандай бөлімшелерге баратыны, азаматтық борышын өтегеннен кейін жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігі, ары қарай әскерде қалу шарттары жайлы сұрақтар қойып, оларға нақты жауаптар алды. Соңынан еліміздің әр шалғайынан келген ата-аналар балаларымен кездесіп, қал-жағдай сұрасып, мәре-сәре болысты. Мұндай шаралар қоғамның Қарулы Күштерге деген сенімі мен жастардың Отан алдындағы борышын өтеуге деген ынтасын арттырып, ата-аналардың көңіліндегі алаңды азайтатыны кәміл.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
