Тәуелсіздік күні қарсаңында Кеген аудандық мәслихат аппараты орналасқан үш қабатты ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Бұл ғимарат – халық пен билік арасын жақындатып, ел игілігі жолындағы жұмыстардың жаңа деңгейде атқарылуына мүмкіндік беретін маңызды нысан.
Ғимараттың ашылу салтанатына облыстық мәслихаттың төрағасы Қуат Байғожаев, халық қалаулысы Сейдолла Сәрсеков, Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, аудандық мәслихат депутаттары, мекеме басшылары, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
Салтанатты шараны аудандық мәслихат төрағасы Алмасбек Нөкербанұлы ашты.
– Бұл ғимараттың салынғанына қырық алты жылдан асса да, осы уақытқа дейін күрделі жөндеуден өтпеген болатын. Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаевтың атсалысуымен облыс басшысы Марат Сұлтанғазиев қаражат бөлгізіп, былтыр басталған құрылыс жұмысы толығымен аяқталды. Ғимаратта аудандық мәслихат аппаратымен қатар мемлекеттік мекемелер, қоғамдық ұйымдар орналастырылды, – деді ол.
Келесі кезекте сөз алған облыстық мәслихаттың төрағасы Қуат Байғожаев басқа өңірлерде мәслихат пен әкімшілік бір ғимаратта орналасқан болса, Кеген ауданында мәслихаттың өз ғимараты бар екенін алға тартып, мұның өзіндік артықшылығын атап өтті.
Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев та құттықтау сөз сөйлеп, бұл үлкен ғимаратта 23 мекеме халыққа қызмет көрсететінін айтып, құрылыс жұмысына қолдау көрсеткен облыс әкімі Марат Елеусізұлына, облыстық мәслихат төрағасы Қуат Сұлтанұлына алғысын жеткізді.
Өз кезегінде сөз алған облыстық мәслихаттың депутаты Сейдолла Сәрсеков ауданда игі істердің жалғасын таба беруіне тілектестігін білдіріп, жаңа ғимараттағы қызметкерлердің жұмысына табыс тіледі.
Салтанатты шарада ізгі тілегін жеткізген Кеген ауданының Құрметті азаматы Едіге Тазабеков:
– Бұл ғимарат кезінде аудандық кеңестің төрағасы болған Шайқып Құрмантаевтың тікелей басшылығымен салынып, 1978 жылы сәуір айында пайдалануға берілген еді. Сол уақыттан бері халықтың жиі келетін орнына айналды. Аудандық кеңес тараған соң ғимарат аудан әкімдігіне өтіп, кейін мәслихатқа берілді. Депутаттар бас қосып, алда тұрған міндеттерді талқылайтын ғимарат халық игілігіне қызмет ете берсін, – дей келе көпшілікке ақ батасын берді.
Жиналғандар ғимаратты аралап көріп, мәжіліс залына жиналды. Аудандық мәслихат депутаттары атынан Ерғали Тәліпов, мәслихат ардагері Тұрсынбай Тойеке сөз сөйлеп, ризашылықтарын білдірді. Аудандық мәслихат төрағасы Алмасбек Нұғыман құрылыс жұмысын абыройлы атқарған азаматтарды марапаттап, Алғыс хат табыс етті.
Жаңа ғимараттың ашылуында ақ жаулықты аналар шашу шашып, аудан өнерпаздары ән-бимен көркемдеді. Ашылған нысан Кеген ауданының дамуына серпін беріп, талай игілікті істің ұйытқысына айналары сөзсіз.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы




