Еуразиялық логистикалық парк Қазақстандағы ең ірі индустриалды-логистикалық кешеннің құрылысын аяқтады. Бұл жоба Алматы маңындағы 700 мың шаршы метрден аса қойма алаңына деген жетіспеушілікті азайту тұрғысынан өте маңызды. Күні кеше ресейлік серіктестер жүзеге асырған осынау азиялық логистикалық хабтың ашылу рәсімі өтті.
Салтанатты шараға Сауда және интеграция вице-министрі Айжан Бижанова, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, «Еуразиялық логистикалық парк» ЖШС атқарушы директоры Роман Жужлев, парк қызметкерлері, ресейлік компания өкілдері қатысты. Ашылу рәсімі тікелей парк аумағындағы қойма ғимаратында өтті. Аймақ басшысы жиналған жұртты осы жағымды жаңалықпен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Бір жыл бұрын біз осы ірі халықаралық нысанның іргетасын қалауға қатыстық, бүгін, міне, салтанатты түрде ашып отырмыз. Еуразиялық банк, «Aurora Development» компаниясы сияқты ресейлік серіктестеріміздің арқасында біз халықаралық деңгейдегі ірі көліктік инфраструктура жобасын жүзеге асырып, «А» сыныбындағы аумағы 50 мың шаршы метрлік қойма ғимараттарын іске қостық. Басқаша айтқанда, біз сыртқы сауданың дамуына мүмкіндік ашып, ҚР Президентінің индустриялық инфрақұрылымды дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындадық. Бұл көлік хабы ірі мегаполис – Алматыға, Құлжа күрежолына ғана емес, Үлкен Алматы айналма жолына жақын орналасқандығымен де өте тиімді. Біз серіктес болуға ниетті инвесторларға қолдау көрсете отырып, әрі қарай да Еуразиялық логистикалық паркті дамытпақпыз. Келешекте бұл жаңа қойма кешені Қазақстандағы логистикалық желіні дамытудың негізгі басқышы болатынына, жүктерді сенімді сақтап, өңдеуді қамтамасыз етіп, халықаралық бизнесті дамытуға қосымша мүмкіндіктер ашатынына сенімдімін, – деді Марат Елеусізұлы.
Шара қатысушыларын Айжан Бижанова да құттықтады.
– Сіздерді Сауда және интеграция министрлігі атынан осынау аса маңызды инфрақұрылым нысанының ашылуымен құтттықтаймын! Министрлік үшін заманауи сауда-логистикалық инфрақұрылымның дамуы – ең басты басымдықтың бірі. Сыртқы сауданың орнықтылығы мен ішкі тауар айналымының тұрақтылығы оның даму сапасына байланысты. Бүгін ашылып жатқан логистикалық парк Қазақстанның халықаралық көлік дәліздеріне интеграцияны нығайтады. Ол Қытай, Орталық Азия мемлекеттері, Каспий аймағы елдері мен еуропалық нарықты байланыстыратын біртұтас логистикалық желінің маңызды элементіне айналғалы тұр. Мұндай ауқымды нысандар транзиттік және экспорттық-импорттық ағындардың тиімділігін арттырады, отандық бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашады және Еуразиядағы сауда хабы ретінде Қазақстанның рөлін нығайтады. Ашылған нысан көптеген отандық және халықаралық компаниялар үшін өсу баспалдағына айналып, еліміздің сыртқы және ішкі саудасының дамуына елеулі үлес қосатынына сенім мол, – деді Айжан Әділқызы.
Еуразиялық логистикалық парктің атқарушы директоры Роман Жужлевтің сөзі де нақты әрі мазмұнды болды.
– Ең алдымен бізге жан-жақты қолдау көрсеткен облыс әкімдігі мен бір жыл ішінде осындай тамаша құрылысты аяқтаған мердігер компанияға үлкен алғыс айтқым келеді. Бұл хабты «Алматының шығыс қақпасы» деуге болады. Жарты жылда Алматының тауар айналымы 7,2 млрд теңгеге ұлғайды, демек мегаполисті үлкен сауда орталығы деуге болады. Ендігі басқыш – облыс әкімдігі және «Қонаев» ӘКК-мен бірге жүзеге асырылатын «ЕЛП (Еуразиялық логистикалық парк) – Әуежай» жобасы. Ондағы ғимараттар аумағы 130 мың шаршы метрді құрайды. Мұнда жедел жеткізу компаниялары үшін қойма кешені, уақытша сақтау, мультитемпературалы қоймалар, бизнес-парк, кеңсе және қонақүй инфрақұрылымдары орналасатын болады, – деді ол.
Ресей тарапынан жобаның құрылтайшысы Александр Судаков та өз лебізін білдірді.
– Қазақстанның, жалпы бүкіл Орталық Азияның экономикасы серпінді дамып келе жатыр, бірақ заманауи және сапалы қойма ғимараттары жетіспейді. Алматыдағы бұл Еуразиялық логистикалық парк – көлік жүйесін қалыптастырудағы алғашқы қадам. Алдымызда біздің клиенттер үшін бірдей деңгейде қызмет ұсынатын Орта Азия және Таяу Шығыс елдеріндегі логистикалық экожүйені дамыту міндеті тұр. Еуразиялық логистикалық парк қойма ғана болып қалмай, стратегиялық серіктес, бизнес үшін және жалпы аймақ экономикасы дамуының катализаторына айналатыны сөзсіз, – деп сөзін түйіндеді ол.
Салтанатты құттықтаулардан кейін нышанды түймені басу арқылы нысан ресми түрде ашылды. Сауда және интеграция вице-министрі Айжан Бижанова, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев және нысан иесі Роман Жужлев рәсімді атқару құрметіне ие болды.
Шара соңында ресейлік алғашқы жалға алушы – «Нойтэк» компаниясымен әріптестік жөнінде меморандумға қол қойылды. Қатысушылар жаңа нысанның аумағына экскурсия жасап, серіктестер мен билік өкілдері бейресми жағдайда емін-еркін пікір алмасты.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы




