Елдегі этносаралық келісім мен қоғамдық бірлікті нығайту – мызғымас мемлекет тірегінің кепілі. Ал бұл ауқымды нәтижеге қол жеткізу кішкентай қадамдардан құралатыны хақ. Осы орайда Еңбекшіқазақ ауданындағы «Қоғамдық келісім және даму орталығы» Қазақстан халқы Ассамблеясының «Біртұтас қоғам: келісім және сенім» жобасы аясында колледж студенттерімен «Тамырын тереңге жайған татулық» атты мәнді-мазмұнды кездесу өткізді.
Еңбекшіқазақ ауданындағы Есік жоғары медицина колледжінде өткен кездесудің құрметті қонағы – Қазақстанның қоғам қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, «Парасат» және ІІ дәрежелі «Достық» ордендерінің иегері, Алматы облыстық әзербайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы Асылы Осман болды.
Жастармен жүздескен Асылы Әлиқызы бесіктегі бала тәрбиесінен бастап, қоғамдағы әр азаматтың ел мен жер алдындағы жауапкершілігі, этностар арасындағы өзара келісім мен сенім, татулық пен ынтымақ, сыйластық пен бірлік жайында ой қозғады.
«Жеке бастың мүддесі ешқашан да татулық пен бірліктен жоғары тұрмауы керек. Бірлік – ел дамуының, экономиканың алға басуының басты шарты. Ал біздің еліміздегі ұлтаралық татулық, кеңдік, бірлік, ынтымақ – бәрі‑бәрі қазаққа тән дархандықтың көрінісі. Береке-бірлігі жарасқан Қазақстан өзге елдерге шын мәнінде үлгі бола алады. Бәріміз осы береке‑бірлігімізді сақтап, оны ары қарай дамытуымыз, берік ұстауымыз керек», – деді Асылы Осман.
«Этносаралық татулық туралы ой қозғалған бұл кездесуді Есік жоғары медицина колледжінде өткізуіміз де бекер емес. Мұнда қазақ ұлтынан бөлек, 16 этнос өкілінің балалары білім алып жатыр. Бәрі де тату-тәтті, бір қолдың саласы, бір үйдің баласындай бірлікте. Бұған бүгінгі кездесу барысында тағы бір көз жеткіздік», – дейді Еңбекшіқазақ ауданындағы Қоғамдық келісім және даму орталығының басшысы Зинахан Қырғызбайқызы.
«Тас мұқалып құм болады, темір тозады, адам өмірден озады, ұлттың бүгінін ертеңіне сабақтастыратын көкейдегі сөз бен таңдайдағы тіл ғана. Ана тілін білмеген қыз бала ана болып жарытпайды. Ана тілімізді меңгеруіміз керек. Сонымен қоса қазақтың жерінде, қазақтың елінде тұрғандықтан қазақтың тіліне құрмет – туған елге, оның негізін құрайтын халыққа құрмет екенін ескеруіміз керек. Қадым замандардан бері жан баласын жатсынбайтын қасиетімен дараланған ел иесі – қазақ қандай құрметке де лайық. Қазақтың наны тәтті де, тілі жаман ба?! Олай емес, қазақтың нанын жеген адам тілін де үйренсін!» – деген Асылы Әлиқызы қазақ тілінің бай мазмұнына да тоқталып өтті. Сонымен қатар жастардың сұрақтарына жауап беріп, өмірлік мол тәжірибесімен бөлісті.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Еңбекшіқазақ ауданы




