Қаскелең қаласындағы Мәдениет үйінде мемлекеттік қызметшілердің қатысуымен кеңейтілген жиын өтті. Шараны ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті Қарасай ауданы әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырды.
Шараның басты мақсаты – қоғамда әділдік қағидаттарын нығайту, мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін арттыру және құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмысын күшейту.
Жиын барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрсұлтан Сейдалиев жемқорлыққа қарсы жұмыстың қатаң жауапкершілікті, қоғамдық бақылауды, сондай-ақ адалдықты насихаттауды қамтитынын атап өтті. Қоғамда да, мемлекеттік қызметшілер арасында да сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастырудың маңыздылығын түсіндірді. Сондай-ақ жемқорлық үшін қылмыстық, әкімшілік, азаматтық-құқықтық және тәртіптік жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
Қазақстан психологтар қоғамының мүшесі, республикалық деңгейдегі тренер, «One Stop Service» әйелдер мен балаларды қорғау пилоттық жобасының қатысушысы, «Human rights lawyers» қоғамдық қорының психологы Жеңісгүл Қабаева мотивациялық сипаттағы семинар-тренинг өткізді. Сонымен бірге ол мемлекеттік органдар қызметкерлерінің этикалық мәдениеті мен жауапкершілігін арттыруға бағытталған практикалық кеңес берді.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлнар Молдамсейітова 2025 жылға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орындау аясында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жүргізілген жұмыстың нәтижесімен таныстырды.
Аудан әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбек сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту және мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттыру жөніндегі шараларға тоқталып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың бір қадамы ретінде мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысын көтеру мәселесін алға тартты.
Жиын барысында қатысушылар тарапынан да сұрақтар қойылды. Бұл басқосу пікір алмасуға және құнды ұсыныстар айтуға мүмкіндік берген ашық диалог үлгісі болды.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы
