Бұл мақаламызда тіл меңгерудегі коммуникативтік әдістің мәні, оны ағылшын тілін оқытуда қолданудың негізгі ерекшеліктері мен артықшылықтары, сонымен қатар мұғалімдерге арналған әдістемелік ұсыныстар қаралады.
Қазіргі қоғамның даму динамикасы оқушылардан функционалды сауаттылықты, өз ойын еркін жеткізе алу қабілетін талап етеді. Ағылшын тілі – халықаралық қарым-қатынастың басты тілі, сондықтан оны оқыту әдістері заман талабына сай болуы керек. Коммуникативтік әдіс – тілдік құзыреттілікті қалыптастырудың ең тиімді жолдарының бірі. Коммуникативтік әдіс Ж.Пиаже, Л.Выготский, Д.Хаймс, М.Канале және Свейн зерттеулеріне сүйенеді. Бұл әдіс бойынша тіл үйренушінің негізгі мақсаты – тілдік ережелерді білу емес, сол білімді қарым-қатынаста қолдана білу.
Коммуникативтік құзыреттіліктің құрамдас бөліктеріне лингвистикалық құзыреттілік (лексика, грамматика, фонетика), социолингвистикалық құзыреттілік (әдеп нормалары, әлеуметтік рөлдер), дискурстық құзыреттілік (логикалық және байланысқан мәтін құру) және стратегиялық құзыреттілік (қиын жағдаяттан шығу тәсілдері) кіреді. Коммуникативтік әдіспен оқыту оқушы тұлғасына бағытталады, оқушы сабақтың пассив тыңдаушысы емес, белсенді қатысушысы болады, сонымен бірге іс-әрекетке негізделген тапсырмалар беріледі.
Тіл әрекет арқылы үйретіледі. Оған ақпарат алмасу, интервью, рөлдік ойындар жатады. Табиғи ортада тіл қолдану да жақсы әдіс ретінде танылады. Онда сабақ шынайы қарым-қатынас алаңына айналады. Жұптық және топтық жұмыстар ұйымдастырылып, оқушылар бір-бірімен еркін тілдесіп, сөйлеудегі қорқыныш жоғалады.
Тағы бір маңызды дүние – қате жасаудан қорықпау принципі. Есіңізде болсын, қате – дамуға апаратын табиғи қадам.
Ағылшын тілін коммуникативтік әдіспен үйреткенде оқушылардың сөйлеу дағдысы жылдам дамиды, сабақ қызықты әрі белсенді өтеді, тілдік орта жасанды емес, табиғи түрде құрылады, ынта артады және өзіне деген сенім күшейеді. Коммуникативтік әдісте рөлдік ойындар (Role-play), жоба жұмыстары (Project work), пікірталас (Debate), ақпарат алмасу тапсырмалары (Information gap), интервью (Interview), Storytelling – әңгіме құрастыру, Problem-solving – мәселені шешу тапсырмалары өте маңызды.
Мұғалім мұндай әдісте ақпарат беруші емес, модератор, кеңесші, бағыттаушы рөлінде болады. Оқытушы бұл уақытта тапсырмалардың дұрыс орындалуын қадағалап, оқушыларды ынталандыруға, сабақтағы қарым-қатынас атмосферасын қалыптастыруға назар аударуы тиіс. Ағылшын тілін тез үйретуде сабақта кемінде 70 пайыз сөйлеу әрекетін оқушыларға беру, тілді білу деңгейін өмірлік ситуациялармен бағалау, қате үшін жазғырмай, қателерді даму мүмкіндігі ретінде қарастыру өте тиімді әдіс саналады.
Қорытындылай айтсақ, коммуникативтік әдіс – ағылшын тілін үйренудің тиімді, нәтижелі және өмірге бағытталған әдісі. Ол оқушыны тек тіл үйренуші емес, еркін сөйлейтін, өз ойын жеткізе алатын тұлға ретінде қалыптастырады. Заманауи сабақта бұл әдісті қолдану – мұғалімнің кәсіби шеберлігінің маңызды көрсеткіші.
Жанар ТӘКЕН,
«Әл-Фараби атындағы №31 жалпы білім беретін орта мектеп»
КММ-нің ағылшын тілі пәні мұғалімі
Тұздыбастау ауылы,
Талғар ауданы




