Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның онлайн режимдегі төрағалығымен Алматы облысының әлеуметтік саласына қатысты жиын өтті. Отырысқа ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрлері қатысты.
Аталған отырыста ең алдымен денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер қаралды. Медициналық қызметтердің сапасы, алдын алу жұмыстары сөз болды. Жедел шешімді қажет ететін мәселелер қатарында кейбір медициналық нысандарда диагностикалық құрал-жабдықтардың жетіспеушілігі көтерілді. Облыста 2022–2025 жылдар аралығында денсаулық сақтау саласында 15 нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, 14 жаңа нысан пайдалануға берілгені айтылды. Аймақта халық денсаулығының негізгі көрсеткіштері бойынша оң динамика байқалғанымен, Үкімет тарапынан қолдауды қажет ететін бірқатар өзекті мәселелер де бар екені тілге тиек етілді.
«Негізгі міндет – өңірлік деңгейде медициналық қызметтердің сапасын қатаң әрі тұрақты түрде бақылауда ұстау. Жүйе азаматтардың көмекті кедергісіз, белгіленген стандарттарға сай алуын қамтамасыз етуге тиіс. Сонымен қатар салауатты өмір салты, вакцинация және МӘМС жүйесі мәселелері бойынша халықпен жұмысты күшейту қажет», – деп атап өтті вице-Премьер.
Білім беру саласына қатысты мәселелерді талқылау барысында бастауыш мектептердегі оқу сапасы, үш ауысымды мектептер жайы ортаға салынды. Облыс әкімі Марат Елеусізұлының айтуынша, 2022 жылдан бері 69 жаңа мектеп және 6 жапсаржай салынған. Сондай-ақ 55 мектеп күрделі жөндеуден өткен. Нәтижесінде соңғы үш жылда үш ауысымда білім беретін мектептердің саны 52-ден 28-ге дейін қысқарған. Биыл тағы 6 мектеп ашылып, 20 мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Алайда облыста жыл сайын 18 мың оқушы мектеп бітірсе, 35 мыңнан астам бала 1-сыныпқа қабылданады. Сол үшін үш ауысымды оқыту мәселесін шешу мақсатында республикалық бюджет есебінен мектептер салуды қаржыландыруды қарастыратын арнайы бағдарламаны әзірлеу қажет.
Отырыста оқу сапасы, кадрмен қамту және инфрақұрылымды жаңғырту мәселелеріне басшылық тарапынан бақылауды күшейту қажеттігіне назар аударылды. Аида Балаева жаңа нысандар құрылысымен қатар, бастауыш сыныптарда қалыптасатын базалық білім сапасының аса маңызды екенін алға тартты.
Жиында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы өзекті мәселелерге де мән берілді. Салалық министрлік өкілі Асқарбек Ертаев баяндамасында әлеуметтік көмекті біріздендіру, цифрлық құралдарды енгізу және деректер базасына негізделген шешімдерге көшу жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылды. Еңбек нарығының нақты көрінісін айқындау үшін жұмыс берушілерге сауалнама жүргізу қолға алынған. Осы деректер негізінде аймақ экономикасының қажеттіліктеріне сай колледждер мен жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаларын жаңарту көзделген.
Өз кезегінде Аида Ғалымқызы атаулы әлеуметтік көмек пен кадр даярлау жүйесін жаңарту жұмыстары қатар жүргізілуге тиіс екенін сөз етті. «Әлеуметтік қолдау нақты әрі мақсатты болуы керек. Ол үшін бізге еңбек нарығы мен әр сала бойынша сенімді деректер қажет. Сол деректерге сүйене отырып, кадр даярлау жүйесін, колледждер мен жоғары оқу орындарының бағыттарын экономиканың нақты сұранысына сай бейімдей аламыз»,– деді вице-Премьер.
Жоғары білім саласында кадр даярлау мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл ретте мамандарды практикалық бағытта даярлау мен білім беру бағдарламаларын өңірлік еңбек нарығының қажеттіліктерімен тығыз байланыстыруға басымдық берілуге тиіс екені алға тартылды. Сондай-ақ туризмді дамыту мәселелері жан-жақты талқыланды. Жақын арада өңірде туристік маусымға дайындық бойынша тексеру жүргізу қажет екені айтылды. Бұл ретте инфрақұрылым, өрт қауіпсіздігі, тамақтану орындарының жұмысы және навигация мәселелеріне басымдық беріледі. Сонымен қатар туристік имидж қалыптастыру мен қонақ күту қызметтерін белсенді дамытудың маңызы сөз болды. Туризм және мәдениет басқармалары біртұтас жоспар аясында жұмыс істеуге тиіс екені айтылды.
Жиынды қорытындылаған Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева денсаулық сақтау саласында қызмет сапасы мен қолжетімділігін бақылауды күшейту және әлеуметтік инфрақұрылымның дайындығын қамтамасыз ету, білім беру мен жоғары оқу орнында кадр даярлауды өңір қажеттіліктерімен байланыстыру, студенттердің өндірістік тәжірибесін және қолданбалы жобаларды нығайту сынды нақты тапсырмалар берді. Сонымен бірге, туризм саласында маусымға дайындықты тексеріп, өңірді дамыту жұмыстарын жандандыру, мәдениет саласында кітапхана қорларын жаңартуға басымдық бере отырып даму жоспарын әзірлеу, креативті индустрия бойынша өңірлік хабтардың жұмысын үйлестіруді күшейтіп, этнография бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет екенін баса айтты.
Жиын соңында Марат Елеусізұлы отырыста әлеуметтік саланың барлық негізгі бағыттары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен өзекті мәселелер жан-жақты қаралғанын жеткізді. Өңірде нақты бірлесіп атқаратын жұмыстар әлі де жеткілікті екенін сөз етіп, алдағы уақытта орталық мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдармен және салалық құрылымдармен үйлесімді жұмыс жүргізілетініне сенім білдірді.
Ерзат АСЫЛ




