Қарасай ауданының Бекболат ауылында елдің есінде қалатындай жақсы жаңалық болды. Ол – Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, марқұм Әбікен Боздақовтың атына ардақталып, арнайы берілген көше.
Ақиқатқа жүгінетін болсақ, тілімізге тиек етіп отырған кейіпкеріміз Әбікен Боздақов 1908 жылы осы Қаскелең өңірінде дүниеге келген. Атқарған жұмыстары да айтулы. Сол кездің өзінде-ақ көзінің ашықтығымен, көкірегінің ояулығымен өзін таныта білген. Тарихта қалған ашаршылық жылдарында да жан-тәнімен араша түсіп, талай тағдырларды арашалап қалған. Оның артында қалған ізіне қарасақ, көп жайға қанығамыз. Ол соғысқа дейін саналы түрде талай отандық қызметті табандылығымен тамаша атқара білген. Отызыншы жылдардың өзінде Жамбыл ауданындағы мектеп-интернаттың директоры қызметін атқарған. Сол жылдардағы аштықта талай қазақ баласын құтқарып қалғанын тарих беттері дәлелдей алады.
1941 жылы ҚазПИ-дің тарих факультетін бітіреді. Кейін соғыс басталып, қиян-кескі ұрыстарға араласады. Әбікен Боздақов сол бір басынан кешкен шайқастарда нағыз ержүрек майдангер ретінде танылады. 1944 жылдың аяғында ауыр жараланып, елге қайтады. Бейбіт өмірде де еңбекке белшеше кіріседі. Зейнеткерлік демалыста болса да, 1974 жылға дейін ұстаз және мектеп директоры қызметтерін абыроймен атқарады. Ол 90 жасында 1998 жылы дүниеден өтеді.
Отан үшін от кешкен Әбікен Боздақовтың жаралы жылдар кезінде еңбегі еленбей қалған кезі жоқ. Жауынгерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен және ондаған медальмен марапатталады. Ал бейбіт өмірдегі алған марапаттарының өзі бір төбе деп айтуға түрарлық. Соның ішінде жиналған көпшілік Әбікен Боздақовтың атына Бекболат ауылынан көше аты берілгені үлкен марапаттың бірі әрі ерлігінің ескерілгені деп қабылдады. Бұл көшенің атын алу оңайға соққан жоқ. Бұған Бекболат ауылының әкімі Елдос Мұқатаев пен ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Бақытжан Әлменбетовтің табандарынан таусылып, ерен еңбек сіңіргенін ел-жұрт жақсы біледі.
Ардақты соғыс және еңбек ардгерінің атына берілген көшенің тұсаукесері де салтанатты жағдайда өтті. Онда абыройы асқақ ардагерлер қауымы атынан Қарасай аудандық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары Серік Бертайұлы сөз алып, ақ ниетті тілегін айтты. Сол сияқты Әбікен Боздақовтың артында қалған ұрпақтары Сырым Боздақов пен Амангелді Естаев, Данияр Таймерденовтер ел-жұртқа ақ ниетті алғыстарын айтып, ағынан жарылды. Бұл қуанышты күн ауыл тұрғындары үшін ұмытылмастай есте қалды.
Қанат ТӘКЕБАЕВ
Бекболат ауылы,
Қарасай ауданы




