Астанада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы кезекті отырысы бүгін де жалғасты. Комиссияға жетекшілік етуші Конституциялық соттың төрағасы Эльвира Әзімова Конституциялық реформаның басты мақсаты мен міндеттерін жиналғандарға таныстырып өтті.
Оның айтуынша, Конституциялық комиссияның алдында айрықша міндет тұр-бір жағынан конституциялық құрылыстың іргелі қағидаттарын сақтай отырып, екінші жағынан заманауи сын-қатерлерге қатысты өз ұстанымымызды лайықты түрде айқындауға мүмкіндік беретін Ата заңның тиісінше теңгерімін қамтамасыз ету. Жұмыс тобы ұсынған жаңашылдықтардың ішінде Құрылтайдағы
депутаттар санына қатысты шешім де қолдауға лайық. Пікірталастарды ескере отырып, кәсіби әрі тиімді Парламент қалыптастыру мақсатында Құрылтай құрамын 145 депутаттан құру ұсынылды. Бұл шешім заң шығару органының сапалы әрі нәтижелі жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Жұмыс тобының мүшелерімен қатар, «Amanat», «Ауыл», «Respublica», «Ақ жол», «Қазақстан халық» партиясы, «Жалпыұлттық социал-демократиялық» партиясы және басқа да ұйымдар өз ұсыныстарын жолдағандығын Мемлекеттік кеңесші, Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қарин кеңес барысында айтып өтті. Парламент депутаттары, мәслихат төрағалары, БАҚ басшылары, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдардың, өңірлік қоғамдық кеңестердің, сараптамалық және ғылыми қауымдастықтардың өкілдері кірген комиссия құрамының алдағы атқарар жұмыстарына табыс тілеймін!
Марат Тақабаев
Райымбек ауданының Құрметті азаматы, ардагер-журналист




