Перейти к содержимому
Главная страница » АЗАТ – елдің ақсауыты

АЗАТ – елдің ақсауыты

     Елеулі оқиғаларымен ел жадында қалып, тарих қойнауына енген Жылан жылы Ұлттық ұлан үшін де жемісті болды десек, артық айтқандық болмас. Мемлекеттің қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолында ұландықтар өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарды. Әскери ант қабылдап, елге адал қызмет ету жолын таңдаған әрбір жас жауынгер тәртіпке бағынудың, жауапкершілікті сезінудің және нағыз азамат болып қалыптасудың мектебінен өтті.

Былтыр Ұлттық ұлан қатары айтарлықтай толығып, құқықтық тәртіп әскерінің сапына 14 мыңға жуық жас сарбаз шақырылды. Материалдық-техникалық базаны нығайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілді.
Әскери инфрақұрылымды жаңғыр­ту – сарбаздардың күнде­лікті қызметіне қолайлы жағдай жасау мен жауынгер­лік дайындық­ты күшейтудің басты тетіктерінің бірі. Осы орайда Ұлттық ұлан академиясының курсанттары мен Көкшетау қаласындағы 5510 әскери бөлімінің жеке құрамы жаңа заманауи казармаларға орналасты. Қызылорда, Алматы, Түркістан, Жезқазған және Орал мен Атырау қалаларында жаңа әскери қала­шықтар мен казармалардың құры­лысы жалғасуда. Бұл нысандар әскери қызметшілердің тұрмыстық жағдайын жақсартып қана қоймай, бөлімдердің жауынгерлік әзірлігін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Үлгілі қызметі мен жоғары тәртібі үшін 1300-ден астам сарбазға білім грантының табысталуы – әскери қызмет пен жеке дамудың қатар жүретінін айғақтайтын маңызды қадам. Сонымен қатар Ұлттық ұланның бірқатар әскери қызметшілері шетелдік әскери оқу орындарында білім алып, тәжірибе жинақтауда. Ресей, Түркия және Қытай елдерінде тағылымдама­дан өтіп жатқан 150-ден астам ұландықтың білімі мен кәсіби машығы болашақта әскеріміздің әлеуетін арттыруға зор үлес қоспақ.
Техникамен қамтамасыз ету сала­сында да оң өзгерістер орын алды. Ұлттық ұланның авиа­базасы жаңа техникалармен толық­­тырылып, олар жеке құрам­ның ұтқырлығын арттыруға және арнайы тапсырмаларды жедел орындауға бағытталды. Астана, Алматы, Түркістан Қарағанды қалаларында орналасқан әскери бөлімдерге жаңа қызметтік авто­көліктер табысталды. Алдағы кезеңде де әскери бөлімдерді бронды техникамен және заманауи көлік құралдарымен жабдықтау жұмыстары жалғасын табады.
Күнделікті қызмет барысында ұлан­дық сарбаздар мемлекеттік маңызы бар стратегиялық нысан­дарды тәулік бойы күзетіп, түзеу мекемелерінің қауіпсіздігін қамта­масыз етеді. Қоғамдық тәртіпті сақтау кезінде полиция қызмет­керлерімен бірлесіп, көшелер мен қоғамдық орындарда заңдылықтың сақталуын қадағалайды. Осындай қызметтің арқасында тұрғын­дар мен қала қонақтары өздерін қауіпсіз сезінеді. Сарбаздар адас­қан балаларды ата-анасымен табыстырып, жоғалған заттарды иелеріне қайтарып, кейде адам өмірін сақтап қалу жолында тәуекелге барады. Суицид жасауға әрекеттенген азаматтарды ажал­дан арашалап қалған оқиғалар ұландық­тардың адамгершілік пен батылдықты қатар ұстанатынын айқын көрсетеді.
Әскердің айбынын асқақтатқан маңызды оқиғалардың бірі – Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад. Салтанатты шеруде Ұлттық ұланның есептоптары мен әскери техникасы жоғары дайындық деңгейін паш етті. Қаз-қатар сап түзеген сарбаздардың нық қадамы мен біркелкі қозғалысы тәртіп пен кәсібиліктің символына айналып, көпшілікке ерекше әсер қалдырды. Жауынгерлік даярлықты жетілдіру мақсатында жыл бойы түрлі оқу-жаттығулар мен тактикалық сабақтар өткізілді. Ұлттық ұлан командирлері орынбасарлары­ның оқу-әдістеме­лік жиындары ұйымдас­тырылып, офицерлік құрамның басқару қабілеті мен тәжірибесі арттырылды. «Найза-Антитеррор», «Өрт», «Қарасора» сынды арнайы оқу-жаттығулар барысында жеке құрамның төтен­ше жағдайлар мен күрделі операцияларға дайындығы шың­далды.
Арнайы мақсаттағы бөлім­шелердің жетістіктері де айрықша атап өтуге лайық. «Бүркіттің» жауынгерлері халықаралық ареналарда ел намысын қорғап, кәсіби шеберлігін дәлелдеді. Шетелде өткен беделді жарыс­тарда жоғары нәтиже көрсетуі – қазақстандық арнайы жасақтардың дайындығы әлемдік деңгейге көтерілгенінің айғағы. Бір жыл ішінде арнайы бөлімшелер заңсыз әрекеттердің алдын алу және қылмыстық топтарды залалсыз­дандыру бағытында мыңдаған операцияға қатысып, қоғамдық қауіпсіздікті қамта­ма­сыз етуге зор үлес қосты.
Заманауи технологияларды енгізу де Ұлттық ұлан қызметінің маңызды бағытына айналды. Алдағы жылдан бастап әскери бөлімдерде дрон операторларын даярлау курстары іске қосылып, барлау мен қауіпсіздік шараларын күшейтуге мүмкіндік береді. Бұл – қазіргі қауіп-қатерлерге бейімделген, жаңа технологияларды тиімді қолдана алатын әскер қалып­тастыру жолындағы маңызды қадам.
Жеке құрамның әлеуметтік жағ­дайына да ерекше назар аударылды. Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығы әскери бөлімдерді аралап, сарбаздардың тұрмысы мен қызмет жағдайымен танысты. Асханалардағы тамақ сапасы жақсартылып, сарбаздардың күн­делікті мәзіріне қазақтың ұлттық тағамдары енгізілді. Бұл бастама жауынгерлердің моральдық-психоло­гиялық жағдайын нығайтуға бағытталған кешенді жұмыс­тардың бір бөлігі болды.
Ұландықтардың қызметі тек әс­кери дайындықпен шектелмейді. Көктем мезгілінде еліміздің бірқа­тар өңірінде орын алған су тасқыны кезінде Ұлттық ұлан сарбаз­дары төтенше жағдайдың алдыңғы шебінде болды. Құтқару және тосқауыл жұмыстарына белсене араласқан жауынгерлер жергілікті тұрғындарға көмек көрсетіп, халықтың алғысына бөленді. Бұл – Ұлттық ұланның бейбіт уақытта да ел мүддесі үшін қызмет ететінін көрсететін жарқын мысал. Сонымен қатар спорт пен өнер саласында да жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Әскери қызметшілердің жеңістері мен шығармашылық табыстары жеке құрамның беделін арттырып, рухын көтерді. Мұндай жетістіктер Ұлттық ұланның тек күш құрылымы ғана емес, жан-жақты дамыған, рухы биік ұжым екенін көрсетеді.
Қорыта айтқанда, өткен жыл Ұлттық ұлан үшін сындарлы да сәтті кезең болды. Алда жаңа міндеттер мен мақсаттар тұр. Қандай жағдай болсын, Ұлттық ұлан ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы жауапты қызметін табандылықпен жалғастыра бермек. Өйткені Отанға қызмет ету – ұландық­тардың басты борышы әрі мәртебелі міндеті.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ